Қазақ тілін мазақ еткендер жазаланбайтын болды

16062

Әділетті Қазақстан қазақ тілділердің кемсітпеуге қол жеткізсе, ең үлкен жеңісі сол болар еді.

Қазақ тілін мазақ еткендер жазаланбайтын болды Фото: google.com

Таяуда әлеуметтік желіде тараған мемлекеттік тілге қатысты әжуа видео Қазнетті пайдаланушылардың бір бөлігінің ашу-ызасын туғызған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Ал белгілі қоғам белсендісі Мұсағали Дауылов мұны мемлекеттік тілді қорлау деп танып, құзырлы органдардан соған айыптыларды жауапқа тартуды сұрады. Жауап енді келіп отыр. 

"Инстаграм әлеуметтік желісіндегі tamasha.gaz аккаунты әлеуметтік менмендікті насихаттайтын, қорлайтын және жала жабатын роликті таратты. Бұл жерде ол қыз қазақша пернетақта орнатуды насихаттап тұрған жоқ, қазақ тілінің сөздері орыс тілінде былапыт сөзге ұқсап кететінін мысқылдап тұр. Бұл тәрізді мәлімдемелер мен үндеулер, әсіресе, сол үшін БАҚ пен телекоммуникация желілерін пайдалану Конституцияда тыйым салынған және ел заңнамасына сәйкес жауапқа тартуға жатады", – деп жазды М.Дауылов өз шағымында.

Айтқандай, зағиптығы бойынша мүгедек Мұсағали Дауылов көзі көрмейтін азаматтар үшін смартфондағы қазақша пернетақтаны қазақша дыбыстату қажет деп, көптен мәселе көтеріп келеді. Тыңдар құлақ жоқ. Себебі, орыстілділер соқыр болып қалса, осы технология көмегімен ары қарай ұялы телефонын пайдалана алады. Ал қазақ тілділер көру қабілетінен айырылса, орыс тілін үйренуіне тура келеді.

"Қазақ тілінің айтылуын синтездеудің және мемлекеттік тілдің әліпбиі әріптерінің дыбысталуының болмауы кесірінен, мен смартфонымда қазақша пернетақта бола тұра, оны қолданып, қазақ тілінде мәтінді тере алмаймын", – деп М.Дауылов күрсінгенде көкірегі қарс айырыла жаздайды. Оған жоғарыдағы хатын жазуға туысқандары көмектесіпті. Яғни, оның айтуымен солар жазып, жолдаған. Оның ойынша, Әділетті Қазақстанда көру қабілетінен айырылған адамдар да абыройлы, лайықты өмір сүру құқығына ие болуы қажет.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оның арызын қарап, жауап қайырыпты.

"Министрлік өтініште көрсетілген материалға оның БАҚ саласындағы заңнама талаптарын сақтауына қатысты мониторинг жүргізді. Тексеріс нәтижесінде анықталғандай, Instagram желісіндегі "tamasha" парақшасында жарияланған видеоматериал КВН халықаралық одағының КТК (Көңілділер мен тапқырлар клубының) қазақстандық лигасында өнер көрсететін командалардың бірінің қойылымынан үзінді болып табылады. Аталған қойылым тек қана әзіл-сықақ сипатқа ие, қандай да бір заңға қайшы әрекеттерге шақырмайды және насихаттамайды. Осыған байланысты мониторинг қорытындысында министрлік тарапынан аталған материалда БАҚ саласындағы заңнама талаптарын бұзушылық, соның ішінде әлеуметтік астамшылықты насихаттау, қорлау және жала жабу анықталмады", – деп жауап берді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Жалпы, кез келген тілдегі сөз орыс тілінде бейәдеп сөзге айналып кетуі мүмкін екенін бірінші Президент те кезінде ескерткен еді. Атап айтқанда, 2017 жылғы 14 қыркүйектегі үлкен баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаев орысша ойлауды қою қажеттігін меңзей келе, кейбір сөздер орыс тілінде құлаққа ерсі естіледі екен деп, латыншаға көшпей қоюға болмайтынын жеткізгені есте.

Әзіл-әзілімен, бірақ әзірге мемлекеттік тілдің жағдайы жыларман күйде екені жасырын емес. Қарағанды облысының адвокаттар алқасының қызметкері Замзәгүл бірқатар ауданның әкімдігіне адвокаттық сұрауды қазақ тілінде жазса, оған жауап әкімдіктен орыс тілінде келетінін айтады. Ал заң бойынша жауап қазақша берілуге міндетті. Мемлекеттік органдардың өзі азаматтардың құқығын өрескел бұзып отырса, не амал бар?

Бұдан бөлек, қазіргі кезде қазақ тілділер Қазақстандағы мемлекеттік лицензиялары бар нотариустердің біразы құжатты орыс тілінде ғана рәсімдейтініне, ал мемлекеттік тілде құжат дайындамақ түгіл, дайын құжаттарды растаудан да бас тартатынына шағымдануын жалғастыруда. Бұл туралы Inbusiness.kz бұрын да мәселе көтерген болатын. Түйткіл әзірге шешімін таппағанға ұқсайды.

Елорда тұрғыны, тіл жанашыры Жандос Өстемір Ата заңымыздың 7-ші бабына және Тіл туралы заңының 4-ші бабына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік тіл – Қазақ тілі болып табылатынын еске салды. Заң бойынша, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында және қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.  

"Мен Астанадағы нотариус Г.Агибаеваға телефон арқылы хабарласып, зейнеткер әкемнің атынан сенімхат қажеттігін айтып, қызмет көрсетуін өтіндім. Оның сұрауы бойынша WhatsApp арқылы мерзімі өткелі тұрған ескі сенімхатты жібердім. Ол сенімхат мемлекеттік тілде дайындалған болатын. Оның үстіне әкем орысша түсінбейді. Алайда нотариус менің және әкемнің құқықтарын бұзып, сенімхатты мемлекеттік тілде беруден бас тартты. Ол сенімхаттың қазақша дайын мәтіні жоқтығын сылтауратты. Бұл қалай сонда? Жасы сексенге таяп қалған әкемді әбігерге салды. Сонда ол кісі орыс тілін білмегені үшін қысылуы керек пе? Мұндайларға тиісті шаралар қолдануы қажет", – деп ол Тіл саясаты комитетіне және Астананың Әділет департаментіне шағым жолдапты.

Жандос Өстемір қоғам белсендісі ретінде республиканың елді мекендерінде, әсіресе сыртқы көрнекі ақпараттарда "Тілдер туралы" заңының өрескел бұзылуы фактілерін анықтап, үнемі түрлі құзіретті мекемелерге шағым жазып тұрады екен.

"Алайда әкімдіктің Тілдер басқармасының жауаптарының ортақ түйіні түңілтеді: "Қазіргі уақытта басқарманың "деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру" бойынша құзыреті жоқ. Өйткені аталған тармақ 2018 жылы "Тіл туралы" заңынан алып тасталды. Осы себепті, басқарманың қала бойынша кәсіпкерлік субъектісіне бару арқылы жоспардан тыс тексеру және оның қорытындылары бойынша заңнама нормаларының талаптарын бұзатын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әкімшілік шаралар қабылдауды тіркеу өкілеттіктері жоқ" деп сырғытпа жауап қайырады. Уәкілетті органның тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыреті болмаған соң, ол кәсіпкерлік субъектілеріне орын алған бұзушылықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерді түзету туралы ұсыныспен ғана шектеледі. Алайда басым көпшілігінде ешқандай өзгеріс жасалмайды. Тілдер басқармасын ешкім тыңдамайды", – деп қапаланады Ж.Өстемір.

Оның пайымдауынша, заңдар орындалмаған соң, оны орындатарлық құзыреттер болмаған соң, тілге қатысты "түкіргендік" көзқарас қалыптасқан.

Мұның бәрі Әділетті Қазақстанда түзетілгені абзал. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу