Қазақ елі қайтадан Қытайды өз астығымен асырай бастады

2052

Сарапшылар елде бидай мен ұн қымбаттауы мүмкін деп отыр.  

Қазақ елі қайтадан Қытайды өз астығымен асырай бастады Фото: inbusiness.kz

Inbusiness.kz былтыр Қазақстан Үкіметінің шың еліне бидай жеткізуді тоқтатуға мәжбүр болғанын жазды.

Елімізден астық тасымалдаушы вагондармен өзіне ауыл шаруашылығы жүктерін жеткізуге Қытай екі жыл бұрын тыйым салып тастаған. Сонда контейнермен ғана тасымал қалып еді. Енді былтыр ҚХР оның да жолын тұсап тастады.

Дегенмен, таяуда Қазақстан шығыс көршісіне бидайды қайтадан астық тасымалдаушы вагондармен тұрақты түрде экспорттай бастайтын болады. Қытай тарапымен тәулігіне 1 жылжымалы теміржол құрамын қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп отыр. Ал 1 құрам 45 вагоннан тұрады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, нәтижесінде жұңғо еліне тәулігіне шамамен 3 150 тонна астық өткізілетін болады. Демек, айына 100 мың тоннадай қазақ бидайы Қытайға жол тартады.

Жалпы алғанда, Қытай қазақстандық астық экспортына тыйым енгізген емес, бірақ бейресми тосқауыл қойды. Қытай пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулерді сылтауратып, қазақстандық тауарға лық толы теміржол құрамдарын өткізуді кейінге ысыра бастады. Оның орнына мысалы, Еуропадан ағылған құрамдар кедергісіз өткен.

Eldala мамандандырылған ауыл шаруашылығы порталының дерегінше, салдарынан қазақстандық жүк тиелген кем дегенде 1 800 вагон Қытай бағытында, арғы бетте кептеліп тұрып қалды. Ол өнімдердің көбі шіріп, бұзылып кетті. Вагондардың біразы әлі күнге Қазақстанға кері қайтарылған жоқ және екі жылдан бері тұйықтарда қаңтарылып, тот басып, босқа жатыр. Салдарынан олардың иелері де айыппұл берешегіне батып, күн сайын шығын шегіп жатқан көрінеді.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арқылы отандық тауар өндірушілердің Қытайда бұғатталып қалған жүктерін қайтаруға күш салды. Жұмыс соңына дейін жеткізілмегенге ұқсайды.

Биылғы жыл басында Бейжің "Нөлдік COVID" (Zero-COVID Policy) саясатынан негізінен бас тартты. Кедендері толыққанды жұмыс істеуге кірісті. Бұл былтыр толық дерлік доғарылып қалған астық жеткізілімдерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. 

Халқы негізінен, күрішті көп тұтынатынына қарамастан, кондитерлік өнімдерде және тамақ өнеркәсібінде кең қолдану арқасында Қытай бидайды импорттайтын әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі саналады. Өзі өсіргені сыртында жыл сайын сыртқы нарықтан 10 миллион тоннаға дейін бидай сатып алады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның жыл бойы өндірген бүкіл астығының экспорттық бөлігін Қытай жалғыз "жеп қоя" алады.

Дегенмен, "Астық Транс" компаниясының басқарма төрағасы Санжар Елубаев отандық астық экспортын әртараптандыру үшін Қытай нарығының ашылуын маңызды санайды.

Өйткені соңғы жиырмажылдықта Ресей салықтарды күрт арттыру тәсілімен өз аумағы арқылы қазақ астығының Еуропаға және өзге елдерге өтуіне тоспа құрды, салдарынан қазақ егіншілері мен трейдерлеріне жалғыз Орталық Азия нарығы ғана қалды. Ол нарықтан да бүгінде Ресей ығыстырып шығаруда.

Басқа өткізетін баламалы нарық қалмай бара жатқандықтан отандық экспорттаушылар орталықазиялық елдерге лап қойды. Содан осы аймаққа қызмет көрсететін Сарыағаш станциясына алапат ауыртпалық түсіп жатыр. С.Елубаев кептелістерді мейлінше азайту үшін "Астық Транстың" жеткізілімдер схемасын әзірлегенін жеткізді. Бірақ баламалы бағыт пен нарық ашылмай, жағдай тек күрделене беруі мүмкін.

Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары-Сауда және интеграция министі Серік Жұманғариннің тапсырмасымен, Достық–Алашанькоу станциясы арқылы Қытайға астық тасымалдаушы вагондардың алғашқы сынақ партиясы жолданды. Ол табысты өткеннен кейін мұндай жөнелтілімдерді енді тұрақты жолға қою туралы шешім қабылданыпты.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы осы аптада ҚХР-ға мамыр айында бидай жеткізу бойынша экспорттаушылардан өтінім қабылдауды аяқтапты.

Атап өтетін жайт, бұл жеңілдік тек бидайға ғана қатысты. Ауыл шаруашылығы дақылдарының басқа түрлері бұрынғыдай тек қана жабық контейнерлермен жөнелтілуге тиіс. Әйтпесе, ҚХР қабылдамайтын көрінеді.

Қытайдың бұл талабы қазақстандық өндірушілерді шығынға батырып отыр. Себебі "зерновоздармен" тасымал контейнерлерге қарағанда екі есе арзан тұрады. Әрі контейнерлер үнемі жетіспей жатады. Сондықтан трейдерлер Үкіметтен келіссөз жүргізіп, астық тасымалдаушы вагондарға қойылған тыйымды ҚХР-дың алып тастауына қол жеткізуді сұрауын жалғастыруда.

Сонымен бірге тағы бір түйткілдің құлағы қылтияды. Қытай нарығының қайта ашылуы және арзанқол ресейлік астықтың автокөлікпен импортталуына тыйым салу Қазақстанда алда бидай бағасының күрт өсуіне түрткі болмақ. 

Әйтпесе, елімізде бидай бағасы әр тоннасы үшін 75–85 мың теңгеге дейін құлдыраған еді. Енді фермерлер баға 120 мың теңгеге дейін қымбаттайды деп күтіп отыр.

Өз кезегінде бұл ұнның, кондитерлік тағамдардың, ең бастысы нанның қымбаттауына соқтыруы ықтимал.  

Диірменшілер тағы дабыл қағып жатыр: ұн өндіруші кәсіпорындардың мәліметінше, фермерлер былтырғы астығын сатуды доғарып, үзіліс алды. Олар өнімін баға жоғарылаған соң өткізуге ниетті екен. Себебі негізінен жүк көліктерімен тасқындап жатқан ресейлік астыққа тыйым салынса, онда нарықтағы өнім айына 400 мың тоннаға кеміп қалады. Әрине, елде астық тапшылығы жоқ, бірақ ұсыныстың осынша азаюы және ҚХР тарапынан сұраныстың артуы бағаны биікке жетелейтін болады. Бұл – нарық пен демократия заңы.

Трейдерлердің бағалауынша, сонда тіпті 3-ші сыныпты бидайдың бір тоннасының құны 120 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

Ұлттық статистикалық бюроның дерегінше, 2023 жылғы қаңтарда Қазақстанда 11,3 миллион тонна азық-түліктік бидай қалыпты.

Бұл ретте Қазақстанның өз ішкі нарығы жылына шамамен 5,1 миллион тонна бидай тұтынады. Осыдан қанша млн астықты сыртқа экспорттауға рұқсат еткен жөн екенін бағамдауға болады. Мұнда күзде жаңа астық толысып, пісетінін және Ресейден теміржолмен астық тасыла беретінін ескерген жөн. Қазақстандық диірмен кешендері мен құс өсіруші шаруашылықтардың көбі теміржолмен импортталатын ресейлік астықты қолданатыны белгілі болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу