Қазақстан қадам жасағанымен, Ресей үнсіз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11257

Ертіс өзеніндегі кеме қатынасын дамыту бізге ғана керек пе? 

Қазақстан қадам жасағанымен, Ресей үнсіз

Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан-Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы өткені белгілі. Оған екі мемлекеттің басшылары қатысты. Ауқымды жиында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ертіс өзені арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру мәселесін көтерді. Ол аталған проблеманың жай-жапсары мен шешу жолдарын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге баяндап берді.

"Өзен жағалағанның өзегі талмайды" деп бекер айтылмаған. Кезінде Ертіс өзенінің суы мен балығын былай қойғанда, тереңдігінің өзі жүк тасымалы үшін барынша пайдаланылған. Мәселен, өткен ғасырдың 70-80 жылдары кемелер Ертіс өзені арқылы жылына 9 млн тонна жүк тасымалдаған. Ал қазіргі жүк айналымы 200 мың тоннаға жетпейді де.  

Бұл жердегі басты проблема – Ертіс өзенінің таяздығы. Яғни, көп жылдардан бері өзен арнасы тазартылмаған. Сондықтан ең алдымен тереңдету жұмыстарын жүргізу керек. Амалы нешік, бұл жұмыстардың барлығы қазақстандықтар тарапынан жүргізілгенімен, ресейліктер әлі күнге үнсіз жатыр. Әсіресе, Қазақстан шекарасы мен Ресейдің Омбы қаласы арасындағы өзен арнасының тиісті деңгейде терең болмауы жүк тасымалын арттыруға кедергі жасап отыр.

"Біз бірнеше жыл бойы Ертіс өзенінің арнасын тереңдету мәселесін көтеріп келеміз. Егер өткен жылы біз өзен арқылы 120 мың тонна жүк жөнелтсек, биыл бұл көрсеткіш 200 мың тоннаны құрады. Жүк тасымалы Ертіс өз арнасына толған кезде ғана жүргізіледі. Екі жыл бұрын біз Түмен облысымен өзен жолы арқылы қиыршық тас жеткізу туралы меморандумға қол қойып, әріптестерге тиісті кен орнын да берген едік. Алайда Ертіс өзенінің арнасын тереңдету жұмыстарының кешеуілдеуіне байланысты қиындықтар туындап тұр", – деген болатын Омбы облысының губернаторымен кездескен Болат Бақауов.

Омбы облысының губернаторы Александр Бурков павлодарлық әріптесімен келісетінін айтты. Ендігі жерде бірлескен шекарааралық жобаларды қолдау бойынша бағдарлама таныстырылмақ. Жалпыұлттық даму стратегиясына сәйкес бірнеше ұсыныстар таңдалған. Соның бірі – Ертіс өзенінің түбін тереңдету, кемелер қатынасын дамытуға қолайлы жағдай жасау. Бүгінде Сібір тұтынушылары қазақстандық қиыршық тас, құм, техникалық тұз, көмір, тағы басқа тауарларға мұқтаж. Өкінішке қарай, үлкен кемелер Ертіс өзені арқылы қатынай алмауда.

Айтпақшы, Ертіс өзені арқылы сонау Кореядан Павлодарға алып құрылғылар жеткізілгенін де атап өткен жөн. Қайбір жылы Павлодар мұнай-химия зауытына салмағы 500 тоннадан астам дизель отынын сумен тазалайтын екі реактор қажет болды. Міне, осы құрылғылар су жолы арқылы жеткізілді. Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласынан шыққан жүк Солтүстік теңіз жолымен Каменный мүйісіне дейін одан әрі Жаңа Порттан Салехард, Ханты-Мансийск, Тобольск және Омбы арқылы Павлодарға келді. Ертіс өзені бойындағы Мичурин ауылынан жүктерді түсіріп алу үшін арнайы айлақ әзірленді. Атап өтерлігі, мұның барлығы жергілікті халықтың келісімімен жүзеге асырылды. Соңында Павлодар мұнай-химия зауыты мичуриндіктерге ризашылық ретінде жасанды жабыны бар футбол алаңын салып берді.

"Сондықтан аталған көлік дәлізін қалпына келтіру аса маңызды деп санаймын. Бұл әсіресе, Ұлы Жібек жолының жаңғыруы мен "Бір белдеу – бір жол" бастамасын жүзеге асыру аясында аса өзекті болмақ", – деді Болат Бақауов.

Оның сөзінше, өзен жолы арқылы Павлодардан Омбыға қиыршық тас жеткізуге болады. Өйткені Омбы облысының қиыршық тасқа деген қажеттілігі жылына 2 миллион тоннаға жуықтайды екен. Ал қиыршық тас дегенің біздің өңірде ағыл-тегіл.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу