Қазаққа Кастро неге жақын?

3823

Фидель Кастро соғыстан кейін-ақ қазақ батыры Бауыржан Момышұлын жоғары бағалады. Кастро қазақ үшін сонысымен де құнды.

Қазаққа Кастро неге жақын?

Қолымызға Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың Куба төңкерісінің көсемі Фидель Кастроның қайтыс болуына байланысты осы елдің Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Модесто Кастро Русқа және Куба халқына көңіл айтып жолдаған жеделхаты түсті.

Командантэ дүниеден өткенде, қазақ коммунистері "қайғырып жатқанын" хабарлаған болатын. Ал "қызылдарға" үш қайнаса сорпасы қосылмайтын "ұлтжанды қалаулының мұнысы несі?" деп ойладық.

Жеделхатта Бақытбек Смағұл ауған соғысы ардагерлері мен өз атынан көңіл айта келе, былай дейді (орысша жазылған, аударып беріп отырмыз).

"Фидель Кастро өмір бойы өз Отанына, өз халқына адал болды, еркін де тәуелсіз Кубаның мүддесі үшін кез келген құрбандық пен ерлікке дайын тұрды. Қазақ жұрты қазақтың ұлы қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының қаһармандығына жоғары баға бергені үшін Фидель Кастроға әрдайым риза. 1963 жылы сұхбат бере отырып, ІІ Дүниежүзілік соғыстың бас қаһарманы деп кімді айта алар едіңіз деген сұраққа, Кастро еш ойланбастан: "Волоколам тас жолы" туындысының қаһарманы, қазақ Бауыржан Момышұлын!" деп жауап берген.

Кейін Алматы мен Гаванада Фидель Кастро мен Бауыржан Момышұлының кездесуі өтті. Біз сондай-ақ Бауыржанның ерен ерлігі мен әскери өнері Кубада лайықты бағаланғанын да білеміз.

Нағыз батырлар бірін-бірі мойындайды, олардың ұлылығы да, ірілігі де осында! Бұл сондай-ақ жас ұрпаққа жақсы өнеге-үлгі, ұлағат.

Барлық қаһарманның ортақ бір қасиеті бар. Олардың барлығы өз Отаны үшін жүрегін жұлып берер патриоттар. Олардың ерліктері ұлт үшін ұлы мұра, асыл құндылық", – дейді Бақытбек Смағұл.

Abctv.kz порталы депутаттың өзінен түсініктеме сұраған еді.

Мәжіліс депутаты, ардагерлер ұйымының басшысы Бақытбек Смағұл осы арқылы халықаралық деңгейде Ұлы дала ұландарын ұлықтауға ұмтылғанын, қазақ батырының бүкіл әлемде жоғары бағаланатынын тағы да рет еске салғанын айтады.

Ол жау оғынан ықпай, қасқайып кеудесін тосқан батырларды пір тұтып, төбеге көтеру көнеден келе жатқан дала дәстүрі екеніне назар аудартты. Өзінің осындай ержүрек ұлдарын қазақ халқы алақанына салып, аялаған. Батырлар – қайрат-рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің діңгегі деп білген.

"Бұлардың қай-қайсысы болсын, тірі кезінде мансап қумаған, шен мен шекпенге таласпаған азаматтар. Атақ пен даңқты оларға халықтың өзі құрметі мен қошеметіне қатар бөлеп берген. Енді Тәуелсіздікпен бірге сол батырлардың даңқы асқақтай беруі керек.

Өйткені, "Мәңгілік ел" болу үшін елдік пен ерлікті біріктіруіміз қажет. Біз бұл жолда өр, өжет бабаларымыз бен әкелерімізді үлгі тұтуға тиіспіз. Олар қанын төксе де, арын төкпеді. Қандай қиындық көрмеді. Кейінгі тауқыметтер оның қасында түкке тұрмайды. "Мәңгілік ел" құру жолында алда тұрар талай сыннан сүрінбей өту үшін біз баба рухымен рухтануға тиіспіз", – дейді Бақытбек Смағұл.

Оның пікірінше, Қасым Қайсенов айтқандай, Мәскеуді өртеп француздарға тастап кеткен Кутузовты "ұлы қолбасшы" дейді, ал, оған жауды енгізбеген Бауыржанға олар көзі тірісінде, батыр атағын бермеді. Тіпті кеңестер оңды-солды таратқан генералдық атағын да бермеген.  

"Батыр бабамызға тек егемендікке қол жеткен кезде ғана лайықты бағасын бере алдық: 1990 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың КСРО Президенті Михаил Горбачевқа хат жазып, сұрау салуы арқасында Бауыржан Момышұлына (қайтыс болғаннан кейін) "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді. Ал Фидель Кастро соғыстан кейінгі жылдары-ақ қазақ батырын жоғары бағалап, ұлық үлгі-өнеге көрсеткен шетел көшбасшысы болып табылады. Кастро қазақ үшін сонысымен де құнды", – деп түйді Бақытбек Смағұл.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу