Қазақстан Ресей мен Беларусьтің қантын жеп отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4534

2020 жылы қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болады.

Қазақстан Ресей мен Беларусьтің қантын жеп отыр

Елімізде соңғы 5 айда қант өндірісі 45,4%-ға қысқарды. Ал бір жылда 91,1 мың тоннаға азайды.

Тараз, Меркі қалаларындағы қант зауыттары 2018-2019 жылдар аралығында өндіріс өнімділігін (- 48,7%) құлдыратып алды. Есептік кезеңде қос кәсіпорын небәрі 67,2 мың тонна құмшекер өндірді. Кері көрсеткішке "Орта Азиялық қант корпорациясы" ЖШС-ға қарасты Шу, Тараз, Меркі қант зауыттары жұмысының бірнеше айға тоқтатылуы себеп болды.

Алматы облысындағы Көксу, Ақсу, Бұрындай, Ескелді, Алакөл қант зауыттарының да көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жоғарыдағы зауыттар нарықтың 24,8%-ын ғана қантпен қамтып отыр.  

Сарапшы Марлен Додонов болашақта жағдай жақсаруы мүмкін екенін айтады.

"Елімізде 2 қант зауыты салынайын деп жатыр. Екі жылдан соң Жамбыл облысында құны 80 млрд теңгені құрайтын зауыт іске қосылады. Екінші зауыт Павлодар облысында бой көтереді. Оның құрылысына 180 млрд теңге жұмсалады. Өндірістік қуаты 100 мың тоннаны құрайтын қос зауыт жергілікті шикізатты игереді. Осылайша Қазақстанды қант импортының тәуелділігінен құтқаруға үлес қосады", – деді ол.

Айта кетейік, Ресейде қант шы­ға­ратын - 85, Беларусьте - 58 зауыт бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде жылына 500 мың тонна қант тұтынылады. Оның 90%-ы Ресей мен Бе­­ла­русьтен жеткізіледі.

Қазақстанда 2019 жылы қант тапшылығы болуы мүмкін екені осыдан 2 жыл бұрын айтылды. Себебі 2020 жылы шикізатты шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталады.

2018 жылы Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің комиссиясына қант импортын шектеу туралы ұсыныс түсірді. Сонымен қатар 2019 жылдың алғашқы айында Ресей вице-премьері және қар­жы министрі Антон Силуанов Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы мен кеңесінен Қазақстанға қант импорт­тау­ға берілген жеңілдікті алып тастауды сұрады.

"Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақтан тыс елдерден қант сатып алудың қажеті жоқ", – деді Антон Силуанов.

Оның шыр-пыр болатын жөні бар. Себебі Ресей Қазақстанды қант өткізетін нарық санап отыр және бұл нарыққа басқа елдің енгенін қаламайды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы заң шеңберінде Қазақстан одақ­қа мүше емес елдерден жы­лына 400 мың тонна қант импорттай алады.

Бразилия қант өн­діруді 2,2 млн, Үндістан 2 млн, ЕО елдері 750 мың тон­наға дейін қысқартуды көздеп отырғанын ескерсек, Қазақстан қалай болғанда да Ресейдің қантына деген тәуелділіктен құтыла алмайды.

Шикізатты шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталған кезде қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болып қалады. Есесіне ЕАЭО аясында шикізат пен дайын өнімді тасымалдауға басымдық беріледі. Бұл жерде Ресей мен Беларусьтің ұпайы түгел болады, ал Қазақстан ұтылады. Өйткені аты аталған екі ел қант ұсынушының, біз тұтынушының рөлін атқарамыз.

Ұлттық эко­­но­мика министрлігі сырт­­қы сауда-саттықты дамы­ту де­­пар­­таментінің директоры Жанель Күшікованың айтуын­ша, мәселені қант­ қызылшасын өсіретін алқап­тарды ұлғайту және шикізатты игеру арқылы шешу қажет.

"Екі мыңыншы жылдардың басында қанттың 3%-ы ғана отандық қант қызылшасынан, қалғаны им­порт­тық шикізаттан өндірілетін. Қазір жағдай жақсарды. Алматы, Жам­был, Түркістан об­лыстарының диқандары қызылша өсіруге білек сыбана кірісіп жатыр. Дегенмен импорттық шикі­заттан өндірілетін өнім көлемі - 90%, ал отандық қызылшадан алынатын өнім көлемі -10%  ғана болып тұр. Бұл бағытта әлі көп жұмыс істеу керек", – деп түйді ойын де­­пар­­тамент директоры.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу