Қазақстан бала өсіруге ең қолайсыз елдер қатарында

2450

Мұны халықаралық рейтинг көрсетті. Ал сарапшылар қару күшімен көршілеріне басып кіруге құмар экс-империяның іргесінде отырған қазақ елінің ұрпағына үнемі қауіп төнуі ықтимал деп отыр. 

Қазақстан бала өсіруге ең қолайсыз елдер қатарында

Таяуда жарияланған жаһандық рейтинг Қазақстан балаларды тәрбиелеуге қолайлы елдер арасында соңғы орында екенін көрсетті. Рейтинг "Best Countries for Raising Kids", яғни балаларды өсіру, тәрбиелеу үшін ең үздік елдер деп аталады. Ол жаһандық Best Countries (үздік елдер) басты рейтингінің бір бөлігі саналады және оны америкалық US News 2016 жылдан бері жүргізіп келеді. Рейтингте Қазақстанның жағдайы нашарлағаны байқалады.

Бала бақытты болып өсуі үшін ең бастысы – отбасыдағы махаббат пен келісім, шаңырақтағы ырыс пен дәулет, ата-ананың мейірімі мен шуағы. Бірақ бұған сыртқы факторлар да өте қатты әсер етеді. Ел бала өсіруге жайлы деп саналуы үшін ол мемлекетте білім, денсаулық сақтау деңгейі жақсы болуы, экономикасы озық дамуы шарт. 

Рейтинг құрушы сарапшылар мемлекет бай және табысты болуы үшін ел басшылығы адамдарға мүмкіндік туғызатын саясат жүргізуі, қоршаған ортаны жақсартуы, перспектива туғызуы қажет екенін алға тартады. Ендеше Қазақстан көштің соңында қалса, бұл шарттарды орындай алмағаны ма?

"Елдерді бағалау және рейтингтегі орнын анықтау үшін BAV Group пен Пенсильвания университетінің Уортон мектебі (The Wharton School), соның ішінде профессор Дэвид Рейбштейн әзірлеген модель және зерттеу әдісі пайдаланылды. Бұл ретте елдердің 76 атрибутынан тұратын жиынтық айқындалды. Олардың көмегімен әрбір елді сипаттауға болады және олар заманауи ұлттың табысын паш етеді", – деп түсіндірді рейтинг құраушылар.

Зерттеу барысында сауалнамаға бүкіл әлемнен 17 мыңнан астам респондент қатысқан. Қатысушылар қандай да бір атрибуттың нақты бір ұлтпен қаншалықты байланысты екенін бағалаған. Атрибуттар әрбір елдің мәдени ықпалы, ұлттық мұрасы, кәсіпкерлікті дамытуы, бизнес үшін ашықтығы, билігінің халыққа жақындығы, демократия, нәсілдік теңдік, әлеуметтік мақсат-мұраттары, өмір сапасы, жаһандық өзгерістерге, сын-тегеуріндерді еңсеруге бейімділігі секілді көптеген маңызды бағыттарды қамтиды.

Бұл зерттеу арқылы ғалымдар мен зерттеушілер COVID-19 пандемиясы және оған ілескен әлемдік экономикалық дағдарыс қатты өзгерткен әлемнің бет-бейнесін айқындауды мақсат тұтыпты.

Сонымен барлық атрибуттардың қосындысында Қазақстан аса төмен бал жинап, көш соңында қалды.

Бұл рейтингке Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үн қатты. Себебі бала тәрбиелеу міндет-мұраттарына негізінен жауап беретіні мәлім. БҒМ басшысы рейтинг бала өсіруге қатысты болғанымен, онда әлдеқайда кең мәселелер қамтылғанына назар аудартты.

"Кез келген рейтингте оның әдістемесін түсіну маңызды. Біріншіден рейтинг атрибуттар жиынтығына негізделген. Рейтинг үшін әртүрлі салаларды қамтитын негізгі 8 атрибут пайдаланылады. Адам құқықтарына қамқорлық, отбасын құрметтеу, гендерлік теңдікке қол жеткізу шарттары, бақыт, тең табыс, қауіпсіздік және дамыған денсаулық сақтау жүйесі. Бұл жерде әңгіме біздің түсінігіміздегі тәрбиемен шектелмейді, рейтинг авторларының пайымындағы балаларға қолайлы жағдайларға қатысты контекстік факторларды қамтиды", – деді ол.

Бірақ бала бақытты болып өсуі үшін ол факторлар да маңызды болса керек. Бұған министр дау айтпайды.

Екіншіден, рейтинг адамдардың сауалнамаға жауап беруіне, дәлірек айтқанда, олардың басқа елдер туралы түсінігіне негізделген. БҒМ басшысы шетелдіктердің Қазақстан туралы түсінігі субъективті болып, шындыққа жанаса бермеуі мүмкін деген ойын жеткізді.

"Сауалнама қатысушыларына әр елмен байланысты атрибуттарды белгілеу ұсынылды. Егер қандай да бір ел бір атрибутта неғұрлым жиі таңдалса, соғұрлым көп ұпай алады. Респонденттердің түсінігінде белгілі бір елдің "бақыт", "қауіпсіздік", "табысты болуға тең жағдайлар" сияқты атрибуттармен қаншалықты үндесетіні бағаланады. Мұндай бағалау респонденттің өзге елдерге қатысты жеке, кейде стереотиптік көзқарасына тәуелді", – дейді А. Аймағамбетов.

Министр шетелдіктердің өзге ел туралы пікірі сол елге саяхаттауы, оның әдебиеті мен мәдениетін зерттеуі, тіпті жаңалықтардан көруі арқылы қалыптасатынын айтады.

Жасыратыны жоқ, осылардың бәрі бойынша республикамыз әлемдегі көптеген елге жол береді. Біріншіден, Қазақстан шетелдіктерді молынан тартатын туризмді дамыта алмады, келгеніне бай мұрамызды жете паш ете алмады. Жатжұрттық туристер екі-үш күн өткенде зерігіп, не Өзбекстанға, не Қытайға кетіп қалады, не еліне кері қайтады.

Екіншіден, DJ Imanbek, Димаш секілді жарқыраған бірер жұлдызды айтпағанда, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін әлемде қарқынды, тегеурінді және жүйелі насихаттау жоқтың қасы. Көзбояушылық көп. Үшіншіден, шетелдік ақпарат құралдары Қазақстан туралы тек әлдебір жаман оқиға, суыт хабар, ірі трагедия бола қалса көрсетеді. Мәселен, Қордайдағы қанды қырғын, Арыстағы әскери қойма жарылысы, "қасіретті қаңтар" кезіндегі бүлік пен мародерлік секілді үрейлі оқиғалар, билікке жақын белгілі тұлғалардың жемқорлығы сияқты кесірлі көріністер әлемдік ақпарат айдынында ең көп қаралым жинап, резонанс тудырады. Борат туралы фильмдер де елдің бедел-ажарын әбден бүлдірді.

Осы орайда БҒМ басшысы Қазақстан аталған рейтингке Орталық Азия елдері арасынан ене алған жалғыз ел болғанына жұбануды ұсынады. Өйткені оның пікірінше, "өзара тығыз саяси және экономикалық интеграцияға байланысты Батыс елдерінің жұртшылығы бір-бірі туралы көбірек біледі, тиісінше, объективті бағалай алады". Демек таныс елге қарағанда бейтаныс ел нашарлау бағалануы мүмкін.

Ендеше Қазақстан Еуропа елдерінің, АҚШ-тың алдына түсе алмайды. Алайда неге Қазақстан өзге барлық дерлік мемлекетті алға жіберіп алды? Министр Асхат Аймағамбетовтың байламынша, өйткені Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия, Таяу Шығыс елдері де Батыс әлемінде кең ұсынылған, аймақтық өкілдікке ие. Алыс-берісі, араласы тығыз. Сондықтан Қазақстанның Орталық Азия елдері ішінен рейтингтегі 78 мемлекеттің қатарына кіре алғанына қуануымыз керектей.

Әлеуметтанушы Қайсар Мақанов Қазақстанның мұндай рейтингтерде жоғарғы тұғырдан көрінуден дәмеленуіне негіз жоқ деген ойда.

"Қазақстанда бала өсіру үшін қаншалықты жағдай жасалған деген сауалға жауап беру үшін бірінші кезекте ұлттық, адами құндылықтардың қаншалықты сақталатынына, ардақталатынына мән беру керек. Қазақстанда әрбір төртінші отбасы күйрейді, құрылған жас отаулар орта есеппен 7-10 жылға ғана шыдайды. Халықтың үлкен бөлігі баспанасыз. Елде жұмыс істейтін 1 миллион адамның табысы ең төменгі күнкөріс шегіне де жетпейді. Ұлттық валюта үнемі құнсызданады. Экономикада – созылмалы, шет-шегі жоқ дағдарыс. Мұндай жағдайда ата-аналар бала тәрбиесіне мойын бұрмақ түгіл, отбасын қалай асыраймын деп басы қатады", – деді сарапшы.

Әлеуметтанушы тағы бір жайтты қаперге салды. "Өзінің көптеген көршілеріне қырғидай тиген, өзіне бауырлас халықты аяусыз қанға бөккен өңірлік державаның іргесінде отырған Қазақстанды халықаралық қауымдастық жас ұрпақ үшін қауіпсіз, қолайлы орта деп санай алмайды". Әрине, биылғы "Best Countries for Raising Kids" рейтингі былтырғы сауалнамаға негізделген. Демек "қаралы қаңтар" оқиғаларына, Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты Қазақстан биылғы сауалнама нәтижесінде тіпті рейтингтен шығып қалуы да ғажап емес.

Айтқандай, баласын Қазақстанда өсіріп отырған азаматтар әлеуметтік желіде осы салада туындаған мәселелерді көтеріп, Үкімет мүшелеріне, әкімдерге шағымдануда. Мысалы, ата-аналар балаларын 1-сыныпқа тіркей алмай жатыр. Қазір алғашқы сыныпқа қабылдау науқаны басталғаны мәлім. Қазақстандықтар жақын орналасқан мектепте орын жоқтығын, салдарынан бүлдіршінін қаланың екінші шетіндегі мектепке жолдап жатқанын айтып, қапаланады.

Бұдан басқа да проблема толып жатыр. Татьяна Ли мектеп сөмкелерінің сол бойы ауыр болып қалғанын мәселе етіп көтерді. Үкімет білім ордаларын оқушыларға арналған шкафтармен қамтамасыз ете алмады.

"Ауыр рюкзактар проблемасы қашан шешілер екен. 1-4 сынып оқушыларына кітаптарды мектепте қалдырып кетуге мүмкіндік беруге болады ғой. Сонда өзімен тек дәптерлерді тасиды. Тапсырмаларды фотоға түсіріп, WhatsApp арқылы ата-аналар чатына тастауға болады немесе "Күнделік.kz"-те тиісті тарау жасауға болады. Арқасы қайысып, аяғы майысып, арқа сөмкесін әзер әкетіп бара жатқан балаларға қарап, жаның ашиды, аянышты", – дейді ол. 

Рейтингке қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар биліктің балаларға жасайтынының көбі көзбояу десті. Қала мен ауыл мектептерінің беретін білімі арасында құз-құрдым бар. Кейбір балалардың мектепке киетін аяқ киімі жоқ, оларға "Мектепке жол" акциясы аясында киім-кешек жинайды. Қолайсыз отбасыдағы балалар, әке-шешесі үнемі соққыға жығатын балалар, мектепте буллингтен жапа шеккен оқушылар мәселелері – бір төбе. Жағдайды биылғы жылдың "Балалар жылы" деп жариялануы да өзгерте алмағандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу