Қазақстан инвестициялық рекордын биыл қайталай ала ма?

3744

Республикада инвесторларды шошытатын проблемалар анықталды. 

Қазақстан инвестициялық рекордын биыл қайталай ала ма? Фото: google.com

Қазақ елі халықаралық қауымдастықты қайран қалдырды. Өйткені бір қарағанда, Қазақстаннан инвесторлар жаппай қашуы үшін барлық алғышарттар болды: 2022 жылдың басында қанды қаңтар оқиғалары өрістеп, 11 өңірді бүлік жайлады, елден тыныштық пен тұрақтылық кетті. Артынша бірінші Президенттің туыстары және бұрынғы биліктің тұсында заңсыз байыған олигархтар қудаланды. Республика бір жылдай мерзімде 5 бірдей дауыс беру науқанын бастан өткеріп, саяси аласапыранға тап болды.  

Сыртқы ахуал да күрт нашарлап, геосаяси күрделі жағдай орнады.

Осының бәріне қарамастан, Қазақстан экономикасына инвестиция ел тарихында ешқашан болмаған рекордтық көлемде құйылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"2022 жылы елге 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл тарихымызда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. 2021 жылмен салыстырғанда өсім 18% құрады. Соның ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 8%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, 134 миллиард долларға жетті. Бұл да бұрын кездеспеген көрсеткіш", — дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Министрліктің инвестициялар тарту жөніндегі жоспарларымен бөліскен еліміздің бас экономисі жыл қорытындысында бұл рекорд жаңарады деп сендіріп отыр. Мәселен, биыл негізгі капиталға 18,3 триллион теңге инвестициялар тартылуға тиіс. Бұл 2022 жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Яғни, жоспарлар толыққанды орындалса, жаңа тарихи рекорд тіркелмек.

Оның іргетасы қазірден қалануда екен. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда, биылғы бес айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 17,2%-ға жетті.

Лидерлер де белгілі. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 56%-ға, ауыл шаруашылығында – 31%-ға ұлғайды. Сондай-ақ өнеркәсіпте – 15,7%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 13,4%-ға және өңдеу өнеркәсібінде – 2,8%-ға, ал жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 3%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Қостанай облыстарында тіркелген.

"Үкімет алдына инвестиция тарту бойынша өршіл міндеттер қойылды. Өткен жылдың шілде айында жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді, оның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестицияларды тарту саясатын қайта қарауға бағытталған Қазақстанның 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Бүгінгі таңда заңнама аясында инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды шаралары қолданылады. Инвестициялық преференциялар ретінде  негізгі секторларда жұмыс істейтін компаниялар салықтар мен кедендік баждардан, заттай гранттардан босатылады", — деді Әлібек Қуантыров.

Осы жылы инвестициялық ахуалды жақсарту жұмысы жалғасты. Министр Қуантыровтың айтуынша, өсім қарқынын сақтау үшін:

  • жаңа инвесторларға кешенді қолдау көрсете отырып, олардың сұраныстарына барлық деңгейлерде жедел ден қою;
  • экспорттаушыларды қолдаудың қолжетімді шараларын ілгерілету;
  • бизнестің сұраныстарына уақытылы жауап беру, қызметін белсенді жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау керек.

Дегенмен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанда инвесторлардың шаужайынан қағатын, алға бастырмайтын кедергілер әлі де көптігіне назар аудартып отыр. Мұны шетелдік тәуелсіз сарапшылар да растады.

Мысалы, халықаралық тәуелсіз Фрейзер институты (Fraser Institute) құратын Инвестициялық тартымдылық индексі рейтингінде Қазақстан инвесторларға ұсынылатын 84 елдің ішінде соңғы жақтағы 56-орынды місе тұтты.

Ұйым өз зерттеуінде республиканың осал, талмау тұсы ретінде біріншіден, құқықтық жүйесінің жете дамымағанын, кемеліне келтірілмегенін атады: сарапшылардың теріс бағаларының шамамен 77%-ы соған қатысты.

Екіншіден, салық заңнамасы өте күрделі. Бұл тұрғыда заңнама тұрақсыз, жылда өзгереді. Салдарынан арнайы жалданған мамандар да өзекті ақпаратты таба алмайды. Былтырғы білгенің биыл жарамауы мүмкін. Ал Мемкірістер органы әр өзгеріске кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Оның орнына бюджетті толтыру үшін бизнеске және жеке тұлғаларға айыппұл салуға бейім тұрады.

Үшіншіден, қазақстандық еңбек заңнамасы олқылыққа толы.  Төртіншіден, геологиялық деректер базасы қолжетімсіз. Соңғы үшеуі жалпы жиынтығында сарапшылардың нашар бағасының 67%-дан астамын еншіледі.

Айтқандай, 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы инвесторларға қажетті дерекқорлардың қолжетімсіз екенін және әлі күнге цифрландырылмағанын сынағаны мәлім. Жағдай содан бері түбегейлі өзгере қоймапты.

"Жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін деректерге ашық және бәсекелі қолжетімділікті жедел қамтамасыз етуде кедергілер бар. Соның ішінде жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеудің рәсімдері күрделі. Мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік ақпараттық ресурстарды жүргізу рәсімдері жеткілікті автоматтандырылмаған", – деп хабарлады Индустрия министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, заңнамада жер қойнауын пайдалану құқығын алуға және жүзеге асыруға қатысты әкімшілік және процедуралық сипаттағы басыартық нормалар өріп жүр.

Ал жер қойнауындағы мол пайдалы қазбаларды геологиялық барлау мен өндіруге инвестиция тарту үшін бұл олқылықтардан арылған жөн. Бірақ жер қойнауына қолжетімділікті ұйымдастыратын және жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін реттейтін ақпараттық жүйелер бойынша жұмыс жоқтың қасы екен. Біразында мәліметтер өзектілендірілмеген, ескі.

Үкімет minerals.gov.kz порталында жер қойнауын пайдаланудың кешенді ақпараттық жүйесін іске қосып жатыр. Ол толымды болуы, тиімді жұмыс істеуі үшін әлгі аталған нормалар оңтайландырылуы қажет.

Инвесторларды Қазақстаннан қашыратын тағы бір түйткіл бар. Ел қазына үстінде отырып, зауыт-кәсіпорындарын шикізатпен жете қамтымайды. Салдарынан өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны төмен.

Жер қойнауын пайдаланушылар өндірген шикізатымен отандық зауыттарды қамту орнына, түп көтеріп, шетелдік нарыққа қымбатқа сатып жіберуге бейім тұрады. Оның үстіне шетелге экспорттағаны үшін қосылған құн салығын кері қайтарып, пайдаға кенеледі. Өзге де жеңілдіктер мен преференциялары бар. 

Салдарынан елдің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да, шикізат экспортының көлемі үлкен болып қалуда. Ал өндірілген минералды шикізатты байытуға және өңдеуге инвесторлар қызыға бермейді.

Мысалы, республикада алюминийдің жыл сайынғы өндірісі 264 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықтың қажеттілігі 73 мың тоннадан асады. Бірақ өндірушілер отандық шикізаттың 31 мың тоннасын ғана ішкі нарыққа өткізеді. Қалған 88% немесе 233 мың тоннасы экспортқа кетеді. Бөтен елдердің өңдеу өнеркәсібін өркендетуге үлес қосуда.

Мыс өндірісі 481 мың тоннадан асады. Соның 7 мың тоннасы ғана ішкі тұтынуға жіберіледі. Шынында, өз кәсіпорындарымыз 38 мың тонна мысқа зәру. Дәл осы кезде мыстың 98,5% немесе 472 мың тоннасы шетелге шығарылып жатыр.

Қорғасын өндірісі 131 мың тонна болса, осы шикізатқа деген ішкі қажеттілік 30 мың тоннаны құрайды. Соған қарамастан отандық нарықтың зәрулігі отандық ресурспен толық өтелмейді: 20 мың тоннасы ғана қазақстандық өңдеушілерге жеткізіледі. Қалған 85% немесе 111 мың тоннасы экспортқа әкетіледі.

Сондықтан ұлттық заңнаманы биыл өзгертіп, 2025 жылға қарай Қазақстанда өндірілген бүкіл отандық шикізаттың 50%-ына дейін өзімізде өңдеуге қол жеткізу жоспарланып отыр.

Саладағы ізгі өзгерістер елді "инвесторларға арналған жәннатқа" айналдырмағанымен, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін арттыруға соны серпін беруге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу