Қазақстан өз аспанында пилотсыз ұшу аппараттарының ұшу тәртібін қатайтпақ

2124

Бұл ретте заңнамада ПҰА ұғымы ПАЖ-ға ауыстырылады. 

Қазақстан өз аспанында пилотсыз ұшу аппараттарының ұшу тәртібін қатайтпақ Фото: almaty.tv

Елімізде тұрмыстық техника дүкендерінде еркін сатылып келген дрон, квадрокоптер және басқа пилотсыз ұшатын аппараттардың әуеде ұшуына шектеу қойған заң VI шақырылымдағы Парламенттің (2016–2021 жылдар) атын шығарған атышулы заң болды. Себебі той десе делебесі қозбайтын қазақстандық аз, ал бұл думан есте қалуы үшін жас жұбайлар, өзге де той иелері өздерін әуеден түсіргенін қалайды. Жалпы, сыйлы кез келген фотографта, видеоблогерде, тревелблогерде міндетті түрде коптер болуға тиіс еді. 

Олардың шектелуіне қоғам белсенділері қарсы болды. Жауапты меморгандар өкілдерінің: "бұл аппараттар көмегімен жеке өмір құпиясы бұзылатыны", мысалы, коптерлер терезелерге үңіліп, жасырын видеолар түсіретіні туралы дәйектемелері салмақты көрінбеді, тек әжуа мен кекесін туғызды. Мұның тек котедждерде, үлкен дуалдардың ар жағында тығылған ығай мен сығайға ғана керектігі көп айтылды.

Әрине, заң күшіне енді. ПҰА-лардың әрқайсысын мемлекеттік тіркеуге қою, қалалар, елдімекендер үстінен ұшыру үшін құзырлы органнан рұқсат алу және басқа да талаптар көп адамды ПҰА-лардан жирендірді. Оны жұмыста қолданатын фотографтар мен блогерлер қатары сиреді. 

Ал 2022 жылы ТМД аумағында алапат соғыс басталды. Өз азаттығы мен аумағын жанқиярлықпен қорғаған Украина ұландары жасампаздық танытып, бейбір коптерлерге бомба іліп, оны қарсыласының окоптары мен танктерінің үстінен дәл тастап, дұшпанына қырғидай тиді. 

Бұл қарулы қақтығыстан Қазақстан да білгенінше сабақ алуда. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) қызықты құжатын қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Бұл – ИИДМ жаңа басшысы Марат Қарабаев қол қоятын жаңа бұйрықтың жобасы. 

Құжат "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №706 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" деп аталады. 

Бұйрық қабылданса, бірнеше елең еткізерлік жаңалық өмірге жолдама алады. Біріншіден, Қазақстан дрондардың, коптерлердің және басқаларының заңнамадағы ортақ атауын өзгертеді. Бүгінде олар пилотсыз ұшу аппараттары (беспилотные летательные аппараты) деп аталады. Жаңа құжатта оны "пилотсыз авиациялық жүйелер" (беспилотные авиационные системы) деп өзгерту ұсынылып отыр. 
ПҰА ұғымы біршама ескіріп қалды және заманауи аппараттардың бәрін қамти бермейтін көрінеді. Ең бастысы, министрліктің түсіндіруінше, 2022 жылғы 29 желтоқсанда қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының 41-72-тармағында Қазақстаның әуе кеңістігінде пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидаларын бекіту міндеті қойылды. Заңнама бойынша пилотсыз авиациялық жүйелерге – пилотсыз ұшу құралдарының өздері ғана емес, оларды қашықтықтан басқаруға арналған жабдықтар да кіреді.

Тиісінше, қолданыстағы қағидалардың атауы да өзгереді: ол алда "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидалары" деп қайта аталуы мүмкін.

Екіншіден, министрлік бұл саладағы бюрократиядан арылуды ұсынды. 
"Осы қағидалардың ережелері "ұшатын ойыншықтарды" пайдалануға және "авиамоделдерді" әуеге ұшыруға, сондай-ақ ғимарат ішінде пилотсыз авиациялық жүйелерді пайдалануға таралмайды", – деп жазылған бұйрық жобасында. ИИДМ осы арқылы шектен тыс мемлекеттік реттеуді болдырмауды көздеп отыр. Бұл жеңілдік көңіл көтеру үшін – әуесқойлар, авиамодельдеу спортында – кәсіпқойлар қолданатын авиамодельдерге ғана ұсынылмақ. 

Ал өзге пилотсыз авиациялық жүйелердің (ПАЖ) бәрінің, соның ішінде коптерлердің иелері аппаратын Қазақстан аспанында ұшыру үшін сол бұрынғыдай, мемлекеттен рұқсат алуы шарт. 

Үшіншіден, ПАЖ операторы сертификатын алу талабын қою ұсынылды.
Жаңа талап күшіне енсе, онда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым (қазір бұл Азаматтық авиация комитеті) бекітілген үлгідегі конструкциясы жоқ пилотсыз авиациялық жүйелерге сәйкестік сертификатын береді. Мұндай құжатсыз ПАЖ-дарды Қазақстан әуе кеңістігінде пайдалануға рұқсат етілмейді. 

Сәйкестік сертификатын ПАЖ әзірлеушісі, өндіруші немесе соны басқаратын оператор ала алады. Бұдан бөлек, аппарат иесі декларация тапсырып тұруға міндеттелмек.

Құжатта берілген анықтамаға жүгінсек, сәйкестік туралы декларация – өтініш беруші пилотсыз авиациялық жүйесінің осы қағидалардың талаптарына сәйкестігін және оны қауіпсіз пайдалану үшін жалғыз өзі жауап беретінін қол қою арқылы растайтын бірыңғай нысандағы құжат.

Жаңа бұйрық жаңа ұғымдарды құқықтық айналымға енгізеді. Мысалы, автономды әуе кемесі (ұшуды басқаруға адамның араласуын көздемейтін ұшқышсыз аппарат), автономды ұшу (аппараттың оператор араласуынсыз орындайтын ұшулары), әуе кемесінің сыртқы командирі (қашықтан басқарылатын авиация жүйесі командирінің функцияларын орындау үшін пайдаланушы тағайындаған және ұшуды қауіпсіз орындауға жауапты сыртқы ұшқыш) және басқасы.

ПАЖ-ды, соның ішінде дрондарды, коптерлерді және басқасын пайдалануға оларды Қазақстанның азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларында айқындалған тәртіппен Азаматтық авиация комитетінде тіркеуге немесе есепке қойылғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) талабы бойынша, дрон, квадрокоптер және басқаларын ұшыру операциялары үш түрге бөлінеді: "Ашық", "Ерекше" және "Сертификатталған".

Қарапайым халыққа соның "Ашығы" қатысты. Қолданыстағы талап бойынша азаматтарға елді мекен, ғимарат үстінен тек 50 метр, ал далада, нысандардан алыстау жерлерде 200 метр биіктікке көтеруге рұқсат етілген. 

Ал жаңа талаптар әлдеқайда күрделі. Оған сай, "Ашық" санатындағы ПАЖ ұшуларына мынадай талаптар сақталған кезде ғана рұқсат етіледі: 

  • Аппараттың максималды салмағы 1,5 келіден аспауға тиіс;
  • Әуе кеңістігін пайдаланушыда 1 санатты ПАЖ операторының сертификаты болған жағдайда ғана ол аппараттың максималды салмағын 25 келіге дейін арттыруға болады;
  • ПАЖ операторында пилотсыз авиациялық жүйені тіркеу туралы куәлігі болуы қажет,
  • Ұшу күндізгі уақытта көру шегінде (VLOS) жүзеге асырылады;
  • Пилотсыз әуе кемесінің автономды ұшуы орындалмайды;
  • Бұқаралық аэрошоу қойылымдарын қоспағанда, жоспарланған ұшудың нақты биіктігі 50 метрден аспайды;
  • Бақыланбайтын әуе кеңістігінде: аэрошоуды қоспағанда, жоспарланған ұшудың нақты биіктігі 200 метрден аспайды;
  • Ұшу тек қана қалалар мен кенттердің халық тығыз орналасқан аудандарынан тыс орындалады. Халық тығыз жерлерге көпқабатты тұрғын ғимараттар (шағын аудандар, тұрғын үй кешендері, қонақүй кешендері), әкімшілік ғимараттар, көпқабатты бизнес-орталықтар және кеңселер, мемлекеттік мекемелер, сауда объектілері, сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар, жәрмеңкелер, концерт залдары, спорт құрылыстары, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, вокзалдар, станциялар, порттар, оларға жапсарлас ашық аумақтар жатады;
  • Ұшу тыйым салынған және қауіпті аймақтардан, ұшуды шектеу аймақтарынан, ұшқышсыз әуе кемелерінің ұшуын шектеу аймақтарынан, ұшқышсыз әуе кемелерінің ұшуларына арналған әуе кеңістігі аймақтарынан тыс жүзеге асырылуға тиіс; 
  • ПАЖ-дарға әуежайлардың диспетчерлік пунктіне 8 шақырымға жақындауына тыйым салынады;

Ең бастысы, пилотсыз авиациялық жүйелер ұшу кезінде ешқандай жүк тасымалдамауға, ештеңені түсірмеуге, жерге, шашпауға лақтырмауға тиіс. Яғни, Қазақстанда ұшатын беспилотниктерді қала ішінде пошта, сәлемдеме, сатып алынған заттарды тасуға, курьер ретінде қолдануға әзірге рұқсат етілмейді. 

Бұдан бөлек, пилотсыз ұшатын аппараттардың барлық түріне адамдарға, ғимараттарға, құрылыстарға, көліктерге төбеден емес, көлденеңнен 100 метр жақындауға рұқсат етілмейді. Бұл арқылы мысалы, әлдекімнің терезесінен сығалаудың жолы кесілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу