"Қазақстан Кремль секілді "иноагент" деп қарайды". Сайлау туралы жаңа заң жобасы қалай талқыланып жатыр?

4873

Әділет министрлігі сайлау туралы жаңа заң жобасын әзірлеп, оны халық алдына талқылауға шығарды.

"Қазақстан Кремль секілді "иноагент" деп қарайды". Сайлау туралы жаңа заң жобасы қалай талқыланып жатыр?

Құжат қабылданатын болса, кейбір бақылаушылар алда болатын саяси науқандарға қатыса алмауы мүмкін.

Inbusiness.kz тілшісі тәуелсіз бақылаушылардың пікірін шолып шығып, әділет министрлігінің өкіліне хабарласты және саясаттанушы маманның да пікірін сұрады. Төменде мәселеге кеңірек тоқталамыз.

"Билік қылмысы әшкере болатынын біліп отыр"

Тәжірибелі бақылаушы Ғалымжан Оразымбеттің пікіріне қарағанда биліктің мақсаты – тәуелсіз бақылаушыларды сайлау учаскесіне кіргізбеу. Әйтпесе, "қылмысы" әшкере болады.

"Жаңа заң жобасында енді бақылаушылар алдын ала Орталық сайлау комиссиясында аккредитациядан өтеді деген норма бар. Ол кімнің бақылайтын, кімнің бақыламайтынын енді тек ОСК шешеді деген сөз. Олар кез келген сылтаумен аккредитация бермей қоя салады. Екіншіден, бақылаушы жолдайтын ұйымдар ОСК талабымен банк шоттары туралы толық ақпаратты көрсетуі керек. Шет елдік ұйымдардан қаржы алатын ұйымдарға ОСК аккредитация бермеуге қақылы болады. Ол қаржыны дәл сайлауға қатысты алмауы да мүмкін, бірақ бұл ОСК-ге қызық емес. Үшіншіден, Қазақстан заңында банк құпиясы туралы шарт бар. Оған сәйкес, банк пен клиент арасындағы қарым-қатынасты тек клиент пен банк қана білуі керек. Ал жаңа заң жобасындағы жаңа норма бұл шартқа қайшы. Демек болашақта банк құпиясы нормасын басқа да заңдармен бұзуға жол ашылады. Ең қауіптісі сол, сен халықаралық ұйымдардан қаржы аласың деп тәуелсіз бақылаушыларды сайлауға жібермей қоя алады. Демек сайлауда ешкімнің бақылауынсыз, өзіне керек нәтижені қалағанынша жазып ала береді. Ал әділ сайлаусыз ешқашан, ешқандай алға жылжу, даму мүмкін емес", – дейді ол.

Ал адам құқығын қорғаушы Бэлле Орынбетова "Бақылаушыларға видеоға, фотоға түсіруге шектеулер қоя алады, бақылауға кедергіні заңды түрде жасай алады" деп есептейді.

"Аккредитация бермеуге негіз беретін бір себеп – бір жыл ішінде халықаралық ұйымдар, қорлар тарапынан қаржыландыру. Қандай мақсатта екені маңызды емес. Сайлауды бақылаумен айналысатын ұйымдар төрт жылда бір келетін сайлауды күтіп отырмайды, олардың көбі қоғамды дамыту бағытындағы басқа да жобалармен айналысады, халықаралық қорлардың, ұйымдардың гранттарын алады. Түптеп келгенде халықаралық қор қаражатын мемлекет те алады. Мына заң жобасына қарасақ, сайлауға тек мемлекетке тікелей қарасты ұйымдар ғана бақылаушы ретінде қатыса алады. Демек тәуелсіз бақылаушылар болмайды", – дейді ол 

Заң авторлары әзір "Эфирге шықпайды"

Заң жобасы Әділет министрлігінде әзірленген. Авторлардың өзімен байланыса алмадық. Ведомствоның баспасөз хатшысы нақты нәтиже болғанда ғана "эфирге шығатындарын" айтып, заңгерлерінен пікір алуға келісім жоқ екенін жеткізді.

Мұндай заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасынан кейін әзірленгені белгілі.

"Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды. Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шет елдердің араласуына қандай да бір мүмкіндік бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек", – деген болатын Тоқаев 16 наурызда "Жаңа Қазақстан" құратынын мәлім еткен жолдауында.

"Өздерін Солтүстік Корея мен Түрікменстаннан ерекшелеп көрсететін рәсім деп қана санайды"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пікіріне сүйенсек, бұл жерде біздің саяси режим, Кремль секілді, "иноагент" деген көзқараспен қарап отыр. Өздері "қолдан жасаған" бақылаушылардай тәуелсіз бақылаушыларға ықпал ете алмайды. Себебі қаражат жағынан мемлекетке тәуелді емес қой.

"Дәл қазіргі жағдайда тәуелсіз бақылаушылардан, шетелдік ұйымдардың грантына жұмыс істейтін тәуелсіз бақылаушылардан Қазақстан сайлау жүйесіне зиян емес, пайда ғана көріп отырмын. Өйткені олар халыққа әділ сайлау өткізуге мүдделі. Ашық сайлауға нағыз мүдделі болуға тиіс орталық сайлау комиссиясы болса, оларға көмекші ретінде қараудың орнына, жау көреді. Бұл – қауіпті тенденция. Себебі бақылаушылардың барлығы дерлік шетелден грант алса да, өзіміздің азаматтар. Бақылауға конституциялық құқықтары бар", – дейді ол.

Саясаттанушының пікіріне қарағанда, орталық сайлау комиссиясы президент әкімшілігіне тәуелді институт болғандықтан бейтарап ұстаным ұстана алмайды. Бірінші басшысы мен екі орынбасары президент жарлығымен тағайындалады. Аймақтағы өкілдері жергілікті билікке тәуелді. "Олар өткен 30 жылда бір де бір ашық сайлау өткізе алмады. Жоғарыдағыдай бастамаға атсалысқалы отырғандары логикаға келеді. Себебі өздерінің кемшілігін тәуелсіз бақылаушылар көрсетіп қояды" дегенді айтады Шалқар Нұрсейіт.

"Саяси режим өздерінің "тәуелсіз бақылаушыларын" жасауға тырысты. Мәселен, Мұрат Әбеновтің "Аманат" деген ұйымы болды. Мақат Садықтың "Таза сайлау" деген ұйымы болды. Бұлар шынайы тәуелсіз бақылаушыларды ысырып шығару үшін ойластырылған еді. Сонымен бірге саяси партиялардың тәуелсіз бақылаушылары да "Аманат" партиясының спутниктері. Бізде тіркелген шынайы саяси партия жоқ. Олардың бақылаушылары бір де бір рет сайлау әділетсіз өтті деп шағымданбаған, бейбіт митинг өткізбеген және соттаспаған", – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, бір де бір сайлау әділ өтпегеннен кейін халық бұл науқанға аса сенбейді және аса қызықпайды. Қазіргі жарияланған заң жобасы онсыз да өлгелі тұрған сенімді біржола өшіруге арналған "тактика" тәрізді.

"Билік азаматтарымыздың саясатқа араласуын шектеуге мүдделі. Бұл – тығырыққа тірейтін жол. Қазақстан бұған дейін электоралды автократия ретінде қарастырылып келсе, енді таза автократияға көшейін деп отыр. Екінші қаңтар оқиғасының болуына жол беріп отырғандаймыз. Өйткені адамдардың бейбіт жолмен саясатқа араласуына, пікір білдіруіне мүмкіндік қалдырмайын деп отыр. Сайлауды билік транзитін бейбіт жолмен, қантөгіссіз тапсыратын тәсіл ретінде қарап отырған жоқ. Өз билігін ұзарту, халықаралық қауымдастықтың алдында Солтүстік Корея мен Түрікменстаннан өздерін ерекшелеп көрсететін рәсім деп қана қарап отыр", – дейді Шалқар Нұрсейіт.

P.S. Заң жобасына кез келген адам пікір жазып, лайк немесе дизлайк баса алады. Қазір дизлайк пен наразы пікірлер саны басым. Құжат халық талқылауынан кейін парламент депутаттарының қарауына барады. Онда мақұлданса, заң ретінде қабылдау үшін президентке қол қоюға жөнелтіледі.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу