"Қазаққа тіл тигізгендер жәй кешіріммен құтылмауы керек"

4360

Мемлекеттік тілді білмейтіндердің, мемлекеттік тілде сөйлемейтіндерің мемлекет құраушы халықты айыптауға қақысы бар ма?  

"Қазаққа тіл тигізгендер жәй кешіріммен құтылмауы керек" Фото: liter.kz

Қазақтілділер сөзінде тұрды, күш екенін көрсетті. Бір тәулік ішінде ChocoFamily компаниясының барлық сервистерінің рейтингтерін күйретті. Қуатты соққының бір ұшы атауы соған ұқсас неміс компаниясына да тиіп кетіпті, деп жазады inbusiness.kz.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын белгілі бизнесмен, ChocoFamily негізін қалаушы және тең төрағасы Рамиль Мухоряпов ресейлік мигранттар арасында көсемсіп, орыс тілінде сұрақ қойғандарға тек қана орыс тілінде жауап беру міндет дегенге келтіре келе, орысша сұраққа қазақша жауап бергендердің бәрі миғұла дегенді меңзеген. Бұл Қазнетте наразылықтың үлкен толқынын тудырды. Бұған намыстанған қазақстандықтар ChocoFamily компаниясының тобына кіретін Chocolife, Chocofood, Рахмет, Idoctor, Lensmark.kz, Chocotravel, Aviata сервистеріне бойкот жариялауға шақырды. Әйтпесе, мемлекеттік тілге шекеден қарайтындарға сөз өтпейді. Қазақстандықтар компания сервистерінен бас тартып жатыр, бір жақсысы, ол монополист емес, нарықта өзге бәсекелестері жетерлік. Ұлтжанды біраз азамат бұрын сатып алған авиабилеттерді қайтарып, ақшасын кері талап етті. Әлеуметтік желілер ашынған посттарға, ал интернет пен қосымшалар дүкендері жағымсыз пікірлерге толды.

Наразылығын білдірген азаматтар теріс баға қойып, Chocolife, Aviata.kz, Chocofood және Сhocotravel рейтингтерін құлдыратуда. Егер компанияның қосымшалары шектен тыс көп теріс пікірге ие болса, онда оларды Google play, AppStore, Play Market өздерінің қосымшалар дүкендерінен жоюы мүмкін.

"Мемлекеттік тіл айналасында топтасушылық керемет қайран қалдырады. Компанияның рейтингі 1-ге дейін құласа, қосымшалар дүкеннен алып тасталады. Мемлекеттік тілді арсыздықпен қорлауға және менменси қараушылыққа намыстанған қазақстандықтар бұл қосымшалардың рейтингін құлдыратуды жалғастыратын болса керек. Осыдан кейін мемлекеттік тілді маңызсыз деп санайтын, оған пысқырмайтынын ашықтан ашық паш еткісі келетін тағы кім бар?", ‒ деді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Қазақстандықтар бір тәуліктің ішінде аталған компанияның барлық сервистерінің Google play-дегі рейтингін 1-ге жақындата алды. Бұл ретте оғаш оқиға да болды. Choco-Order Supplies деген ұқсас атауы бар неміс компаниясына ChocoFamily сервистерін таңдап, жазалауға кіріскен бірқатар адамның сілтеген сойылы тиіп кетті. Оның да рейтингі бірге дейін төмендеген. "Қазақша сөйле, мәңгүрт", "Қазақша үйрен" деп жазды адамдар. Бірақ қателігін түсінген қазақстандықтар артынша неміс компаниясына жоғары баға қоя бастады.

"Мухоряповтың проблемасы сол, ол қазақтарға Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлеуге тыйым салуға ниеттеніп қана қоймай, сондай-ақ ең масқара пиар-науқанға бастамашы болды. Сөйтіп этносаралық алауыздықты қоздырды, этностарды қолдан жасалған қақтығыс аясына тарту мақсатында арандатушылық жасады. Тілдің қадірін түсірді, қазақ тілділерге тіл тигізді. Осының бәрі оған қарсы халықтың, саяси күштердің жауап реакциясын туғызды. Мухоряповты қорғау науқаны аясында олардың бәрі рейдерлік жасауды көздеп, жоқ жерден жанжал көтерді деп негізсіз айыпталды. Қорытындысы прокуратураның тексерісі, депутаттық сауалдар, бойкот пен рейтингтердің күйреуі. Инвесторлар претензия қоя бастаса, компанияны өлді деп санауға болады", ‒ деген байлам жасады Т.Қалиев.

Оның пікірінше, "капитализм үстемдік құрған елдерде осы тұлғаның атына бірде бір инвестор немесе банк бір тиын қаржы бермес еді".

Саясаттанушының дерегінше, тіл жанашырларының қаһарынан қорыққан банктердің бірі қосымшасының қазақша нұсқасының жоқтығы үлкен олқылық екенін түсініп, IT қызметіне кемшілікті таңға дейін жоюға шұғыл тапсырма беріпті. Ол қазіргі кезде АҚШ қоғамы да аңдамай сөйлеген саясаткерлерді, бизнесмендерді, актерларды, жұлдыздарды және басқасын аяусыз жазалайтынын еске салды.

Тіпті адамзаттың данышпаны саналатын Стив Джобсты төл компаниясы мінезінің теріс қырлары үшін онжылдыққа қуып жіберуге мәжбүр болды. Тағы бір гений Илон Маск та Ресей пропагандасының сойылын соққаны үшін жаһан жұртшылығының жеккөрінішіне тап болып, Пентагон бөлген миллиардтардан айырылып қала жаздады. Олардың қасында Мухоряпов деген кім? Тырнағына да тұрмаса керек. Азаматтарды Қазақстанда мемлекеттік тілде жауап беруге тыйым салғызу талаптарының белең алғаны алаңдатады.

"Бірер жыл бұрын Мәскеуде әлеуметтанушылардың халықаралық форумына жиналғанбыз, сонда петерборлық әлеуметтанушы менімен әңгімеде: "Сіздер негізінен киіз үйде тұратын шығарсыздар? Тасымалдың негізгі түрі түйе керуені ме?" деген сияқты қысыр сұрақтар қойды. Алғашқыда мұны әзіл деп түсіндім, қанша дегенмен қоғам мен әлеуметтік өмірді зерттейтін маман ғой. Бірақ шыны екен. Форумда Орталық Азия халықтарына мәдениет ХХ ғасырда ғана келді деген ауанда сөз айтылды. Содан баяндама тақырыбымды өзгертіп, мәдениеттің Батысқа Шығыстан, ал Руське түркі әлемі мен көшпелі ұлыстардан тарағанын тарата айтуға тура келді. Мухоряпов та қазақтың асын жеп, суын ішіп, өз ортасында қазақтардың мәдениеті аз дегенге келтірді. Бұл халықтың қынжылысы мен кіжінісін туғызды", – деді әлеуметтанушы Қайсар Мақанов.

Ол Мухоряповтың отандық электронды коммерция нарығындағы Chocofamily-дің үлесі әрбір 100 теңгенің 12-сін құрайтынын айтқанын еске салды. 2021 жылы электронды коммерция нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Демек, компанияның сервистері бір жылда елімізде кем дегенде 120 миллиард теңге табыс тапқан.

"Ол осының бір тиынын мемлекеттік тілді дамытуға жұмсады ма? Мухоряпов жәй кешірім сұраумен құтыла алмайды. Бұл мемлекеттік тілдің абыройын төгумен тең. Ендеше ол Қазақстан халқы алдында абыройын қайтарғысы келсе, мемлекеттік тілді дамытуға пәрменді үлес қосуға міндетті. Жалпы, ресейліктердің қонақжайлылықты жалпақшешейлік, әлсіздік, құлдық деп түсінетіні, сөйтіп қазақты қызмет көрсетуші персоналдай өзінен төмен санап, кемсітетіні қынжылтады. Мұны ынталандырмай, тиған абзал", – деді сарапшы.

Экономистер де бизнесменнің қазақтарды кемсітуі оның бизнесін құртып тынуы мүмкін деген болжамдар айтуда.

"Рамилге қатысты оқиғаның бірнеше кілтипаны бар. Біріншіден, Рамиль қазақ тілін білмейтін болса керек. Ендеше қазақ тілі мәселесін талқылауға оның тіпті моральдық қақысы да жоқ. Мысалы, Владислав Тен қазақша сөйлеуді агрессивті түрде талап етуге қарсы шығып жүр, бірақ ол кәріс бола тұра, қазақша еркін сөйлейді. Сондықтан оған қазақтар кешіріммен қарайды. Екіншіден, Рамиль егер адам орыс тілін біле тұра, әдейі қазақша жауап берсе, бұл дұрыс емес, ұлтшылдық дейді. Ал национализм деген айыпты қазақтар ұнатпайды, сондықтан реакция да ауыр болды", – деді экономист Олжас Құдайбергенов.

Ол өзі куә болған бір жайтты әңгімеледі. Францияда болғанда, ағылшынша сөйлесіпті. Сонда бір француз ағылшынша білгенімен, оған французша жауап қайырады. Содан Олжас дереу онлайн-аудармашыны ашып жіберіп, турист екенін және французша білмейтінін айтқанда, әлгі адам бірден жадырап сала берген. Сөйтіп туристке ағылшынша жауап бере бастапты.

"Қазақтар да солай. Егер орысшаға қазақша жауап берсе, онда бірден ұлтшылсың деп айыптай бастамаңыз. Өйткені бұған сіз де кінәлісіз. Қанша жыл тұрғанда ең құрыса қазақша бір-екі сөйлем үйреніп алуыңызда болатын еді. Оның орнына бірер сөз қазақша айтсаңыз болды, қазақтардың көбі риза болып, қалған сұрағыңыздың бәріне орысша жауап береді. Өйткені қазақтардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді үйренуге тырысатын орыстарға жақсы қарайды. Тіпті басына көтеріп, қошемет көрсетеді. Екіншіден, жасыратыны жоқ, қазақ тілінің тағдырына қанша алаңдағанымызбен, оған көмектесіп жатқанымыз шамалы. Қазақ тіліне деген сұраныс тууы қажет. Ол үшін қазақша мықты кітаптар, фильмдер керек. Әзірге дарынды сазгерлеріміз, әншілеріміз алға озды. Солардың тамаша әні арқылы өзге ұлттар тілді үйренуге ынта танытады. Алайда мемлекеттік басқару саласында қазақ тілін ілгерілету ісін қалпымен былық жайлаған. Аста-төк қаражат босқа шығын. Осы салада шешім қабылдайтындар арасында жемқорлардың болуы қазақ тілін дамытудың бейберекет, мемлекеттің еш ықпалынсыз, ретсіз жүретінін кепілдендіреді", – деді О.Құдайбергенов.

Ол қазақ тілі қарсылықтың, наразылықтың тіліне, әділдіктің символына айналып келе жатқанына назар аудартты.

Жалпы Мухоряпов іштен тынып келген азаматтарды оятып жібергенге ұқсайды. Құзырлы органдар мемлекеттік тілдің мүддесін қорғап сөйлегендерді қудалай бермей, қазақ тілінің абыройын түсіруге тырысатындардың табанына тас қойса, әділдік іздеген халық билікті басына көтере қолпаштар ма еді?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу