Қазаққа Ассамблея қажет пе?

3086

Ел бірлігі – қазақтың орнықты мемлекеттілігінің ұстыны. 

Қазаққа Ассамблея қажет пе? Фото: assembly.kz

Қазақстан халқы ассамблеясының қаншалықты қажет екені туралы мәселе қоғамда әлі күнге қызу пікірталас туғызып келеді. Бұған бірінші кезекте ҚХА-ның өзі себепкер.

Алысқа бармай-ақ, таяуда Солтүстік Қазақстанда, Петропавл қаласында сепаратистер бас көтергенде, ассамблея ел бірлігі жолында жан сала күресіп, ең құрығанда күйіп-пісудің орнына тым-тырыс қалды. Дұрысы, әрине, бүкіл солтүстікқазақстандық бөлімшелерін көтеріп, қоғамдық пікірден дүмпу туғызуы, Қазақстан халқының бір екенін, оны бөлуге жол берілмейтінін жаһанға паш етуі керек еді.  

Олай болмады, Солтүстік Қазақстандағы жағдайға қатысты сөз төрелігінің тізгінін ресейлік пропагандистерге басыбайлы беріп қойды, олардың теріс қоғамдық пікіріне қарсы салмақ қалыптастырмады. Елде еркін таралатын көршінің идеологиясына ұйып құлақ түріп жүрген солтүстік өңірлердің жұртшылығына ақ жолды да ассамблея нұсқауға тиіс еді. "Осындай қарапайым міндетті атқара алмаса, біртұтас ұлт құру миссиясының жүгін қалай көтереді?" деп халық түңілуі кәдік.

Бірақ бір нәрсе анық: қазіргі ел басшылығы Қазақстан халқы ассамблеясынан бас тартпайды таратпайды.

Мұны ҚХА-ның "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты ХХХІІ сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев қадап айтты және бұдан басқаша ойлайтындарды "ұшқары, күмәнді" деп атады.

"Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде "Ассамблеяның қажеті жоқ" деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Ол – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр", – деді Қ.Тоқаев.

Президент тіпті ассамблеялықтарға "жаңа статус" берді: онда еңбек етіп жүргендерді "бірліктің елшісі", "бейбітшілік пен келісім идеясының құзыретті өкілі" деп бағалады. Тек олар осы биік бағаға лайық болсын.

Демек, тақырыпқа шығарылған сұраққа нүкте қойылды ма? Шынында, бұл мәселеге қатысты айтыс-тартыс жалғасуы мүмкін. Себебі қоғам ҚХА-дан конституциялық мәртебесі бар құзырлы орган ретінде бірлікті нығайтуда, соның ішінде сепаратизм көріністерімен тегеурінді күресте, оның алдын алуда, қазақ жерін жайлаған өзге этностарды ұлт құраушы қазақтың айналасында біріктіруде, қазақ тілін жаппай үйретіп, оны ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыруда тегеурінді қимыл, тиімді жоба, тындырымды іс күтеді.

Ол болмаса, "Елбасы институтының" кебін құшады: түңілген ел одан түпкілікті теріс айналады.

Саясаттанушы ғалым, профессор Лилия Зайниева ҚХА институтының қажеттігін айтады. Бірақ оның жұмысы жаңғыртылғаны, қызметі декоративті емес, қолданбалы жөн.

"Қазақстан түрлі этносқа, дінге жататын азаматтар арасында татулық, өзара түсіністік пен достықты нығайтуда бай тәжірибе жинақтады. Соның арқасында кез келген этностың өкілі кез келген қала мен ауылда өз өмірі мен денсаулығы үшін еш қорықпай, еркін жүре алады. Бұл көп елге бұйырмаған игілік. Бұдан айрылып қалмауға тиіспіз. Орыстілділер шоғырлана тұратын жерге қазақтар, қазақтар қалың тұратын жерге орыстар барудан қорқатын болса, елдің екіге жарылғаны сонда болады. Оған жол беруге болмайды, Қазақстан біртұтас, унитарлы мемлекет қой. Қазақстан этносаралық келісімнің төл моделін түзе алды. Бұл жай айтыла салған қыздыртпа қызыл сөз емес. Бірақ бұл моделдің олқы тұстары да бар, мысалы, қазақ тілін кемсітуге болмайды. Демек, ҚХА мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқаны абзал", – деді профессор.

Лилия Зайниеваның байламынша, кемеліне келтірілген Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі адами капиталдың сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Бұл үшін ол жас ұрпақтың бойында отаншылдық қасиеттерді баулуға да күш, жігерін бағыттауы қажет.

Саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдинов ассамблея қызметін жетілдіру керек деген пікірде.

"Шындап келгенде, бұл – әлемде баламасы жоқ бірегей институт. Оған маңызды, ізгі міндет жүктелген, яғни мақсаты бір – Қазақстанда ұлтаралық келісім мен бірлікті қалыптастыру, оны нығайту. Бұл миссиясын ол қал-қадари орындап келеді. Сонымен бірге оған қатысты қоғамдағы сынды да әділетті деуге болады. Мысалы, 2020 жылғы Қордайдағы қақтығысқа қатысты ҚХА тиімді қимылдады деуге болмайды. Өйткені бұл проблема бұрыннан пісіп-жетілді, оның алдын алу үшін не шаралар қабылданды? Жалпы, 2005 жылдан бері Қазақстанның әр өңірінде ұлтаралық жанжал болмағанымен, түрлі ұлт өкілдері арасындағы көптеген кикілжің болған. Ассамблея оның бәрін қалт жіберіп алды. Сондықтан ҚХА жұмыс тетіктерін жетілдіру, реформалау қажет", – деді саясаттанушы.

Бүгінде Президенті әкімшілігі ҚХА жұмысын жақсарту, оның қоғамдық құрылымдарының – этномәдени бірлестіктердің, аналар кеңесінің, ақсақалдар кеңесінің, "Ассамблеясы жастары" жастар қанатының, кәсіпкерлер қауымдастығының және басқа да құрылымдарының жұмысын жетілдіру жолдарын пысықтап жатыр. 2022 жылы ассамблеяны дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді.

Айтқандай, таяудағы сессияда "Вайнах" Қазақстан шешендері мен ингуштар қауымдастығының төрағасы Ахмед Мурадов бір елең еткізерлік жайтқа назар аудартты. Біріншіден, бірінші Президент кеткелі, оның тұсындағы идеологияға түзетулер енгізілді, біраз қоғамдық ұйым атауын өзгертті. Тек ҚХА ғана өз атауын өзгертпеген жалғыз ұйым болды. Екіншіден, саяси жаңғыру аясында іс басындағы Президент көшбасшы партияның Төрағасы лауазымынан бас тартты, бірақ Қазақстан халқы Ассамблея төрағасы болып қала береді. Яғни, ол ары қарай да осы институтқа сүйенбек.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұлтаралық келісімді балабақша, мектеп қабырғасынан бекемдеуге ниетті екенін жеткізді. Ол еліміздегі білім беру ұйымдарының құрамы көпэтносты екеніне екпін түсірді. Ал дәл осы білім беру мекемелерінде оқушылардың дүниеге көзқарасы, құндылықтары мен бағдарлары қалыптасады, үлкенді-кішілі қарым-қатынастың жеке тәжірибесі жинақталады.

Әрине, барлығын білім ұйымдарына арта салуға болмайды. Егер отбасында әкесі, шешесі қазаққа не өзге ұлтқа қарсы болса, бала да соған еліктеуі мүмкін. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген.

Ғани Бейсембаев баланың толеранттылық санасын қалыптастыруда отбасының және отбасындағы қарым-қатынас атмосферасы, ата-ана мен туыстар арасындағы қарым-қатынас үлгісі үлкен рөл атқаратынын еске салды. Шаңырақтағы тәрбие де этносаралық тағаттың қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді.

"Өз кезегінде білім беру ұйымдары тұрақты, позитивті және толерантты көпэтносты қауымдастықты қалыптастыру үшін ҚХА аймақтық құрылымдарымен және этномәдени бірлестіктермен тұрақты негізде ынтымақтастықта болуы қажет", – деп санайды министр.

Жалпы алғанда, елдегі саяси реформалар аясында ассамблея парламенттік өкілдігін сақтап қана қоймай, оның жаңа тетіктеріне ие болды. ҚХА ұсынысы бойынша Президент Сенаттың 5 депутатын өзге ұлт өкілдері арасынан тағайындайды. Бірақ олар өз этносының ғана қамын ойламай, Қазақстандағы барлық этностың мүддесін Парламентте қорғауы шарт. Бұл туралы Қ.Тоқаев айтты.

Бұдан бөлек, ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық құрылтайдың құрамына кірді. Олар жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделін ілгерілету жөніндегі құрылтайдың жұмысына өзіндік үлес қосуы қажет. ҚХА жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды орын алуға тиіс.

Президент дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп, аумалы-төкпелі заман орнағанда ҚХА жүгі де артатынын білдірді. Жаңа басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналды. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Бұл үшін Мемлекет басшысы тапсырғандай, әрбір қазақстандық, соның ішінде ассамблеяның әрбір мүшесі радикализм, экстремизм және сепаратизмнің кез келген түріне қарсы тұруға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу