Қант зауыты әзірше "қағазда" ғана бар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12167

Павлодардағы болашақ зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайын. 

Қант зауыты әзірше "қағазда" ғана бар

Өткен жылы Павлодар облысында тәжірибе ретінде қант қызылшасы өсірілген болатын. Оған 10 шаруашылық бір-бір гектардан жер арнады. Өкінішке қарай, жеті шаруашылық қант қызылшасын дұрыс өсіре алмай, төккен тер текке кетті. Тек, үшеуі ғана өнімді күзде жинап ала алды. Олар – "Сергей", "Тимур" және "Ақтоғай-Агро" кәсіпорындары. Жиналған 270 тонна өнім Алматы облысындағы Көксу қант зауытына өңдеуге жіберіліп, одан 11 тонна қант алынды. Алынған өнім Павлодарға жеткізіліп, әлеуметтік дүкендердегі қант бағасын сақтап тұруға септігін тигізді.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібековтің сөзінше, қант қызылшасын өсіру ісі биыл да жалғасын табады. Тек, осы жолы бұл іске ғылыми тұрғыдан ден қойылмақ.

"Былтыр қант қызылшасын картоп пен сәбіз секілді өсіре салдық. Биыл бұған ғылыми тұрғыдан ерекше мән беріп отырмыз. Өткен жылы жақсы өнім алған үш шаруашылық қант қызылшасына 225 гектар жер бөліп отыр", – деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, қант қызылшасын өңірдегі шаруашылықтар жаппай өсіріп, шикізат қоры жеткілікті түрде қалыптасқан жағдайда ғана қант зауытын салуға болады. Нұрлан Сәдібековтің сөзінен ұққанымыз, Ақсу ауылдық аймағынан қант зауытын салу жуық арада жүзеге аспайтын секілді. Себебі, әзірше болашақ зауыттың тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайын екені белгілі болды. Енді жобалық-сметалық құжатын әзірлеу керек. Дәл осы құжат дайын болғанда ғана толық картинаға көз жеткізуге мүмкіндік бар.  

"Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр", – деді Нұрлан Сәдібеков.

Ал өткен жылдың соңында Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов бізге берген сұхбатында түрік, қытай және инвесторлармен келіссөздер жүргізілгенін айтқан болатын. Сондай-ақ, жобаны 2020-2022 жылдары жүзеге асыру көзделіп отырғанын жеткізген еді.

Жалпы, Павлодар облысы биыл қант қызылшасынан бөлек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың егістік көлемін арттырмақ. Дәлірек айтсақ, осы жылы картоп 1,5 мың гектарға, қарақұмық 8 мың гектарға көбеймек. Тұтастай алғандай, облыс бойынша егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 150 мың гектарға ұлғаяды деп күтілуде.

"Егістік көлемі жем-шөп дақылдарының есебінен көбеяді деп күтілуде. Себебі, былтыр өңірде мал басы өсті. Үш тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Төрт-түліктен мол өнім алу үшін жем-шөп сапалы болуға тиіс. Сондықтан, шаруашылықтар биыл жем-шөп дақылдарының алқабын ұлғатуды жөн санауда", – дейді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысына көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 19 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп отыр. Бұл өнім наурыз, сәуір және мамыр айларына арналған. 

Сондай-ақ, Павлодар облысында көктемгі дала жұмыстарына 3,1 млрд теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Бұл қаржы гербицидтарды, минералды тыңайтқыштарды, тұқымдарды субсидиялауға жұмсалады. Сонымен қатар, "ҚазАгроның" еншілес компаниялары арқылы көктемгі дала жұмыстарына 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу