Болат Бақауов: Қонақүйді – түріктер, кремний зауытын арабтар салады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4769

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Іnbusiness.kz тілшісіне сұхбат берді. 

Болат Бақауов: Қонақүйді – түріктер, кремний зауытын арабтар салады Фото: Валерий Бугаев

– Болат Жұмабекұлы, Павлодарда "Инвесторлар үйі" ашылып, бұл жерде апта сайын отандық, шетелдік инвесторлармен кездесу өткізесіз. Бүгін де Сіз бен біз осында жолықтық. Сол кездесулерден нәтиже бар ма? "Инвесторлар үйі" ашылғалы бері өңірдің инвестициялық климаты қаншалықты жақсарды?

– Біздің міндетіміз – инвесторларға толыққанды жағдай жасау. "Инвесторлар үйі" дәл осындай мақсатпен ашылды. Өңірдің дамуына қаржы құйғысы келген инвесторлар өз проблемасымен жеке-дара қалып қоймауы керек. Жергілікті атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуге тиіс. Бұл жерде инвесторларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Қаржы институттарының барлығы осы ғимаратта орналасқан. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы да осында көшіп келді. Инвесторларға алғашқы уақытта тегін кеңселер беріледі. Тілдік кедергілерді болдырмас үшін аудармашылар қарастырылған. Қысқасы, бұл жерде инвесторларға барлық жағдай жасалған. Тек кел де, жұмыс істе.

Мұнда апта сайын "Инвестор сағатын" өткіземіз. Онда шетелдік компаниялармен маңызды жобаларды талқылап, пысықтаймыз. Биылдың өзінде 50-ден астам кездесу өткіздік. Бұдан бөлек, әр сейсенбі сайын отандық кәсіпкерлер үшін "ашық есік" күндері жұмыс істейді.

Өңірге инвестиция тарту мақсатында облыс делегациясы биыл Қытай, Ресей, Түркия мемлекеттеріне барып келгенін де айта кету керек. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдің инвестициялық климаты айтарлықтай жақсарды. Шетелдіктер тарапынан біздің облысқа деген қызығушылық та артты. Алдағы уақытта шетелдіктермен бірлескен маңызды жобалар қолға алынбақ.

Статистикаға сүйенсек, 2018 жылмен салыстырғанда осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестиция көлемі 21%-ға артты. Бұл дегеніміз – 390 млрд теңге. Байқаған болсаңыз, біз былтырғы межеден жыл аяқталмай жатып-ақ асып түстік. Демек, 12 айдың қорытындысы бойынша бұл цифрлар тағы да өзгереді.

Бұйыртса, келер жылы да оң динамикаға қол жеткіземіз деген сенімдемін. Оның үстіне, үкімет 2025 жылға қарай инвестиция көлемін екі есе арттыруды жүктеп отыр. Мұны орындау қолымыздан келеді.

– Шетелдік инвесторларды "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы қызықтыратынын жақсы білеміз. Мұндағы компанияларға салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Инфрақұрылым да тартылған. Арнайы аймақтың қазіргі аяқ алысы қалай?

– Рас айтасыз, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы отандық және шетелдік инвесторларды қызықтыратын тамаша алаңға айналды. Арнайы аймақты өңірдің інжу-маржаны ретінде қарастыруға да болады. Қазіргі таңда мұнда 10 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда 1,5 мыңдай адам еңбек етуде. Арнайы экономикалық аймақ іске қосылғалы бері мұнда 76 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Оның 24%-ы немесе 18 млрд теңгесі – шетелдік инвестиция. Мемлекеттің 1 теңгесіне 12,5 теңге жеке инвестициядан айналып отыр.

Бүгінде "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржынында жалпы сомасы 213 млрд теңгені құрайтын 24 жоба бар. Келер жылы 22 млрд теңгеге 11 жобаны іске қосып, 600 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Жалпы, арнайы экономикалық аймаққа ресейлік инвесторлар ерекше қызығушылық танытуда. Бүгінде олардың біразы бірегей жобаларды қолға алды. Қытайлық, еуропалық инвесторлар да қаржы құюға бейілді.

– Биыл облыста алғаш рет сынақ ретінде қант қызылшасын егіп, одан қант алынды. Ендігі міндет – зауыт салу. Зауытты кімдер салатын болды? 

– Болашақ кәсіпорынның құжаттары әзірленуде. Зауыт Ақсу қаласының аумағында салынады. Жоба 2020-2022 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде. Жалпы құны – 120 млн еуро немесе 51 млрд теңге. Естеріңізде болса, әуелде жобаға қаржы құятын инвесторды өзіміз іздеген едік. Бірнеше мемлекеттен ұсыныс түсті. Қазір қант зауытын салуға Түркияның үш компаниясы, Қытайдың екі компаниясы және Еуропаның бір компаниясы инвестиция құюға әзір. Енді біз солардың ішінен тиімдісін таңдауымыз керек. Мәселен, Түркияның "Urker" деген компаниясы бар. Кондитерлік өнімдер шығарады. Қазақстанда өкілдігі жұмыс істейді. Міне, осы компания қант зауытын салуға мүдделі болып отыр. Өйткені компания өндірісінде негізінен қантты пайдаланады.

– Алдағы уақытта өңірде тағы қандай жаңа өндірістер пайда болуы мүмкін?

– Крахмал зауытын салу жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, Павлодар облысында көп көлемде картоп өндіріледі. Ал картоптан крахмал алынады. Бұл жобаға түркиялық инвесторлар қызығушылық танытуда.

Биыл Павлодар қаласының әуежайы Open Sky мәртебесін иеленді. Енді бұл әуежай халықаралық рейстерді орындайды. Сондықтан әуежайды жаңаша дамыту керек. Осы орайда, Түркияның "EDA" компаниясымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл компания Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Сондықтан әуежай жаңаша түрленеді деген ойдамын.  

Павлодарға жаңа заманауи қонақүйлер керек. Қазіргі уақытта қонақүйлердің тапшылығы байқалып отыр. Оның үстіне олардың қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді. Сол себепті Павлодар қаласына 4, 5 жұлдызды қонақ үйлер қажет. Ал қонақүй бизнесі Түркияда жақсы дамыған. Олар бұл мәселеге қызығушылық танытуда. Бүгінде қонақүйді салуға лайықты жерлерді қарастырып қойдық. Мәселен, Ертіс өзенінің жағалауында, "Халық банкінің" бас ғимараты тұрған жерде бос аумақ бар. Қала ішінде де қонақ үй құрылысына лайықты жерлер жетерлік. Біз өз тарапымыздан оларға барынша қолдау көрсететін боламыз.

– Сіз атаған жобалар түрік инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылады екен. Бұл соңғы жылдары Түркия тарапымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі ме?

– Иә. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана орынбасарым Арыстан Қабыкенов бастаған облыс делегациясы Түркияға барып келді. Сол сапарда бірқатар жоба пысықталды. Түріктер алдағы уақытта біздің өңірге арнайы келмек. Келіссөздер жүргізіледі. Олар облыста тері өндірісін дамытуға бейілді. Ал одан сапалы аяқ киімдер шығармақ. Жиһаз өндірісін қолға алмақ ниетте. Түрік инвесторлары бояу өндірісін де зерделеп көрмек.

– Қытай инвесторларымен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

– Қытайлардың біздің өңірге деген қызығушылығы қашанда жоғары. Оның үстіне Қытай мен АҚШ арасында "сауда соғысы" жүріп жатыр. Бұл бір жағынан біздің елге пайдалы да. Мәселен, Қытай Қазақстаннан шошқа етін тасымалдауға рұқсат берді. Енді қытайлық кәсіпорындар біздің елден шошқа өсіру кешенін ашуға ниетті. Атап өтерлігі, кешен қытай стандарттарына сәйкес салынады және алынған өнім тек Қытайға ғана экспортталады деп күтілуде. Шыны керек, Қытай нарығына кіру оңай емес. Бұл жобаға жергілікті "Рубиком" компаниясының базасын ұсынуға болады. Аталған компания қазірдің өзінде 50 мың бас шошқа өсіреді.

Сондай-ақ қытайлар келер жылдан бастап Павлодарда ауыл шаруашылығы тракторларын құрастыруды қолға алады. Тиісті келісімшарт бекітілді.

– Биыл тағы қандай шетелдік инвесторлармен байланыс орнатылды?

– Біз құс фабрикаларын жандандыруға ниеттіміз. Осы орайда португалиялық инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Павлодар облысынан тағы бір құс фабрикасын ашу керек. Себебі, құс етінің шамамен 50 пайызы шетелден импортталады. Осыған тосқауыл қойып, ішкі нарықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіспіз.

Үнді инвесторлары Екібастұздан ферроқорытпа зауытын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ Екібастұзда техникалық кремний зауытының құрылысы басталды. Оны арабтар салып жатыр. Бұл – өте қымбат жоба. 100 млн долларға бағаланып отыр. Өндірілген өнім толықтай Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталатын болады. Бәрі дұрыс болса, келер жылы зауыт іске қосылуы мүмкін.

Қысқасы, соңғы жылдары Павлодар облысына инвестиция құюға ниетті инвесторлардың қатары күрт өсті. Мұны өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі деп білемін. Қазір Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан секілді елдердің инвесторларымен жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

– Екібастұзда теміржол кластері қалыптасқанын жақсы білеміз. Бірақ, осындағы Қазақстан вагон құрастыру компаниясының тағдыры бәрімізді алаңдатады. Кәсіпорынның мәселесі қалай шешілуде?

– Кәсіпорын әзірше тоқтап тұр. Компанияның мәселесін шешу үшін арнайы Жол картасы әзірленді. Кәсіпорынды"ҚазТемірТранс" компаниясы одан әрі дамытатын болады. Бүгінде компанияда аудит жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін бағалау жұмыстары басталады. Бұйыртса, Қазақстан вагон құрастыру компаниясының екінші тынысы ашылатын болады.

Екібастұзда электр энергиясы арзан. Бұл өз кезегінде инвесторлар үшін тиімді. Осы орайда, Екібастұздың индустриялық аймағында бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Жоғарыда атап өткен ферроқорытпа зауыты аталған аймақта салынады деп күтілуде. Сонымен қатар, көмір-химия, қалдықтарды өңдеу салаларында бірқатар жобалар қолға алынбақ.

– Қазақстан электролиз зауытының екінші кезеңі қашан салынатын болды?

– Бұл сұрақ әлі ашық күйінде қалып отыр. Білуімше, Еуразиялық топ тиісті құжаттарды әзірлеуде. Мәселе ұзаққа созылып барады. Сондықтан зауыттың екінші кезеңі қашан іске қосылатынын дөп басып айту қиын.

– Жоғарыда Сіз айтып өткен жобаларды жүзеге асыру үшін қанша уақыт керек?

– Мұның әрі 2025 жылға дейінгі жоспарлар. Алдағы бес жыл ішінде көрсеткіш екі есе ұлғаюы керек. Қазір "Бозшакөл" кен байыту комбинаты бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, онда "Бозшакөлдің" екінші кезеңі салынады. Осының өзі өңірдің инвестициялық климатына ерекше серпін бермек. Жалпы, Екібастұзды инвестициялық өсім нүктесі ретінде қарастырып отырмыз. Себебі, мұнда шикізат та, электр энергиясы да, жұмыс күші де жеткілікті.

– Болат Жұмабекұлы, уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан, Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу