Павлодар қызылшасынан жасалған қант

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6255

Биыл өңірде алғаш рет қант қызылшасы өсіріліп, одан 11 тонна қант алынды. 

Павлодар қызылшасынан жасалған қант

Павлодар облысында қант зауыты ашылады деген әңгіменің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болды. Осы орайда, болашақ зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі алдан шыққан еді. Сондықтан облыс басшылығы биыл тәжірибе ретінде қант қызылшасын өсіріп көрді. Оған Германиядан әкелінген элиталық тұқымдар егілді.

Жоспар бойынша қант зауыты тәулігіне 6 мың тоннаға жуық қант қызылшасын қайта өңдейді екен. Демек қант қызылшасы егілетін алқаптың аумағы 15 мың гектардан кем болмауы керек. Сол себепті облыстағы 10 шаруашылық "Павлодар Қант" деген кооператив құрған еді.

Биыл кооперативке енген әрбір шаруашылық қант қызылшасына бір-бір гектар жер арнап, жаңа өнім түрін екті. Алайда жеті шаруашылық қызылшаны өсіру талаптарын дұрыс сақтамаған. Олардың төккен тер, еткен еңбегі текке кетті. Ал қалған үш шаруашылық, яғни "Сергей", "Тимур" және "Ақтоғай-Агро" өнімді ойдағыдай жинап алды. Сөйтіп биыл Павлодар облысында алғаш рет 270 тонна қант қызылшасы жиналды.

Жиналған өнімді өңдеп, өнім алу керек. Сондықтан 270 тонна өнім Алматы облысындағы Көксу қант зауытына жөнелтілді. Енді, міне, арада көп уақыт өтпей Павлодарда өсірілген қант қызылшасынан 11 тонна қант алынды. Осы аптада жергілікті қызылшасынан алынған қант Павлодарға жеткізілді.  

"Көксу қант зауытының қызметкерлері біздің қызылшаның құрамындағы қант құрамының молдығын атап өтті. Мысалы, Алматы облысында өсірілген қызылшаның құрамындағы қант деңгейінің көрсеткіші 15 пайыз болса, Павлодар облысының қызылшасында бұл көрсеткіш 18 пайызды құрады. Сонымен қатар, біздің аграршылар тыңайтқыштар мен арнайы техниканы пайдаланбағанын атап өту өткен жөн. Қант зауытындағылар біздің қызылшаны көргенде, оны "Өнімді жудыңдар ма" деп сұрады. "Жоқ" деп жауап берді. Павлодар облысының топырағы құмдауыт та, Алматы облысындағы егістік алқаптары саздау болып келеді. Сол себепті біздің өнім жуылған секілді көрінеді", – дейді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Мансұр Қайырбаев.

Оның айтуынша, павлодарлық қызылшадан өндірілген қант әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қоймаларында сақтаулы тұр. Корпорация басшылығы алынған өнімді қалай пайдалану керектігін шешу үстінде. Олар қантты тұрақтандыру қорында сақтауы немесе әлеуметтік аз қорғалған тұрғындар тобына таратуы әбден мүмкін.

 Еске сала кетейік, келесі жылы Павлодар облысында 300 гектар аумаққа қант қызылшасын егу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, қызылша топырақ қабаты әр түрлі аумақтарда – Железин, Павлодар және Ақтоғай аудандарында, сондай-ақ Ақсу қаласының ауылдық аймағында егілетін болады.

Павлодарда өсірілетін қант қызылшасындағы қанттылықтың жоғары екенін Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілері одағының төрағасы Қайрат Бисетаев та мәлімдеген болатын.

"Еліміздің солтүстігінде өсірілетін қызылшаның қанттылығы Алматы, Жамбыл облыстарындағы өнімдермен салыстырғанда жоғары. Демек, Павлодар облысының бұл бағыттағы әлеуеті жоғары деген сөз. Әзірше, Павлодар облысы солтүстік өңірлер арасында қызылша өсіруден көш бастап тұр. Қызылша картоп секілді мол өнім бере алады. Оның үстіне екі дақыл да бір-бірімен үйлесе алады", – дейді Қайрат Бисетаев.

Павлодардағы қант қызылшасының өнімділігі картоп пен қызылша өсірудің маманы, "IAK" неміс компаниясының ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшы-консультанты Ханс Юрген-Фюллді де таң қалдырды.

"Алғашқы жыл үшін мұндай өнімділік пен оның құрамындағы қанттылық деңгейі жарап тұр. Өз басым мұндайды күткен жоқ едім. Себебі, бұл жақтың егістік алқаптарында қауіптілік жоғары. Қызылша дұрыс өспейтін шығар деп топшылағам. Бәрі біз ойлағандай болмады. Енді инвестиция мен кадр мәселесі шешілсе, саланың тасы өрге домалағалы тұр", – деді Ханс Юрген-Фюлл.

Қысқасы, Павлодар облысында қолға алынған тәжірибе ойдағыдай өтті деп айтуға толық негіз бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу