Қазақ қызы Олимпиада чемпионы атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
6699

Динара Талғатқызы Әлімбекова – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы!

Қазақ қызы Олимпиада чемпионы атанды Фото: sport.tut.by

Алайда... Динара Қазақ елінің емес, нағашы жұртының намысын қорғап, Олимпиада чемпионы атанды. Биатлоннан әйелдер арасындағы эстафета жарысында Беларусь құрамасы теңдессіз шықты. Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және әйгілі Дарья Домрачева Пеңшаң Олимпиадасында бірінші орынға ие болды.

Осы төрттіктің сапындағы Динара – қазақ қызы. Әкесі – қазақ, аты – Талғат. Шешесі – беларусь. Әлімбекова 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі Абайда дүниеге келген. Иә, иә, әйгілі боксшымыз Серік Сәпиевтің туған қаласында. Бірақ үш жасында отбасымен Беларусь еліне көшіп кетіпті. Сол елде спортпен айналысқан. Әуелі шаңғымен жүгіру спортына барып, кейіннен биатлонға ауысқан. Өнер мектебінде де оқыған, фортепианода да ойнайды.

2015 жылы өз елінде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтынмен апталған. Онда да эстафета жарысында топ жарған. Анна Сола және Дарья Блашко үшеуі үздік шыққан болатын. Бір сөзбен айтқанда, Динара – командалық сында құрбыларын жерге қаратпайтын қайсар қыз.

Кореяда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы эстафета өте тартысты өтті. Динара үшінші кезеңде жүгірді. Оның алдында сынға түскен Ирина оған эстафетаны бесінші болып тапсырды. Беларусь құрамасының бапкерлері өте қатты қобалжыды. Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отырған Динара әлемнің маңдайалды үздіктерімен тайталаса ала ма, жоқ па?

Енді ше... Ауа-райы өте қолайсыз болып, нысана көздеуде небір үздік биатлоншы қыздар мүлт кетіп жатты. Ал Динара жарады. Бапкерлер сенімін асыра ақтады. Өзінің Әлия мен Мәншүктің отанынан шыққан мерген қыз екендігін паш ете білді. Рас, қосалқы үш оғын қолданды. Біресе жел тұрып, біресе қар жауып, қыздардың жүйкелері сыр бере бастады. Әлімбекова да жатып атуда екі рет, түрегеп атқанда бір рет мүлт кетті. Бірақ қосалқы оқтарымен жамбының бәрін жапты. Көп уақыт жоғалтқан жоқ.

Ең бастысы, Домрачеваға эстафетаны көшбасшылармен иық қағыстыра тапсырды. Мұндай мүмкіндікті тәжірибелі Дарья мүлт жібере қойсын ба?! Нысананы жатып көздеуде-ақ өзгелерден қара үзіп кетті. Екіншісінде ол да қосалқы үш оғын қолданды. Бірақ сыр бермеді. Көмбеге бірінші болып жетті. Өкшесін басқан Франция және Швеция қыздарына жеткізген жоқ.

Сөйтіп, Беларусь құрамасы сапында Динара да Олимпиада чемпионы атанды. Дәл осы эстафетаға Қазақстан құрамасы да қатысқан. Алайда құрамында бірде-бір қазақ қызы жоқ ҰЛТТЫҚ құрамамыз 14-орынды қанағат тұтты (барлығы – 18 құрама). Біздің елдің намысын Галина Вишневская, Дарья Климина, Алина Райкова және Ольга Полторанина сынды спортшылар қорғады.

Бұған дейін бізде Олимпиада чемпионы болған қазақ қызы жоқ болатын. Қысқы Олимпиада тұрмақ, жазғы Олимпиаданың өзінен қыздарымыз жүлде ала алмай, ұзақ жүрді. Тек, осыдан екі жылдай бұрын, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында ауыратлет Жазира Жаппарқұл күміс медаль олжаласа, боксшы Дариға Шәкімова мен балуан қыз Эльмира Сыздықова қола жүлде еншілеп қайтқан.

Жасырып қайтеміз, "Қазақ қыздары ішінен тұңғыш рет кім Олимпиада чемпионы болар екен" деп, сарыла күтіп жүргенімізге көп болған. Еліміз егемендік алғалы бірнеше Олимпиада ойындары өтті. Соның бәрінде елеңдеп, қыздарымыздың жолына үңіле қарап отырдық. Тал шыбықтай мың бұралған көркемгимнасшы қызымыз Әлия Юсупованың кезінен бергі асқақ арманымыз еді.

Енді, міне, ойламаған жерден осы жетістіктің де куәсі болып отырмыз. Бағың жансын, Динара! Қазақ елі сені өз қызындай көреді. Тарихи отандастарың кешеден бері бір-бірінен сүйінші сұрап, "ақтүйенің қарны жарылды" деп мәре-сәре болып жатыр.

Маруан Түсіп   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу