Қазақстан Қытайды жылытпақшы

14839

Еліміздегі жылу бөлетін жинақ өндіруші зауыт өзінің алғашқы өнімін 2019 жылы ҚХР-ға жөнелтеді. 

Қазақстан Қытайды жылытпақшы

"ҚазАтомӨнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы" АҚ 2019 жылы Қытайға ЖБЖ-ны жөнелтуді жоспарлап отыр. Мұны "ҚазАтомӨнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы" АҚ-тың өндіріс және ядролық отын циклы бойынша бас директоры Бауыржан Ыбыраев мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта біздің ядролық-отын циклымызға жетіспейтіні – аффинаж бен айырбастау. Аффинаж бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үстіндеміз. Егер мұны қажет деп есептейтін болсақ, онда елде аффинажды өндіру жұмысын ұйымдастыру мәселесін қарастыратын боламыз. Жылу бөлетін жинақ өндіру бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқаны сіздерге белгілі. Тура екі жылдан кейін зауытты пайдалануға береміз. Сонымен бірге оның жылу шығаратын жинақты өндіру көлемін арттыруға тырысамыз", – деді ол V халықаралық "Энергия, су және химия" инновациялық мектебінде.

"Ол 2018 жылдың соңында – 2019 жылдың басында іске қосылады. 2018 жылдың соңында іске қосамыз, содан кейін сертификаттаудан өтуге тағы 9 ай керек. 2019 жылы алғашқы өнімімізді аламыз деп жоспарлап отырмыз", – деп нақтылады Бауыржан Ыбыраев abctv.kz-ке берген сұхбатында.

Сонымен бірге ол француз дизайнындағы зауыттың барлық өнімі уағдаластық бойынша ҚХР-ға жөнелтілетіндігін айтып кетті.

"Мұндай талапты біз қойып отырмыз. Бұл – off-take келісім-шарт. Біз тек шығарып қана қоймай, сонымен бірге сатуға да тиіспіз. Яғни, бүгінгі күні осыған off-take келісім-шарт бар. Ол кезде баға нарықтық болады. Жабдық – Areva-ға тиесілі, технология – француздардікі",– деді Бауыржан Ыбыраев.

Бұдан бұрын энергетика министрлігінің 2015 жылғы жұмысының қорытындысы туралы анықтамада жылу бөлетін жинақты өндіретін қазақ-қытай "Ульба-ЖШЖ" ЖШС БК-ты пайдалануға беру 2018 жылға жоспарланып отырғаны, ал алғашқы өнім алу мен оны Қытайға жөнелту 2019 жылға жоспарланғаны айтылған.

2015 жылдың желтоқсан айында, мұның алдында айтылғандай, "ҚазАтомӨнеркәсібі" China General Nuclear Power Corporation (CGNPC)-мен бірлесіп, ҚХР-дың атом электр стансаларына жылу бөлетін жинақты өндіру үшін өндірістік қуаты жылына 200 тонна болатын "Үлбі металлургия зауыты" АҚ базасында "Ульба-ЖШЖ" ЖШС БК-ні құрған болатын.

2016 жылдың мамыр айында Ұлттық акционерлік қоғам қайта сату компаниясын құрды. "ҚазАтомӨнеркәсібінің" ҚХР, АҚШ және РФ-дағы өкілдіктері таратылып,  жаңа маркетингтік саясатты әзірленуде.

Соңғы жылдары еліміз АҚШ нарығына уран сатушы ірі елге айналды. Сонымен қатар Франция үшін де ірі уран сатушы шетел болып отыр. Үнді үкіметімен келісім-шарт жасалып, Иранды қарусыздандыру жөніндегі БҰҰ бағдарламасының шеңберінде Иранға байытылған уранның алғашқы партиясын жөнелтті.

Елімізде АЭС-тың жоқтығынан мұндай өнімге әзір сұраныс жоқ. Бірақ, елде бір, тіпті бірнеше атом стансасын салу мәселесі қайта-қайта қарастырылып жатыр.

ҚР премьер-министрінің №60-р өкімімен бекітілген 2014 жылы елдегі атом электр стансаларын салу жөніндегі бірінші кезекте тұрған шаралар жоспарын іске асыру үшін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ға "Қазақстанның атом электр жүйелері" АҚ-ты құру тапсырылған болатын. Кейіннен ҚАЭС "ҚазАтомӨнеркәсібіне" берілді. Енді ұлттық компанияның "еншілес" компаниясы. ҚАЭЖ еліміздегі атом энергетикасын дамытуға қатысты міндеттер, сондай-ақ еліміздегі АЭС циклын іске асыру кезеңдерін басқару жүктелген.

Бауыржан Ыбыраевтың айтуынша, ҚазАтомӨнеркәсібі уран өндіретін шағын кен көздерін игеруге мүмкіндік беретін жергілікті жабдықтарды экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Ұлттық акционерлік қоғамда қолданылатын жабдықтың өнімділігі 3,5 жыл ішінде тәулігіне 250 кг табиғи уран өндіріп алады. Жабдықты шығаруға 1 жыл уақыт кетеді, ал жинап, орнатып, іске қосуға 1,5 ай керек. "ҚазАтомӨнеркәсібі" кәсіпорындарында осындай бір жабдық жұмыс істеп тұр, ұлттық компания 2017 жылы тағы да бір қуаты үлкен жабдықты шығармақ.

Ұлттық акционерлік қоғам бұл жабдықты келешекте сатып алатындарға тартымды ету үшін оны жыл бойы пайдалануға бейімдеуді жоспарлап отыр.

"Бұл бүгінгі күні жалғыз тартымды ноу-хау... Ауа-райына байланысты қиындық бар, жабдықты қыста қолдану қиындау болады. Бірақ, оны жыл бойы жылытып пайдалануға үйретіп жатырмыз",– деді Бауыржан Ыбыраев.

Мұндай жабдық уранның аз қоры бар жекелеген кен көзінде тиянақты жұмыс істей алады. Ол үшін электр желісін тартып, үлкен цех пен имарат салудың керегі жоқ. Бауыржан Ыбыраевтың айтуынша, жабдық өзіндік құнды атарлықтай азайтады.

Мұндай жабдықты сатып алуға шетелдіктер қызығып отыр. "Оларды сатып алуға бірнеше ұсыныс бар. Сондай-ақ, мұндай жабдық бізде де сатып алынатын болады деген үміт жоқ емес... Украина, Қырғызстан, Чехия, Моңғолия тарапынан сатып алуға деген қызығушылық баршылық", – деді Бауыржан Ыбыраев.

Бірақ, жабдық бір-бірлеп қана шығарылады. "Біздегі сала өте кішкентай. Қызыққан елдердің тапсырысымен бір данадан ғана шығарылатын болады. Жабдық бүгінгі күні ҚазАтомӨнеркәсібінің еншілес компаниясы болып табылатын "ҚазАтомӨнеркәсібі - SaUran" ЖШС-да жиналады, ал бөлшектері Үлбі машина жасау зауытында жасалады. Жобаның дайын өнімі ҚазАтомӨнеркәсібінің жоғары технология институтында іске асады", – деді Бауыржан Ыбыраев.

Сонымен бірге ұлттық компания 2015 жылдан бастап ресурстық базаның орнын толтыру мәселесін шешіп жатыр. Бұл жұмысты 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Осы жұмыстың нәтижесінде компания тағы 60 мың тонна табиғи уранды табуға үміттеніп отыр, деп Бауыржан Ыбыраевтың слайдында көрсетілді.   

"Біздегі геологиялық барлау енді ғана басталды. Қорды растау қор бойынша мемлекеттік комитетке бергеннен кейін ғана болады. Бірақ, жұмыс басталды, ол әрі қарай жалғасатын болады. Бұл бағдарлы сан. Сан өзгеруі мүмкін және ол қор бойынша мемлекеттік комитетте мақұлданған соң ғана бекітіледі. Менің ойымша, 2025 жылдан кейін геологиялық барлау бағдарламасы айтарлықтай болады, ал 2025 жылдан кейін қор бойынша мемлекеттік комитетке шығамыз", – деді ол.

Келешекте барланатын жерлер өз күшімізбен, сондай-ақ шетелдік серіктестердің қатысуымен әзірленеді деген жоспар бар.

"Қордың өсуі едәуір үлкен соманы құрайды деп ойлаймыз. Украинамен табиғи уранды өндіру үшін бірлескен кәсіпорын құруға деген жақсы жоспар бар", – деп атап көрсетті "ҚазАтомӨнеркәсібі" өкілі.

Қазіргі уақытта біздің еліміз уран қоры бойынша Аустралиядан кейін екінші орында тұр.

Ұлттық компания уран бағасына сеніммен қарайды. "Кез-келген маңызды оқиғадан кейін оның оң да, теріс те жақтары болатыны сөзсіз. Бұл Фукусимадағы апаттың ықпалы. Бірақ, біз құлдыраудың шегіне жеттік, енді өсуді күтеміз", – деді Бауыржан Ыбыраев.

 Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу