Кейінгі кезде қазақстандықтардың үй-жайларын өз бетінше дезинсекциялауы салдарынан адамдарды улау оқиғалары жиіледі. Өйткені жұрттың көбі кене, бүрге, құрт-құмырсқаға қарсы не сеуіп, не төгіп жатқанын нақты түсінбейді. Көбіне, дүкен не базардағы саудагер нендей кеңес берсе, нені тиімді деп мақтаса, соны сатып ала салады.
"Мәселен, 2018 жылдан 2020 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде еліміз бойынша арнайы дағды-білімі жоқ адамдардың дезинсекция, дератизация құралдарын өз бетінше пайдалануы, қорғаныш құралдарын қолданбауы, қауіпсіздік қағидаларын сақтамауы және уланудың алдын алу шараларын қабылдамауы кесірінен уланудың 21 оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 6 адам қайтыс болды. Былтырғы 2019 жылы Қазақстанда 5 улану жағдайы тіркелді, үшеуі өліммен аяқталды. Көбісі – үшеуі Маңғыстау облысына тиесілі, оның ішінде біреуі өліммен аяқталған. Тағы екеуі Алматы қаласында болды, екеуі де адам өліміне әкелді. Биыл улану деректері күрт артты. Атап айтқанда, 2020 жылғы ақпанда елде 11 улану жағдайы тіркелді. Маңғыстау облысында – 8, Шымкентте – 3 жағдай. Шымкентте 1 адам уланып, жантәсілім етті", – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті.
Ведомствоның мәліметінше, Маңғыстау облысындағы уланудың 8 оқиғасы "БИ-58" аталатын дезинсекциялық құралды қолданумен байланысты. Ол сауда орындарында еркін сатылады. Өйткені препарат ауыл шаруашылығында, агроөнеркәсіп кешенінде өсімдіктерді өңдеу үшін пайдаланылады.
Бірақ халық жалғыз онымен ғана уланып жатқан жоқ. Баспананы жайлаған тұрмыстық жәндіктерді жою үшін Ақтау қаласының тұрғындары "Квикфос", "Агран" препараттарын қолданады, салдарынан өлімге соқтырған 3 оқиға болды.
Алматы қаласының тұрғындары "Палач", "ФАС-дубль" препараттарын сепкен. 2 оқиғада адамдар қайтыс болды.
Мамандардың мәліметінше, Ақтау және Алматыда қолданылған "Квикфос" қауіптіліктің 1-сыныбындағы, "Агран", "Палач" – 3-сыныптағы, "Фас-дубль" – 4-сыныптағы уытты препарат саналады.
Соның ішінде "Квифокс" улы химикаты тек ірі астық қоймаларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған пестицид, яғни адам ағзасы үшін қауіптілігі жоғары зат. Сондықтан оны пәтер мен жерүйде пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынған.
Нәтижесінде, бүгінде қазақстандықтар шағатын, ауру тарататын жәндіктерден құтылу үшін қатаң тыйым салынған улы химикаттарды жаппай шашуда. Денсаулық министрлігі бұл дезпрепараттарды кәсіби деңгейде, дұрыс пайдаланбау, дозасын бұзу адамдарға ғана емес, жануарлар дүниесі мен қоршаған орта, яғни флора, су, ауа және топыраққа орны толмас зиян келтіретінін ескертеді.
Қалай болғанда, азаматтар әртүрлі індет тарататын жәндіктерден әбден зәрезап болды. Қызылорда қаласындағы Айтбаев көшесіндегі үйдің тұрғыны Мәншүк Сәрсенбаева өзін және көршілерін кене мазалап жатқанын айтады.
"2 жыл болды, біздегі көпқабатты үйлердің шатырында құс кенесе өріп, пәтерлерге шабуылдап жатыр. Бұл мәселе бойынша жергілікті билік өкілдері, қала әкімдігі, сондай-ақ қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаев мырза, Қызылорданың тазалығына жауапты басшы Марат Жаркеткенов мырза да құлағдар. Алайда ешқандай шара қолданбайды. Қазіргі пандемия кезінде коронавирусқа енді кенелер тарататын энцефалит секілді саналуан қауіпті індеттер қосылып, тұрғындардың, әсіресе балаларымыздың өміріне қауіп төндіруде. Себебі үстімізде қаптап жүреді. Түнде тыныш ұйқыдан қалдық. Үнемі қорқыныш пен үрейде өмір сүріп жатырмыз", – дейді М.Сәрсенбаева.
Ол билік өкілдері бір-біріне сілтеп, бей-жай қарайды дейді. Ал 10 кіреберісі бар үлкен тұрғын үйді өз бетінше тазалатуға, улауға тұрғындардың жағдайы келмейтін көрінеді.
Бұл әрине, бұрыннан қордаланған проблема. Жуықта Қызылорда облысының басшылығына келген Гүлшара Әбдіқалықова ресми блогында жұртшылықты мазалаған мәселемен танысқанын жеткізді.
"Өтініш қарастырылуда. Нәтижесі қосымша хабарланатын болады", – деп жазды Гүлшара Наушақызы.
Мұндай түйткіл еліміздің ең үлкен мегаполисі тұрғындарын да алаңдатуда екен. Алматылық Карина Цой Өтеген батыр көшесіндегі көп қабатты үйдің шатырында да кенелер өмір сүретініне сенімді.
"Оны көгершіндер әкелген деген ойдамыз. Пәтер иелері кооперативі үйге 6 жылдан бері жөндеу жұмыстарын жүргізбеді. Үйде балалы отбасылар көп тұрады. Кенелер бәрімізді, балаларымызды шағып бітті. Денелер бөртіп, аллергия болудамыз", – дейді ол.
К.Цой әкімдікке тіпті көгершін кенелерінің суретін жіберіпті.
Алайда қала билігі мұны жалған деп отыр. Кейбір тұрғын өз пәтерінде қоныстанған жәндіктерді бүкіл тұрғын үйдің мәселесі етіп көрсеткісі келуі ықтимал деген пікірде.
"Аталған үй тұрғындарының шағымын Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы қарады. "Сайран" тұтынушылардың пәтер иелері кооперативі үй шатырына және шатыр асты панажайына тексеру жүргізді. Ешқандай кене іздерін таппаған. Сондай-ақ шағымданушы Карина Цоймен жеке әңгімелесу жүргізілді, оған өз пәтерінде дезинсекция жүргізу қажеттігі түсіндірілді. Ал үйдің шатырына 2018 жылы жөндеу жүргізілген", – деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Иммунолог-аллерголог Сергей Юрьев кептерлердің кене тарататынын айтады.
"Көгершін кенесін "раковинный клещ" немесе Argasre flexus деп те атайды. Ол құс денесінде өмір сүретін паразит. Әйткенмен, бұл бунақденелілер қанды көбірек ішу үшін құстан адамға көше береді. Оның үстіне құстар үй шатырында тіршілік ететіндіктен, кенелер оның ұясында өсір сүруі мүмкін. Оларды шатыр астынан, саңылаулар арасында да табуға болады. Көгершін кенесі адам қанын ішу нәтижесінде кейде 10 сантиметрге дейін ұлғаяды. Ол қан сору кезінде анестетик бөледі, тиісінше адам шағып жатқанын сезбейді. Қанға тойған соң кене сорған қанның қалдығын сілекейімен бірге адамның қан тамырына кері себеді. Оның сілекейінде липокалин тобына жататын "Arg r 1" ақуызы болады, адам ағзасының соған қарсы реакция жасауы анафилаксияға дейін дамуы ғажап емес", – дейді дәрігер С.Юрьев.
Оның айтуынша, көгершін кенесінің липокалиніне аллергияны диагностикалау үшін ALEX2 молекулярлық тестінен өтуге болады.
"Кене шақпасын десеңіз, көгершін және басқа да құстарды қолдан тамақтандырмаңыз, олардан түлеп түскен қауырсындарды көтермеңіз. Бос қалған ескі үйлерді, сүрілген баспана орнын "зерттемеңіз": онда ұйқыдағы кенелер болады, олар ондаған жылдар бойы құрбанын күтіп жата береді. Argasre flexus кенесі кілең үйлерге үйір келеді, ендеше үй шатырында құс ұя салса, тұрғындарға аса мұқият болу қажет. Пәтеріңізде, әсіресе, жатын бөлмесінде еден мен қабырғада саңылау болмауын баса мән беріңіз. Бунақденелілер қабырға мен едендегі жарықтан кіреді, сонда қоныстанады", – деді Сергей Юрьев.
Ал дезинсекцияны біліктілігі бар мамандарға сеніп тапсырған жөн.
Жанат Ардақ
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!