Қазақстан Ресей "КВН"-іне қатысу тәжірибесінен бас тартпақ

4417

Биыл отандық алғашқы команда бара алмай қалды. 

Қазақстан Ресей "КВН"-іне қатысу тәжірибесінен бас тартпақ

Мұнай бағасы шарықтап, ел басшылығы бедел-имиджді басты орынға қойған шақта қазақ елі ресейлік көңілділер мен тапқырлар ойынына баса көңіл бөліп, Масляковтар әулетінің "АМиК" телевизиялық шығармашылық бірлестігін біраз байытты. Енді ол заман келмеске кете бастағанға ұқсайды. Жаңа әрі ізгі бетбұрысты биыл орыс тілділері қалың Солтүстік Қазақстан облысы бастап, өзгеге үлгі болды.

"Гурбангулы Бурдымухамедов атындағы трио" командасының лидері Сайран Арлан жақында көмек сұрап, СҚО әкімі Құмар Ақсақаловқа хат жазды. СҚО атынан өнер көрсететін команданың Түрікменстан президентінің есімімен аталғаны назар аудартады. Мұсылман үмметі үшін қасиетті ұғымдардан құрылған бұл аты-жөнді айтуда қазақ тілділер еш қиналмайды. Ал ресейліктер түрікмен көшбасшысының аты-жөнін дыбыстауда біраз қиналады. Ресей аудиториясына бағдарланғандықтан, солтүстікқазақстандық "квээншілер" соны қызық көріп, команда атауы ретінде алған деседі.

Оның әзілқойлары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері. Олардың өнерін Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау және басқа да қала тұрғындары тамашалай алды. Жетістіктері де жоқ емес. Бірақ қазақстандық көңілділер мен тапқырлар елдегі асуларды менсінбей, Ресей "КВН"-і сатыларын бағындыруға ұмтылады, соны өз табыстарының ең жоғарғы шыңы санайды.

"Гурбангулы Бурдымухамедов атындағы трио" өкілдері де биылғы қаңтарда Сочидегі 31- "Кивин-2020" халықаралық КВН командалары фестиваліне қатысуға шақыру алғанына қуаныштары қойнына симай шаттанады. Алайда қаржылық көмек көрмей, бара алмай қалған.

"Бюджетіміз жетпеді. Салдарынан, халықаралық деңгейде облысымыздың намысын қорғау мүмкіндігінен айырылып қалдық. Демеушілеріміз жоқ, барлық шығынды өз қалтамыздан шығарудамыз. Соған қарамай жігерлі жұмыс жасап, өз облысымызда КВН-ді дамытуға күш салып келеміз. Өз атымызды шығарғымыз келеді. Бұл үшін Ресейде күш сынасу керек" – дейді Сайран Арлан.

Осы жылғы 15 ақпанда көршінің Сургут қаласында Масляковтар "Северный десант" КВН Лигасын ұйымдастырды. СҚО командасы соған қатысуға жанталасқан. Әкімге хат жазуының себебі де содан. Дегенмен, қолдау болмады. Енді "трио" алдағы Омбы қаласындағы ойындарға, одан кейін Сочидегі үлкен фестивальге барудан үмітті.  

"Ресейлік КВН-ге қатысу үлкен қаржылық шығындарды талап етеді. Студенттерге қаражат табу өте қиын. Бізде мұндай шығынды сапарлар түгіл, өз мұқтаждығымызға ақша жетпей жатады", – дейді КТК-шы. Сондықтан команда облыс басшылығынан Ресейдегі КВН сайыстарына қатысу құнын бюджеттен көтеруді не демеуші тауып беруді сұраған.

Челябі мен Магнитогорскінің "Уездный город" құрама командасының капитаны Сергей Писаренко Масляковтар әулеті КВН-ді кірісі ылан-ойран бизнеске айналдырғанын айтады.

"Миллиондаған жас адам команда құру, әзіл-қалжың қойылымын ойлап табу, ойынға бару және жарна төлеу үшін демеушілік қаражат жинайды. РФ өңірлеріндегі ойындар барысында бүкіл ТМД елдерінен дарындылар іріктеп алынып, Мәскеудегі телеэфир бағдарламаларын жазуға аттанады. Александр Масляков иелік ететін "АМиК" компаниясы телебағдарлама әзірлеп, оны көрсетудің эксклюзивті құқығын "Бірінші арнаға" сатады. Бұл жерде "АМиК" не контентке, не командаларды әзірлеуге қаржы салмайды, тіпті квээншілердің ешқандай шығысын өтемейді. Басқаша айтқанда, Масляковтар ТМД елдерінің дарынды жастарының тегін еңбегін пайдаланып, оны телевизияға сатады", – дейді Сергей Писаренко.

Оның мәліметінше, өңірлік лигаларға қатысу үшін де қомақты жарна төлеу керек, бұрын ол 15 мың рубль тұрған, бүгінде еселеп қымбаттаған. Жарты миллион теңгеге дейін жетеді екен. Кейбір бағалаулар бойынша КВН лигалары аясында бір маусым ішінде шамамен 260 мың долларға дейін жарна жиналады. 500–700 команда баратын Сочидегі фестивальда одан да көп жарна қордаланады. Бұдан бөлек, көңілділер мен тапқырлар өз елдерінде концерт өткізсе, танымалдылығына қарай түскен пайданың 10–20 пайызын "АМиК"-ке аударады.

Масляковқа дейін, сонау кеңес кезінде ойлап табылған жастардың осы танымал ойынын өз бетінше дамытуға Қазақстан біраз жыл күш салып келеді. СҚО әкімі өз жауабында ресейлік КВН енді басымдық емес екенін анық аңғартты.

"Өңірімізде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі КТК қозғалысы белсенді дамуда. Бірнеше лига жұмыс істейді, тұрақты түрде аудандық, облыстық деңгейлерде ойын өткізіледі. Мысалы, "Северная граница" командасы облыстан тыс жерлерде де танымал. "Қызылжар жастары" қоғамдық бірлестігі 2011 жылдан бері облыстық және республикалық деңгейде "Жайдарман" ойынын ұйымдастырып келеді. Содан бері 85-тен астам іс-шара өткізілді. 2017 жылдан бастап Жастар саясаты мәселелері басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында КТК ойындарын өткізуде. 2020 жылы "Солтүстік кубогы" халықаралық ойынын ұйымдастыру жоспарланған", – деді СҚО басшысы Құмар Ақсақалов.

Ол облыстық "Жастар демалысын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар кешені" бюджеттік жобасы Ресей КВН-іне қатысушы командалардың іссапарлық шығыстарын қаржыландыруды қарастырмайтынын жеткізді.

Сондықтан аймақ басшысы "АМиК" ойындарына қатысқысы келетін командалар кәсіпкерлерге немесе үкіметтік емес ұйымдарға жүгініп, өз бетімен демеуші іздеуі керектігін ескертті.   

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу