Қазақстан мен Қытай Ресей газын өткізудің әлеуетті нарығына айналуы мүмкін

2085

Жылжымайтын мүлік нарығының негізгі проблемасы – пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын үйлердің жоғары үлесі. 

Қазақстан мен Қытай Ресей газын өткізудің әлеуетті нарығына айналуы мүмкін Фото: Ерлан Каримовтың жеке мұрағаты

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. 

Оның ішінде ТКШ инфрақұрылымын жөндеу, көлік жолдарының сапасын арттыру мен газдандыру, креативті экономиканың үлесін арттыру сынды басты міндеттер айтылды. 

Аймақтық зерттеулер орталығының директоры Ерлан Каримов inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында тұрғын үй қолжетімділігін арттыру үшін екінші деңгейлі банктерде кредит берудің жаңа құралдарын енгізу, Ресейден 4 миллиард текше метрден 10 миллиард текше метрге дейін көлемде газ тарту, жол құрылысына қажетті материалдар шығаратын зауыттар салу шараларын қолға алу қажет екенін айтады. 

– ТКШ инфрақұрылымын жақсарту және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша қандай шараларды экономикалық пайда мен әлеуметтік маңыздылық тұрғысынан неғұрлым тиімді деп санауға болады?

– Жылжымайтын мүлік нарығының негізгі проблемасы – пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын үйлердің жоғары үлесі. Мәселен, республика бойынша үйлердің 58%-ы 1991 жылға дейін салынған, ал облыс орталықтарындағы оның үлесі 53%-ға дейін барады.

Пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын "ескі" үйлердің көпшілігі Қарағанды облысында орналасқан, олардың үлесі – 86,5%-ды. Ең "жаңа" үйлер Маңғыстау облысында орналасқан, онда ғимараттардың тек 8%-ы 1991 жылға дейін салынған. Өйткені онда құрылыс мұнай кен орындарын белсенді игеру кезеңінде (2006 жылдан бастап) жанданғаны белгілі.

Елдегі тұрғын үйдің тағы бір маңызды проблемасы – 30 мыңға жуық адам тұратын 2 мыңға жуық апатты үйдің болуы (жалпы ауданы 541 мың шаршы метр).

Атырау облысы жаңа үйлердің жаңа үйлердің саны бойынша көш бастап тұрғанына қарамастан (82%), өңірде құлайын деп тұрған үйлердің саны көп (жалпы ауданы 120,6 мың шаршы метр болатын 379 үй). Өз кезегінде, Қостанай облысында тек 5 апатты үй бар, оның 2 ғимараты Қостанай қаласында орналасқан.

Өңірлерде жылжымайтын мүлік нарығында екі негізгі проблема бар: тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі.

Қазақстанда тұрғын үй сапасын жақсарту үшін ірі құрылыс компанияларын ынталандыру, өңірлерде (атап айтқанда, тұрғын үй алаңының тозу деңгейі жоғары өңірлер) жобаларды іске асыру ұсынылады.

Тұрғын үйге қолжетімділік проблемаларын шешу үшін екінші деңгейдегі банктермен, "Отбасы Банкімен" және/немесе "Қазақстан халқына" қорымен тұрғын үйге жеңілдікпен кредит берудің (жеңілдікпен ипотека) өңірлік бағдарламаларын құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Өздеріңіз білетіндей, Екінші деңгейдегі банктер 50 жастан асқан тұрғын үйді кепілге алмайды, тиісінше өңірлердің тұрғындарының жаңа тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі шектеулі. "Отбасы банкі" және басқа банктерге кредит берудің жаңа құралдары Қазақстандағы өңірлердің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.
 
– Үкімет ұсынған деңгейде жол желісін дамытуға және елді мекендерді газдандыруға инвестициялардың ұлғаюы қандай артықшылықтар сыйлайды? Нендей тәуекелдер бар? 

– Автожолдар бойынша өздеріңіз білетіндей, автокөлік инфрақұрылымы сапасының сын көтермейтіндігі жұмыс істеп тұрған бизнесті, өндірісті, сауданы дамытуға кедергі болып отыр. Көлік инфрақұрылымының проблемаларының бірі – жол құрылысында пайдалынылатын битум тапшылығы. Автожол жобалары үшін битумның жылдық қажеттілігі – 1,1 млн тонна. Қазақстанда өндіріс жылына небәрі 750 мың тоннаны құрайды (4 зауыт). Сондықтан маусымдық сұраныс кезінде дүрбелең мен бағаның өсуін болдырмау мақсатында қазақстандық битум өндіру зауыттарын қажетті көлемге дейін жүктеуді, сондай-ақ битумды сақтауға арналған жаңа терминалдар салуды қамтамасыз ету маңызды.

Автожолдар құрылысының битумсыз технологияларын қарастырған жөн. Жалпы, осы салада отандық әзірлемелерді барынша тарту және импортталатын технологиялар мен жабдықтарды міндетті түрде оқшаулауды қамтамасыз ету де маңызды.

Газдандыру бойынша Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі елдің батыс, оңтүстік және орталық өңірлерінің халқы үшін газ тасымалдауды қамтамасыз ететін ұзындығы 20,8 мың шақырымнан астам тармақталған инфрақұрылымнан тұрады.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ел халқының газдандыру деңгейі 59%-ға жетті немесе 11,6 миллион адам табиғи газды тұтынып отыр (2020 жылы – 54,29%, 2021 жылы – 57,67%).

Алайда, қосымша пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Мысалы, Қазақстанда электр энергиясының газ генерациясы тек 5 бөлігін құрайды (20%). 

Бұл жағдай, ең алдымен, арзан отын ретінде көмірді пайдаланумен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға газды отын ретінде пайдалануға және оны ішкі нарыққа жеткізуге экономикалық ынталандырудың болмауымен байланысты. 

Жер қойнауын пайдаланушылар мұнай өндіруді ұлғайту үшін ілеспе газды қайтадан қабатқа айдауды жөн көреді, осылайша біз ілеспе газды пайдаланудың пайдасын көрмей келеміз (ілеспе газды сұйытылған газға өңдеу үшін жоғары қысым немесе төмен температура қажет, сәйкесінше отынның бағасы қымбаттайды).

Менің ойымша, ұзақ мерзімді перспективада ішкі сұраныстың артуына байланысты коммерциялық газды жеткізу жеткіліксіз болады, әсіресе электр энергиясы сегментіндегі көмірді газбен алмастыру жағдайында. 

Себебі коммерциялық газды өндіру резервуарға кері айдаудың тұрақты қажеттілігімен және коммерциялық айналымға қолжетімді ілеспе газды енгізу үшін баға ынталандыруларының болмауымен тығыз байланысты.

Алайда, Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті. ЕО елдеріндегі ресейлік газ импортына тыйым артық қалған 140-150 миллиард текше метр газды сату үшін жаңа нарықтарды іздеуге итермелеп отыр. Қазақстан мен Қытай Ресей газын өткізудің әлеуетті нарығына айналуы мүмкін.

Қазақстан үшін жіберілетін көк отынның көлемі елді газдандыру жөніндегі жоспарларды іске асырудың жылдамдығы мен кеңдігіне байланысты болады. Жеткізу жылына 4 миллиард текше метрден 10 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін.

Алайда Ресей Федерациясымен келіссөздерде тежегіш фактор – газдың құны (Ресей Федерациясында тіпті ішкі тарифтер Қазақстанға қарағанда екі-үш есе жоғары).

– Жоспарланған инвестициялар мен жаңа жобаларды ескерсек, өңдеу өнеркәсібі мен транзиттік дәліздерді дамыту үшін қандай мүмкіндіктен ашылады?
 
– Өңдеуші өнеркәсіпті және елдің логистикалық әлеуетін дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) халықаралық сауданың өзгермелі ортасына, әсіресе Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ), Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО), Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасына және басқа да халықаралық келісімдер мен өңірлік ұйымдарға мүшелігі тұрғысынан бейімдеу қажеттілігі туындайды.  
Бұл өз кезегінде Қазақстанның өңірлік және жаһандық құн есептеу тізбегіне (ЖҚЕТ) интеграциялануына жәрдемдесетін болады. 

Әлемдік сауданың 80%-на қатысты ЖҚЕТ-ке қатысу Қазақстанға халықаралық нарықтарға шығуға, сол арқылы өзінің салыстырмалы артықшылығын ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен ноу-хауды берумен қатар ауқымды үнемдеу есебінен пайда алуға мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбектерге белсенді интеграциясы, трансконтиненталдық маршруттарға жаңа транзиттік жүк ағындарын тарту мақсатында басқа елдердің темір жолдарымен үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың нәтижесін соңғы 6 жылда жылына 16,0-ден 23,2 млн тоннаға дейін 1,5 есе өскен жүктерді транзиттік тасымалдаудың өсу серпінінен байқауға болады.

Негізгі өсім "ҚХР – ЕО – ҚХР" бағытындағы транзиттің, сондай-ақ "ҚХР - ОА - ҚХР", "Ресей - ОА - Ресей" және Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) ұлғаюына байланысты. Жалпы тасымалдау көлемінің 94%-дан астамын құрайтын ішкі және экспорттық-импорттық тасымалдардың да маңызын да айта кеткен жөн. 

Қазақстанда "Көлік және қоймалау" – экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан саласы, 2023 жылы өсім өткен жылмен салыстырғанда 7,1%-ға жетті. ЖІӨ-ге жалпы қосылған құнның саланың үлес салмағы 5,3% құрайды.
 
– IT қызметтерінің экспортын 600 миллион долларға дейін арттыруды қоса алғанда, ақпарат және байланыс қызметтерінің өсуін ынталандырудың басқа қандай жолдары болуы мүмкін?
 
Ақпарат пен байланыс қызметтерінің өсуін ынталандыру үшін "сары" немесе "креативті" экономика өкілдеріне елеулі қолдау қажет.

Соңғы жылдары "сары" экономика салалары әлемдік экономикаға елеулі үлес қосып,  қарқынды өсуде, қазірдің өзінде сектор әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3,1%-ын құрайды. 

Экспорттың жалпы көлемінің 3%-ын "сары экономика" тауарлары, ал 21%-ын қызметтері құрады. Мәселен, 2020 жылы "сары экономика" тауарларының әлемдік экспорты 524 млн долларға, ал қызметтердің әлемдік экспорты 1,1 трлн. долларға жетті. 

Өздеріңіз білетіндей, "шығармашылық экономикаға" жарнама, сәулет, сәндік-қолданбалы өнер, дизайн, сән, кино, видео, фотография, музыка, орындаушылық өнер, баспа, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, бағдарламалық жасақтама, компьютерлік ойындар, электронды басылымдар мен теледидар/радио кіреді.

Қазақстанда креативті экономиканың тауарлары мен қызметтерін дамыту мен экспорттаудың барлық алғышарттары бар.

Алайда, елде креативті немесе "сары" экономика деп аталатын сала дамуының аймақтық диспропорциясы байқалады. Мысалы, 2021 жылы Қазақстанда креативті индустрияның кейбір салаларының қызмет көрсету көлемі 628,5 млрд.теңгені құрады, оның 81,4%-ы Алматы және Астана қалаларына тиесілі.

Өңірлерде креативті ("сары") экономиканың дамуындағы түбегейлі айырмашылықтар шығармашылық өсу үшін инфрақұрылымның болу-болмауымен байланысты. Сондықтан креативті индустрияларды дамытуда Алматы және Астана қалалары айтарлықтай артықшылыққа ие. 

Қазақстан өңірлерінде "сары" экономиканы дамыту үшін:
* саланың қазығы кино және ТВ студиялары сияқты ұйымдарды дамыту;
* шығармашылық нысандарды (галереялар, театрлар және т. б.) танымал ету;
* жастар арасында шығармашылықтың дамуын ынталандыратын оқу орындарын қолдау;
* жылжымайтын мүлікті пайдалану, атап айтқанда, бос қалған объектілерді коворкинг аймағына немесе шығармашылық шеберханаларға айналдыру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу