Қазақстан енгізген "тыйым" Ресей мен Беларусьті дүрліктіруде

4636

Қазақстанның РФ және РБ "дальнобойщиктеріне" Еуроодақтан бізге тауар тасуына тыйым салуы осы елдердің ашуын туғызыпты. Олар мұны "арқаға пышақ ұрды" деп бағалады. Шынында "пышақ" кімнің қолында?

Қазақстан енгізген "тыйым" Ресей мен Беларусьті дүрліктіруде

Бұл хабарды тек әлгі екі ел ғана емес, сондай-ақ Қырғызстан, Әзербайжан, Украина және басқа мемлекеттердің ақпарат құралдары көшіріп басуда. Әр елдегі қоғамдық пікір әрине, әрқалай: әлемге "әйгәпір" болып, санкция кесірінен темір шымылдырыққа қамалған Ресей және Беларусьтің сарапшысымақтары одақтасын осы қылығы үшін даттаса, басқалары керісінше, Қазақстанды батылдығы үшін мақтайды.

Даудың басы – Беларусьтің "БАМАП" автомобиль тасымалдаушыларының халықаралық қауымдастығының "Ауыстырып тиеуді-тіркеуді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасына үшінші елдерден жүк тасымалдауға тыйым бар" деген хабарламасынан өрбіді.

Соған сілтеме жасай отырып, екі елдің ақпарат құралдары Ресей мен Беларустің алып фураларына Еуропалық одақтан Қазақстанға тауар тасуға тыйым салынды деп жазды.

"Қазақстан Үкіметі Ресей федерациясының және Беларусьтің жүк тасымалдаушыларына Еуропалық одақтан тауарлар жеткізуге тыйым салды және бұл іс-қимыл Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік заңнамасын бұзатынын мәлімдеді. Басқаша айтқанда, Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық тасымалдаушылар Ресей мен Беларуське жеткізген жүктерді республика аумағына әкелетін ресейлік және беларусьтік жүк көліктерін ұстап алуға ниетті", – деп жазады беларусьтік ақпараттық құралдары БАМАП-қа сілтеме жасап.

Ал ресейлік ақпарат құралдары "Халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар қауымдастығына" (АСМАП) сілтеме жасап, Қазақстанның "ауыстырып тиеу-тіркеу" әдісін пайдаланып, жүкті қайта тиеген фураларды ұстап алып жатқанын хабарлады.

АСМАП РФ Көлік министрлігіне жолдаған хатында "ұсталған жүк көліктерінің иелеріне айыппұл салынып жатыр" деп дабыл қағады.

"Қазақ тарапы Еуропалық одақтағы бастапқы тасымалдаушының өзі Қазақстанға келіп, оған қатысты қозғалған әкімшілік істі қарауға қатысып, айыппұлды төлегенше және Қазақстан аумағында тасымалдауға рұқсатын көрсеткенше, фураларды тұтқында ұстайтын болады. Еуропалық одақ Ресей және Беларуське қарсы санкцияларының бесінші пакетін қабылдағаннан кейін қазақстандық тараптың бұл әрекеттері ашықтан ашық қастық пейілдегі тірлікке ұқсайды", – делінген көршінің басылымдары жариялаған АСМАП хатында.

Оған сенсек, жүк көліктерін ұстауды Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жүзеге асыруда. Бұл әрине, фейк.

Біріншіден, көршінің басылымдары да, сондай-ақ АСМАП өз хатында да "Инспекция транспортного контроля республики Казахстан" деген әлдебір республикалық бақылаушы органның тұтқындаумен айналысып жатқанын айтады. Шындығында елімізде ондай орталық орган жоқ, тек өңірлік ұсақ инспекциялар ғана бар.

Екіншіден, көлік саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де, өңірлердегі көлiктiк бақылау инспекциялары да мұндай науқанды жүзеге асырып жатқан жоқ. Бұл жерде әңгіме қазақстандық заңнаманы бұзған, шектен тыс жүк тиеген, ауыр салмағымен асфальтты езген, салығын төлемеген, жол жүрісі ережелерін сақтамаған фуралар жайында болып отырса керек. Бассыз кеткен пропагандаға түймедейді түйедей ету үшін кез келген ілік жарайды. Алайда егер заң бұзса, неге ұстамасқа?

Әлде, ресейлік-беларусьтік "дальнобойщиктерге" қазақ заңына бағынбауға болады деген одақтық заң бар ма? Ондай жоқ.

Үшіншіден, тым шектен шығып кеткенін түсінсе керек, АСМАП өзінің ресми сайтындағы бастапқы хатын ізінше түзете қойыпты. Мысалы, "ашықтан ашық қастық пейіл" сияқты бейбіт күнде жау шақырған сөздерінен арылып, үнін жұмсартқан. Тек өз тасымалдаушыларына "жағдай айқындалғанша, проблемаларға жол бермеу үшін Қазақстанға бақылаушы органдар бұйрықты бұзады деп тануы мүмкін тасымалдарды орындаудан бой тарта тұруды" өтінеді.

Төртіншіден, отандық тасымалдаушылар ресейлік және беларустік бәсекелестерінің Қазақстан жерімен транзиттік жүкті тасуын ары қарай қарқынды жалғастырып жатқанын, әрі Қытай шекарасында өту кезінде солар басымдыққа ие екенін қынжыла жеткізді. Жаппай ұсталып жатқан фура байқалмайды.

Бесіншіден, сарапшылардың байламынша, қазақстандық билік керісінше, көп жылдан бері одақтастары тасымалдаушыларының заңға қайшы тірліктеріне тым жұмсақтық танытып келе жатқандай. Атап айтқанда, осыдан жеті жыл бұрын, Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы №353 бұйрығымен "Қазақстанның халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидалары" бекітілді.

Оның 48-бөлімінде: "Қазақстан аумағына үшінші елдерден тасымалдау кезінде жүктің жөнелту немесе межелі пункті болып табылмайтын елдің аумағында кедендік транзит аяқталмаған жүкті қазақстандық автокөлік құралына және бастапқы тасымалдаушының тіркеу елінде тіркелмеген автокөлік құралына аударып тиеуге жол берілмейді" деп анық жазылған. Бұл – қазақстандық, ресейлік, беларустік фура иелерінің бәріне ортақ талап. Осы талапты бұзған отандық тасымалдаушылар да жазаланады.

Ал 52-бөлімінде: "Шетел тасымалдаушысында тасымалдаушының мемлекетінің құзыретті органы растаған рұқсат бланкісі болмаған жағдайда, жүкті отандық көлік құралына қайта тиеуге әкiмшiлiк жаза туралы қаулы орындалғаннан кейін рұқсат етіледі" деп белгіленген. Одақтастарымыздың көлік иелерінде ондай рұқсат болмай шығады. Тиісінше, егер қадағалаушы органы оны ұстап алып, рұқсаты болмағаны үшін айыппұл салса, мұнысы – заңды әрі ЕАЭО талабына сәйкес келеді.

Жоқ жерден айғай-шу, дау-жанжал шығарып, Қазақстанның заңды әрекеттеріне тосқауыл қойғызуға тырысу, өздері үшін қазақ жерінде заңды орындамау артықшылығына қол жеткізуге ұмтылу арқылы олар одақтасын құрметтемейтінін, өздерінен төмен санайтынын аңғартқандай.

Бұл жерде бір мәселені түсіндіре кеткен жөн. Бесінші санкциялық пакет аясында РФ және Беларустьпен шектесетін ЕО елдерінің кеден қызметтері 2022 жылғы 8 сәуірден бастап, осы екі елде тіркелген автокөліктерді одақ аумағына құрлық арқылы кіргізуді доғарды. Бұл шекарада көлік коллапсын тудырды: Еуропада жүрген ресейлік және беларустік жүк көліктері жүргізушілерінен ЕО аумағын тез арада тастап шығу талап етілді. Ал тең-тең жүк тиеп, ұзақ жол жүріп, еуропалық кеденге жеткен фуралардың жүргізушілері әрі өте алмай, тауы шағылып кері қайтты.

Жаңа санкциялар транзиттік жүк тасымалына да тарады. Салдарынан, Қытайдан Еуропаға жүк кемелерімен жеткізіліп, сол жерден құрлық жолымен Ресейге тасылатын импорт күрт шектелді. Осыдан кейін Ресей – бейресми, ал Беларусь ресми түрде ұқсас контрсанкция енгізді.

Әйткенмен, саудагерлер кез келген санкциялық тұйықтан шығаратын амалды таба алатыны мәлім. Нәтижесінде, әлгінде айтылған "ауыстырып тиеу-тіркеу" (перецепка/перегрузка) деген айла-шарғы іске қосылды: оған сәйкес, ресейлік не беларустік фуралар тауарды еуропалық шекараға дейін жеткізеді де, сол жерде еуропалық әріптесінің көлігіне қайта тиейді. Өз кезегінде Еуропалық одақ елдерінің тасымалдаушылары да транзиттік жүкті РФ, РБ шекарасына дейін жеткізеді. Сол жерде қайта тиелген жүкті осы екі елдің көліктері Қазақстанға, Қытайға тасиды. Салдарынан, қазақстандық тасымалдаушылар зиян шегуде: оларды бұл екі ел өз аумағындағы тасымалға жібермейді, сонымен бірге Қазақстан аумағындағы ішкі тасымалдың үлкен бөлігін де солар алып қойған.

Бұл жерде отандық тасымалдаушылардың қандай мол табыстан қағылып жатқанын мынадан түсінуге болады. Еуропалық одақ санкция енгізгелі халықаралық тасымал бағасы күрт өсті. Бұдан одақ аясында үстем жағдайға ие ресейлік және беларустік тасымалдаушылар ұтып, аста-төк табысқа кенелуде. Ол жайында АСМАП РФ Үкіметіне сәуірдегі хатында келтіреді. Мәселен, 2022 жылдың басында тентпен жабылған стандартты жартылай тіркемесі бар жүк көлігінің бір пунктен екіншісіне жүк тасымалдаудағы орташа ставкасы 2 000-3 200 еуродан аспаса, 16 сәуірден кейін бұл тариф 15 мың еуроға, 5 есеге дейін шарықтапты.  

Қазақстанның Халықаралық автомобильдік тасымалдаушылар одағының (КазАТО) президенті Мақсат Сақтағанов ел Үкіметіне жазған хатында салада қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірген еді.

"Бүгінде халықаралық нарықтағы отандық тасымалдаушылардың үлесі еселеп кеміп кетті. Қазақстандық тасымалдаушылар қазақстандық көлік қызметтері нарығында да Ресей және Беларусь тасымалдаушыларымен бәсекелесе алмайды: олар ішкі нарығымызда үстем жағдайда. Өйткені бұл елдер өз тасымалдаушыларына үлкен қолдау көрсетеді. Мысалы, бізде халықаралық тасымалға жұмылдырылатын жүк көліктерінің утилизациялық алымы тым қымбат. Ал Беларусь президенті жаңа жүк көліктерін және тіркемелерді тек утильалымнан ғана емес, сондай-ақ қосылған құн салығынан да босатты. Содан қазақстандық компаниялар олармен бәсекелестікте тең емес жағдайда автопаркін жаңғырта, кеңейте алмайды", – дейді М.Сақтағанов. 

Қазіргі кезде Ресейде шамамен 3 100 тасымалдаушы компания бар. Олардың жалпы автопаркі 45 мың бірліктен (автопойыздар, фуралар, тіркемелер) асады.

Біздің қарасы шамалы тасымалдаушыларымыз мұндай алпауытпен тең дәрежеде бәсекелесе алмасы белгілі. Оның үстіне бәсекелес тарап "әлімжеттік" пен әкіреңдеу арқылы одақ аясында түрлі артықшылық алуға тырысатын болса, жағдай шынымен күрделі көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу