Қазақстан демократияландыруда Түрікменстанның бір тәжірибесін үлгі етпек

2409

Қазақстан өзін демократиялық ел санайды. Алайда елдің демократиясының деңгейін көрсететін OGP бойынша қазақ елінің бірде-бір балы жоқ болып шықты. Отыз жылдық текке кеткендей. Жаңа Қазақстан осыны түзетпек.

Қазақстан демократияландыруда Түрікменстанның бір тәжірибесін үлгі етпек

Көзбояушы ұйымдардың басшылары заңдастырыла ма?

Кейінгі жылдары әсіресе, экологиялық проблемалар қоғамдық резонанс тудыратын түйткілге айналды. Елордадағы қоқиқаз қонған Талдыкөлдің өзі неге тұрады. Тиісінше, хайп қуған блогерлер, қоғам белсенділері эколог-сарапшыға, экологиялық шолушыға айналып шыға келді. Олардың кейбірі мұнымен шектелмей, өзін эко-тақырыптағы әлдебір бірлестіктің басшысы ретінде таныстырып жүр. Әйткенмен ақпарат құралдарында жиі "жылтыңдайтын" эко-ұйымдардың көбі мемлекеттік тіркеуден өтпеген көрінеді. Мұны Әділет министрлігі растады. Өйткені ол ұйым дегендердің дені бірнеше адамнан ғана тұрады.

Мұндай жағдай өзге салаларға да қатысты. Мысалы, саясат тақырыбында сөзі өтімді сарапшылардың, блогерлердің аты-жөніне атақ-регалия ретінде қосылып, салмақ-статус беріп жүрген ұйымдарда, тіпті "институттарда" қызметкер-мүшелер саны онға да жетпейді екен.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің түсіндіруінше, бізде оннан аз адам топқа біріксе, қоғамдық бірлестік құра алмайды. Ендеше тіркеле алмайды.

"Конституцияның 23-бабының 1-тармағында қазақстандықтардың бірлесу бостандығы мен құқығы көзделген.  Сонымен қатар "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заңының 10-бабы бойынша қоғамдық бірлестік – Қазақстан азаматтарының кемінде 10 адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша ғана құрыла алады. Сол себепті іс жүзінде оннан кем азаматтар тобына қоғамдық бірлестік ретінде құрылуға тыйым салынады. Негізі, бұл дұрыс емес. Өйткені бұл талап он адамнан аз, яғни 2–9 азаматтан құралған топтың бастамасы айталық, 10 адамнан ғана тұратын топтың бастамасынан нашар, құнсыз, назар аударуға тұрмайды деген түсінікті тудырады. Сондықтан бұл талап тым үстірт, формальды", – деп түсініктеме берді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Қызығы сол, бұл жөнінен Қазақстан дамыған елдер түгіл, тіпті Түрікменстаннан артта қалып қойыпты. "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заңға сәйкес Түрікменстанның небәрі 5 азаматы топтасса, қоғамдық бірлестік құруға соның өзі жетеді екен. Яғни, 5 адам ғана құрылтайшылық бастама көтерсе болады. Әрине, бұл заң қағаз жүзінде қалғаны, бұл мемлекетте орталық түгіл, жергілікті билікті сынауға болмайтыны, тиісінше, бірлестікке бірігудің еш мәні қалмағаны жасырын емес. Демек, бұл норма – елдің демократиялық нысанын білдірмейді.

Бірақ осы жайттың өзі біздің билікті біраз ойлантып тастады. Еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің қызметін құқықтық реттеу мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге кіріскен министрлік Түрікменстанның осы үлгісін алға тартып отыр. Сондай-ақ Молдовада қоғамдық бірлестіктер 3 азаматтың бастамасы бойынша да құрыла береді. Айтпақшы, дамыған елдерде жауапкершілік пен талап жоғары. Мәселен, Германияда коммерциялық емес ұйымдарды құру үшін құрылтайшы ретінде кемінде 7 адам қатысуы қажет.

Қалай болғанда, министр Асқар Омаровтың командасының ұсынысын Парламент құптаса, Қазақстан бұл елдердің бәрін артта қалдырмақ.

"Қазақстандықтардың ең аз санына да бірігуге мүмкіндік беру үшін олардың кемінде 2 адамнан тұратын тобына қоғамдық бірлестік құру құқығын беру ұсынылады. Осы мақсатта "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заңға түзетулер енгізіледі. Бұған қоса, "Кәсіптік одақтар туралы", "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңдарының нормаларын сәйкестікке келтіру қажет болады", – делінген ведомство түсініктемесінде.

Осылайша, түрлі эко-альянстарға, саясаттану институттарына қос адамның басын біріктіріп, заңды түрде тіркелуге мүмкіндік беріледі. Бұл норма сондай-ақ елімізде жаңа, тәуелсіз кәсіподақтардың құрылуына жол ашады. Себебі онжылдықтар бойы жұмыс берушілердің, әсіресе, ірі инвесторлардың шашбауын көтеріп келген билік тәуелсіз кәсіподақ қозғалысын тұншықтырғаны, осы салада бірлестіктер құруға түрлі сылтаумен рұқсат бермей келгені құпия емес.

Сондай-ақ екі фермер бірігіп, кооператив атануына мүмкіндік берілмек.

Еліміз Values Check бағалауынан неге өте алмайды?

Қазақстан өзін демократиялы ел санайды. Бірақ оның өлшемшарт-критерийлері нақтыланбаған. Билік ұйымдастыратын түрлі халықаралық жиында Қазақстаннан грант алатын, қызметінің ақысы төленетін ресейлік, бірқатар шетелдік ортанқол сарапшылар республиканың "демократиялық даму жолындағы жетістіктерін" дәріптейтін. Мұның бәрі бос сөз болып шыққанын қаңтар оқиғалары паш етті.

Бұрынғы биліктің қателігін қайталап, ескі кетпенді қайта баспау үшін Жаңа Қазақстан OGP-дің нақты рейтингіне жүгінетін болады.

"Ашық Үкімет" халықаралық ұйымы (Open Government Partnership, OGP) – 2011 жылы құрылған жаһандық бірлестік. Қазір оған әлемнің 77 елі кіреді. Ұйым демократиялық даму, ашық үкімет идеалдарын – билікті қоғамның бақылауын, азаматтық қадағалауды, үкіметтің ашықтығын, әкімшілік кәсібиліктің дамуын ілгерілетеді. Оған мүше болу үшін мемлекет "Ашық үкімет" декларациясына қол қоюға тиіс. Содан кейін әрбір 2 жыл сайын ел үкіметі жергілікті азаматтық қоғаммен бірлесіп әзірленген іс-қимыл жоспарын ұсынып отыруы керек. Құжатта биліктің ашықтығын, есептілікті, жұртшылықтың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту бойынша нақты міндеттемелер белгіленуі шарт.

"Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдар мен шарттардың қатысушысы, сондай-ақ OGP-ге мүше болуға ниет білдірген ел ретінде адам құқықтары саласында өз мойнына белгілі бір міндеттемелер алды. Қазақстан OGP-дің ресми сайтында жарияланған өлшемдерге сәйкес келеді, алайда "Values Check" бағалауынан өте алмайды. Өйткені "Values Check"-ке сәйкес болу – қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді, оның ішінде азаматтардың бірлесу бостандығы мен құқықтарын кеңейтуді талап етеді. Осы орайда кемінде 2 адамнан құралған топқа бірлестік құруға рұқсат ету туралы норманы енгізу Қазақстанның заңнамасын міндеттемелерімізге сәйкес келтіруге ықпал ететін болады", – делінген ақпарат ведомствосының түсініктемесінде.

Жалпы OGP өзіне қатысушы елдердің демократиясының деңгейін 7 балдық шкала бойынша бағалайды. Мұндағы 1 бал – демократияның шыңы, яғни "ең демократиялы ел" деген сөз. Ал 7 бал – осы жолға жаңа түскен, "демократиясы мардымсыз" дегенді білдіреді.

Әзірге Қазақстан бірінші деңгейге де көтеріле алған жоқ. Бірақ Қазақстан Үкіметі алдағы бес жыл ішінде кемінде 4,7 бал жинауды мақсат етпек.

OGP-дің бір пайдасын Украина көрсетті

Жалпы "Ашық Үкіметке" қосылып, соның өлшемдеріне толық сәйкес келудің практикалық тиімділігі, қайтарымы бар. Мәселен, "қасіретті қаңтар" бүліктері кезінде Қазақстан бойынша инфрақұрылымға, мемлекеттік нысандарға, қорғаныс және басқа да салалардағы стратегиялық объектілерге нақты қанша шығын келгені әлі күнге ресми жария етілген жоқ. Жұртшылық тек "Атамекен" палатасының жұмысы нәтижесінде бизнеске қанша шығын келгенін ғана біледі.

Ал OGP-ге қосылуы нәтижесінде мәселен, Украина агрессор әскерінің елге қанша және қандай шығын әкелгенін мүмкіндігінше, жылдам анықтай алуда екен.

"Бізде Киев экономика мектебінің Damage.in.ua жобасы бар. Ол біздің елдің инфрақұрылымына келтіріліп жатқан шығынды тіркеп, есепке алып жатыр. Бұған OGP аясында Үкіметтің ашықтығы, ашық бюджеттік портал, толығымен "мөлдір" әрі кеңейтілген аналитикасы бар сатып алудың цифрлық жүйесі мүмкіндік береді. Бұған сондай-ақ азаматтық бақылаушылардың зор әрі қатары күн сайын өскен бірлестіктері жәрдемдесуде. Сондықтан Украинаға арналған "Маршалл жоспары" және басқа қорлардан бөлінетін қаржылай көмектің әрбір еуросының, долларының, фунты мен гривнасының қайда жұмсалғанын біз – Украина үкіметі, қоғамдық белсенділер және халықаралық қауымдастық қадағалай аламыз. Бұл жағдай біздің азаматтарға соғыс аяқталған соң елдің барынша тез қалпына келіп, даму жолына оралатынына деген сенім береді, шабыттандырады", – дейді Open Contracting Partnership азаматтық белсендісі Виктор Нестуля.

Ақпараттық соғыс аясында ресейлік "ботофермалар" Украинаға әлемдік қауымдастық беріп жатқан гуманитарлық көмектің, қарулардың босқа талан-тараж болып, ұрланып, сатылып жатқаны туралы фейк-ақпараттарды үсті-үстіне таратуда. Әдетте, мұндай хабар шықса, халықаралық ұйымдар жанжалға басы шатылмауы үшін көмекті дереу тоқтатады. Алайда "Ашық Үкімет" аясындағы ақпарат алмасулар арқасында гуманитарлық жүктер легі толастамады. Оның үстіне қарсы тарап тауарлардың босқа тоналғанына қатысты фактілер ұсынбай отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу