Қазақ-қырғыз шекарасында не болып жатыр?

13803

Сауда министрлігі Қырғызстан шекарасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді 

Қазақ-қырғыз шекарасында не болып жатыр?

Алатауды қоңсы қоныстанған қазақ пен қырғыз шекарасындағы дау бір жылға созылып кетті. Даудың басы – жүк тасымалындағы көлеңкелі жолдар. Қазақстанның қырғыз көліктеріне электронды пломб қою туралы талабы айырқалпақты ағайынның шымбайына батып отыр. Арадағы даудың ушыққаны сонша, Қырғызстан өкілдері бұлай жалғаса берсе, Еуразиялық экономикалық одақтан шығамыз деген мәлімдемелер жасай бастады.Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі осы жағдайға байланысты кең көлемді ақпарат таратты. 

"Жалпы Қырғыз Республикасы бір жылдан аса қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай туралы мәселені қайта-қайта ушыға көтеруде. Осы уақытқа дейін Қазақстан көршілерді жүктердің жылжуының ашықтығын цифрлық технологияларды қолданып, ақпарат алмасу, жүк көліктеріне электрондық бітеме қолдану және басқа тәсілдер арқылы кешенді түрде шешуге шақырған. Бәрі сәтсіз болды", – деп басталады министрліктің түсіндірмесінде. 

Ведомствоның дерегі бойынша, 2019 жылдың басынан биылғы маусымға дейін  қазақ-қырғыз шекарасы арқылы Қазақстан-Ресей бағытында 80 мыңға жуық жүк автокөлік өткен. Оның ішінде 1547 көлік жіті тексеруге жіберіліпті.Нәтижесінде Қазақстанның салық заңнамасына қайшы 1505 жағдай әшкере болған. Әсіресе, тауардың діттеген орнын өтірік көрсету, ілеспе құжаттар мен жүктің бір-біріне сәйкес келмеуі сияқты заңсыздықтар жиі кездесіпті. Осылайша жүк тасымалдаушылар 5 млн доллар көлемінде салықтан жалтармақ болған. 

Сауда министрлігі ресми Бішкек бұл кемшіліктерді мойындап, тиісті шара қабылдаудың орнына Қазақстанның талабын қолдан жасалған кедергі ретінде көрсетуге құлықты екенін айтады. 

"Бішкек Нұр-Сұлтанның конструктивті ұсыныстарына құлақ аспай отыр. Әріптестеріміздің бұл әрекеті "Қырғызстан осы арқылы Қытайдан ЕАЭО аумағына халық тұтынатын тауарларды заңды жолмен жылжытуды тиімсіз санап, адал ынтымақтан әдейі бас тартып отыр" деген күдікті қоюлата түседі. "Ақпараттық шабуылдар, шекара мәселесін одақ аясынан шығып Дүниежүзілік сауда ұйымы деңгейіне шығару осыған дәлел" деп жазады министрліктің баспасөз қызметі. 

Жалпы қазақ-қырғыз шекарасынан тауар алып өту тәртібі 3 маусымда қайта бекітілген болатын. Сол тәртіп бойынша  бекеттердің өткізу қабілетіне сәйкес бір уақытта 20 автокөлік тексерістен өте алады. Шекараның қазақстандық бөлігінде бақылау жүргізу 20-22 минутты алады. Оның 3-5 минуты салықтық бақылау үшін құжаттарды сканерлеуге кететін көрінеді. 

"Соңғы айларда шекарада көліктердің көптеп қаңтарылуына обьективті себептер бар. Пандемияға қарамастан, Қазақстан жүк тасымалына арналған бекеттердің бәрін жапқан жоқ. Тек санын азайтты. Эпидемиялогиялық жағдайдың жақсаруына байланысты жақын арада барлық өткізу бекеттері жанданады. Мәселен, бүгіннен бастап "Сыпатай Батыр" өткізу бекеті өз жұмысын бастайды", – делінген ресми мәліметте. 

Ведомство өкілдерінің айтуынша, шекарадағы кептеліске жеміс-жидек тасымалының артуы да себеп болған. 

"Өткен жылдың мамыр айында 7 өткізу пункті арқылы 5 589 автокөлік өтті. Өткізу бекеттерінде орта есеппен 60-70 көлік жиналатын. Биыл мамыр айында карантиндік шектеулерге байланысты 2 өткізу пункті ғана жұмыс істеді. Бұл бекеттер арқылы 4 261 автокөлік өткен. Соның салдарынан кей күндері 500-ге дейін көлік жиналып қалды. Мұндай кезде бірінші кезекте жеміс-жидек пен басқа да тез бұзылатын өнім әкеле жатқан көліктер өтетінін ескеру керек", - деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Дәл осындай жағдай Қырғызстанның тікелей өткізу пунктерінде де орын алғанға ұқсайды. 

"Қырғызстан мамандары шекарадан шығатын көлік жүргізушісін CОVID-19 инфекциясына жедел-тестілеуден өткізіп, сауалнама алды. Сондай-ақ. көліктерді санитарлық өңдеуден өткізді. Мұның бәрі уақыт алатыны түсінікті. Қазақстан тарабы жүргізушілерге сауалнама жүргізумен шектелді. Рәсім шекаралық тексеру кезінде жүргізіледі және қосымша уақыт алмайды. Ал ауруға қатысты ПЦР-тест алу Қазақстан аумағына өткеннен кейін жасалады", - деп ақталады министрлік өкілдері. 

Министрлік мамандары таратылған ақпаратта Қазақстан екі арадағы тауар тасымалына ешқандай кедергілер қойып отырмағанын мәлімдеген. 

"Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы екі рет қарады. Бірақ Қазақстанның тарабынан кедергі бар деген шешім шығарған жоқ", - деп жазылған ресми ақпаратта.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу