Қазаққа жат емес Орынбор мен Алтайда адам қалмай барады

1291

Бұл суыт хабарды осы өңірлердің жергілікті статистика органдары хабарлап, дабыл қақты.

Қазаққа жат емес Орынбор мен Алтайда адам қалмай барады Фото: tomsk-tr.gazprom.ru

Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің Орынбор облысы бойынша аумақтық органының хабарлауынша, Орынбор облысында бала туу төмендеді, өлім-жітім керісінше, күрт өсті.

Салдарынан осы екі көрсеткіш арасындағы айырма, яғни, орынборлықтардың табиғи шығыны "минус 9 мың адамнан" асты.

"Орынбор облысы халқының табиғи кемуі 2024 жылғы 10 айда 9 040 адамға жетті. Өлкеде туу құлдырады, өлім-жітім ұлғайды. Мемлекеттік статқызметтің аумақтық органының дерегінше, біздің өңірде 2024 жылғы қаңтар-қазанда 13 002 бөбек қана дүние есігін ашқан. Бұл тіпті кезекті рекордтық құлдырау тіркелген 2023 жылғы ұқсас кезеңдегіден 479 сәбиге аз. Бір жыл ішінде тағы -3,7% кеміді", – деп күңірене жазады жергілікті танымал "Урал56.Ру" порталы.

Аумақтық статорган Орынбор өңірінде халық санының рекордтық құлдырауы соңғы 9 жылдай уақыттан бері жалғасып жатқанына назар аудартады. Мұндай алапат депопуляциялану жалғаса берсе, бұл ұланғайыр аймақта адам қалмай қалуы мүмкін.

Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің Орынбор облысы бойынша аумақтық органының дерегінше, Орынбор облысында бала туудың құлдырауы 2016 жылдан бері тоқтаусыз жүруде.

"Туған балалар санының өлген тұрғындар санынан асып түсуі соңғы рет 2015 жылы тіркелген. Сонда Орынбор өлкесінде 21 738 бала өмірге келді, 21 560 орынборлық дүние салды. Салыстырсақ, 2019 жылғы қаңтар-қазан айларында өңірде 16 577 бала туылды. Бұл алдыңғы 2018 жылғыдан 1 910 балаға аз. Сол жылғы қаңтар-қазанда 21 631 адам өмірден өтті. Осылайша, 2019 жылғы 10 айда Орынбор облысында халықтың табиғи кемуі 5 054 адамды құраған еді. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен (3 793 адам) әлдеқайда көп", – деп мәлімдеді ведомство.

Энциклопедияда жазылғандай, осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1919 жылғы 10 шілдеден 1925 жылғы 16 шілдеге дейін Орынбор Қазақстанның астанасы болған. Орынбор алдымен 1919 жылы Қырғыз (қазақ) өлкесінің бас қаласы болды. 1920 жылғы 26 тамызда соның негізінде Қазақ АКСР-і (Қазақстан республикасы) құрылды, оның астанасы 1925 жылдың соңына дейін Орынбор болды.

Қазіргі кезде Орынбор облысында 1 828 692 адам ғана қалған. Салыстырсақ, 2001 жылы облыс тұрғындарының саны 2 203 616 болды. Ширек ғасыр ішінде үздіксіз азайып барады.

25 жылдай кезеңде 375 мыңдай халқынан айрылған Орынбор өлкесінде тұтас ауыл-аудандар қаңырап бос қалып жатқанын блогерлердің, ақпарат құралдарының хабар-сюжетінен байқауға болады.

Оренбургстат мәліметінше, Орынбор өлкесінде бала туу коэффициенті 8,6-ны құрайды (мың тұрғынға шаққанда 8,6 жаңа туылған бөбектен келеді).

РФ статорганы бүгінде бүкіл Еділ федералдық округінде (Приволжский федеральный округ) бала туу көрсеткіші төмен екенін қаперге салды. Мысалы, осы округке кіретін және көрсеткіші ең жақсы деген Татарстанның аталған коэффициенті – небәрі 8,8, Пермь өлкесінде – 8,8, Мордовияда 5,6.

Оренбургстаттың хабарлауынша, 2024 жылғы 10 айда Орынбор облысында 22 042 адам қайтыс болды. Бұл 2023 жылғы сәйкес мерзімдегіден (20 858) 1 184 адамға көп. Салдарынан, бір жыл ішінде өлім-жітім деңгейі 5,6%-ға асып түсті. Еске сала кетсек, өлкеде осы кезеңде 2023 жылы – 13 481, 2024 жылы – 13 002 бала дүниеге келді.

Орынбор облысы халқының табиғи кемуі 2023 жылғы қаңтар-қазанда – минус 7 377 адамды, 2024 жылғы он айда – минус 9 040 адамды құрады.

Оренбургстат орынборлықтардың әсіресе, жас ұрпағы отау құрудан да бас тарта бастағанын жеткізді. Мысалы, 2023 жылы 10 054 неке қиылды, бұл тарихтағы ең аз көрсеткіш саналған. 2024 жылы одан да аз, 9 630 неке қиылып, үйлену тойы өткен (осы кезеңде облыста 7 046 ерлі-зайыпты ажырасып кетті).  

Қазақстанмен шекаралас Орынбор өлкесінің келесі муниципалитеттерінде ең жоғарғы "халықтың кемуі" (убыль населения) тіркелді:

  • Ор қаласы – 1 370 (туылғандар – 1 352, өлгендер – 2 722).
  • Орынбор – 1 223 (туылғандар – 4 223, өлгендер – 5 446).
  • Новотроицк – 626 (туылғандар – 486, өлгендер – 1 112).
  • Бұзылық (Бузулук) – 398 (туылғандар – 586, өлгендер – 984).
  • Бугуруслан – 350 (туылғандар – 257, өлгендер – 607).

Өз кезегінде, 2025 жылдың басында "Алтайкрайстат" сарапшылары да дабыл қақты. Алтайдың РФ бөлігінде халықтың табиғи кемуі алапат қарқын алып барады екен.

"Алтай өлкесінде халықтың табиғи кемуі жеделдеді. Егер бұл көрсеткіш 2023 жылғы қаңтар-қарашада 12 369 адамды құраса, 2024 жылғы ұқсас кезеңде 15 513 адамға дейін ұлғайды. Атап айтқанда, былтырғы қаңтар-қараша айлары аралығында 14 219 бала ғана туылды. Салыстырғанда, 2023 жылы – 15 389 бала өмір есігін ашқан. Нәтижесінде, бала туу 1 170-ке кеміді. Дәл осы кезде 29 732 адам өлді. 2023 жылғы қаңтар-қарашада 27 758 алтайлық дүние салған еді", – деп мәлімдеді Алтай өлкесінің статорганы.   

Салдарынан, 2024 жылдың 11 айында өлгендер саны туылғандардан 15 513 адамға асып түсті.

Ресейдің Қазақстанмен шектес өңірлерінің халқы өлім-жітім сыртында, көші-қон есебінен де азаюда. Мысалы, ресми мәлімет бойынша 2023 жылы 3 472 орынборлық Қазақстанға қоныс аударыпты. Орынбор облысында 120 мың этникалық қазақ тұрады.

"Біздің ынтымақтастықтың ауқым-масштабы артуда. Көзге көрінбейтін қиындықтар, кедергілер мен қайшылықтар әлі де өте көп. Оларды шешуіміз қажет. Бұған бизнесмендер көмектесуде. Өйткені Орынбордың Қазақстанмен тығыз қарым-қатынасынан бірінші ұтатындар да солар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы мен Орынбор – шекаралық ынтымақтастықты дамытудың көшбасшысының бірі саналады. Біздің сыртқы экономикалық тауарайналымымыздың 70 пайыздайы БҚО-ға тиесілі!" – деген еді Орынбор облысының Мәдениет және сыртқы байланыс министрлігінің өкілі Сергей Кузнецов.

Қазақтың, Қарашығанақ кен орнының 9 миллиард текше метрге дейінгі газы және шамамен 800 мың тоннадай газды конденсаты Орынбор ГӨЗ-інде өңделеді.

Кузнецовтың айтуынша, интеграциялық процестерге, бизнестің өзара тығыз ынтымақтастығы мен белсенділігіне логистикалық жүйенің дамымағандығы сияқты тосқауылдар бар. Кеденде де кедергілер жететіні айтылды.

Елімізге орынборлық бизнестің релокациялану үрдісі байқалады. Мысалы, орынборлық кәсіпкер Степан Сироткин еліміздегі Орал құс фабрикасына 1 миллион еуродай қаржысын құйған. Сондай-ақ, заманауи жабдықтарды сатып алды. Осы арқылы тоқыраған кәсіпорынға жан бітірді. Мұндай мысалдар баршылық.

Өз кезегінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Орынбор тарапы қазақстандық жобаларға үлкен қызығушылық білдіріп отырғанын хабарлады. Мысалы, көршілерді Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер палатасының шекаралық өткізу пунктінде бизнеске арналған QR-кодты енгізу жобасы қызықтырды.

"Орынбор облысы шекаралық өткізу бекеттерінде бизнестің жеңіл өтуіне жол ашатын QR-кодтарды орнату жобасын күн тәртібіне шығаруға бастамашы болды. Бұл бастамаға оларды Ақтөбе облысының табысты тәжірибесі шабыттандырды. Біздің облыста QR-кодтар кәсіпкерлердің ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетуде, сондай-ақ шекарадан өту кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешуде өз тиімділігін дәлелдеді", – деп хабарлады "Атамекен" палатасы.

Бұл бастаманы тараптар онлайн-форматта талқылауда. Бұл формат екі елдің әртүрлі ведомстволары мен мүдделі мекемелерін тартуға мүмкіндік береді. Талқылауға қос тараптан кәсіпкерлер, өңірлік көлік прокурорлары, Антикор өкілдері, бизнес-омбудсмен қатысты.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшіновтың айтуынша, Қазақстанның бүкіл территориясында осы QR-кодтарды ендіру үшін ақпараттық стендтер орнатылады, сондай-ақ бизнесмендер ортақ чаттарда бірігеді, кері байланыс бірыңғай платформа арқылы жүргізіледі.

Орынборлықтарды QR-кодтарды енгізудің ұйымдастырушылық және техникалық қырлары, соның ішінде олардың жұмысын қамтамасыз етудің тетіктері, кәсіпкерлердің өзара ықпалдастығын жолға қою мәселелері көбірек қызықтырды.

Мұндай тәсіл отандық бизнеске Қазақстаннан Ресейге қарай шекараны кесіп өту кезінде туындаған проблема туралы тез ақпарат беріп, құзырлы органдарды хабардар ететін мөлдір, әрі қолжетімді жүйені құруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Орынборлықтар дәл осындай жүйе енді шекарада Ресейден Қазақстанға қарай өткенде жұмыс істегенін қалайды. Бұл бола ма, жоқ па, ол енді Ресейге байланысты. Бірақ Орынбор облысының қазақстандық тәжірибеге қосылуға ұмтылыс танытуының өзі олардың ынтымақтастықты, барыс-келісті қазіргіден белсенді етіп, арттыруға іңкәр екенін паш етеді.

"QR-кодтарды енгізу жобасы іскерлік процестерді оңайлатуға бағытталған қадам. Сонымен бірге, бұл екі елдің бизнес қоғамдастықтарының интеграциялануының, өзара кірігуінің маңызды элементі. Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында бұл жоба 2024 жылғы қазанда жүзеге асырылды. Кәсіпкерлер смартфонының камерасын QR-кодқа бағдарлау арқылы Мәртөк ауданында орналасқан "Жайсаң" шекара бекетінен өту кезінде болған бұзушылық туралы құзырлы органға сигнал жолдай алады. Жобаны Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы көлік прокуратурасымен және Антикормен бірлесе іске асырды", – деп мәлім етті "Атамекен" палатасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу