Қазақстан шетелдіктердің бала асырауына мораторий енгізген бе?

2613

Осы орайда Үкіметтің "SOS-Kinderdorf International"-мен бірігіп, жетім балалардың ауылдарын құру бастамасына қатысты жаңа шешімі қоғамның қарсылығын туғызып жатыр. 

Қазақстан шетелдіктердің бала асырауына мораторий енгізген бе?

Алғашқы "SOS балалар деревнясы" 1949 жылы Австрияның Имст қаласында ашылыпты. Ол ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін жетім әрі баспанасыз қалған миллиондаған балаларды құтқарып, өмірде өз орнын табуына көмектесті.

"Қазақстанда "SOS балалар деревнясының" пайда болуы Қазақстанның экс-бірінші ханымы және "Бөбек" қоғамдық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның арқасы. 1993 жылы Мюнхенге сапарлап келген Сара Алпысқызы SOS Kinderdorf International халықаралық қайырымдылық қоры тұрғызған жергілікті балалар ауылын аралады. Онда балалар отбасыларда, аналармен бірге өмір сүреді. Әрбір отбасыға жеке үй берілген. Олардағы жай-күй туған отбасыдағы ахуалға мейлінше жақын. Жетім балалардың отбасылық ауыл жағдайында жайлы өмір сүретінін көріп, ол осындай деревнялар Қазақстанда да пайда болуын қалады", – делінген ұйымның ресми сайтында.

Содан 1994 жылы "SOS Детские деревни Казахстана" қоры құрылды. Алматы, Астана, Теміртау және басқа да қалаларда негізінен коттедждік қалашықтар түрінде "балалар ауылдары" пайда болды.

Оның үлгісі мен тәжірибесі мемлекеттік балалар деревнялары мен жасөспірімдер үйлеріне таратылды. Қазіргі кезде Қазақстанда 12 мемлекеттік балалар деревнясы жұмыс істейді.

Енді міне, Смайылов Үкіметі "2004 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Үкіметі мен "SOS-Kinderdorf International" SOS балалар ауылдарын құру жөніндегі халықаралық қоғам арасындағы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттамаға" қол қоятынын мәлімдеп, оның жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

"Құжат SOS балалар ауылдарының тәрбиеленушілерін сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны іске асыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар келісімін берді", – деді түсіндірме жазбасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Атап айтқанда, Үкімет пен шетелдік ұйым арасындағы келісімге мынадай толықтыру енгізіледі: "Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға, оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, материалдық-техникалық жарақтандыруға, күрделі және ағымдағы жөндеуге жұмсалатын SOS балалар ауылдарының шығындарын жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен толық өтеу қамтамасыз етілсін".

Яғни, құжат күшіне енсе, ұйымның шығыстарын мемлекет көтеретінге ұқсайды. Қоғамдық талқылау барысында Үкімет қаулысының бұл жобасы қызу пікірталас туғызды.

"Билік жетімханаларды тегіс жауып, орнына деревнялар құруда. Дұрыс делік. Алайда бұларға да бюджет қаржысын төгеді. Сонымен бірге оларда балалардың бәрінің жағдайы жақсы болады деген кепіл жоқ. Мәселе жүйеде және көзқараста. Салада түбегейлі жаңғырулар қажет. Жетім балалармен бала десе елжіреп тұратын, әрі тәрбие ісінде білікті адамдар жұмыс істеуі керек, олар қатаң іріктелуі қажет. Содан кейін олардың үстінен бақылау болғаны жөн", – дейді қоғамдық белсенді Надежда Нұрашева.

Оның байламынша, мемлекет қаптаған пана-приюттерді қатаң қадағалауға тиіс. Әрине, бұл тастанды балалар ұсталатын барлық ұйымға қатысты. Әйтпесе, олардың көбі сырт көзді сығалатпайтын жабық ұйымдарға айналып кеткені құпия емес. Олардың өз қабырғасында кімдерді тәрбиелеп жатқаны белгісіз. Ұлт жанашырлары сондай-ақ Қазақстанда жетімдердің көбі қазір қазақ тілін білмейтініне алаңдайды.

Сарапшылар елдегі жекеменшік балалар үйлері азаматтық белсенділерге есігін ашуы, қоғамдық бақылаудан қашпауы қажет деп отыр.

"Бюджет қаражаттарын шығындайды екен, онда төл жүйесі де толық ашық болсын. Әрбір жетім балаға заң бойынша мынадай заттар берілуі, әрқайсысына мынадай жағдайлар жасалуы шарт, соның ішінде мыналармен қамтыдық, мынаны жасадық деп халыққа нақты есеп берсін. Әр балаға қатысты толық ақпарат ұсынсын", – дейді Н. Нұрашева.

Кейбір пікір білдірушілерді ұйым өкілдерінің кілең шетелдік екені тіксінтіпті.

"Бұл ауылдарды құрушылар жатжұрттық екен: Штеффен Одальф Брааш, Норберт Йоахим Медер және басқасы. Бұлардың бәрі шетелдік болса, олар Қазақстанның балаларына қалай лайықты тәрбие береді? Олар қазақстандық балаларға не оймен қамқорлық жасамақ, көретін пайдасы қандай? Бұл ауылдар оларға не үшін қажет?", – деп көңілін кеулеген қаптаған сауалын ортаға тастады Ольга Чернакова есімді азаматша.

Бұл сұрақтарға биліктің беретін жауабы бір, бұл – халықаралық қайырымдылық ұйым.

"Батыстың сыйлығына қызығуды тоқтату керек. Елдегі білім беру және тәрбиелеу мекемелерінің барлығы тек қана мемлекеттік болуға және қазақстандық тәжірибелі мамандар құрған мемлекеттік бағдарламамен ғана оқытуға тиіс. Шетелдік үкіметтік емес ұйымдар тықпалайтын тартуларды пайдаланбаған жөн. Бұл тәжірибеден бас тартатын кез келді. Қазақ балаларын өз халқымыз өзі қамтамасыз етеді, өзі тәрбиелейді", – деген ойын айтты Аймара Қадишева.

Дегенмен келісім бәрібір бекітілетін түрі бар. Тараптар уағдаласты.

Кейбір пікір білдірушілер "балалар ауылдарындағы балалар кейін шетелдіктерге асырауға берілмей ме?" деп қауіптенеді.

Айтқандай, кейбір сарапшылар "мемлекет шетелдік бала асырауға бейресми мораторий жариялады" деп есептейді екен. Себебі кейінгі жылдары жатжұрттарға жетімдерді аттандыру ісі тоқтаған көрінеді.

Алайда БҒМ-нің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, ондай тыйым енгізілмепті.

"Қазақстандық балаларды шетелдіктерге асырауға беру рәсімі Неке және отбасы кодексіне және Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға сәйкес жүзеге асырылады. Ол конвенцияны Қазақстан 2010 жылғы 12 наурызда ратификациялаған болатын. Алайда COVID-2019 пандемиясына және елімізде енгізілген санитарлық-эпидемиологиялық уақытша шектеулерге байланысты 2020 жылдан бастап, 2021 жылды қоса алғандағы кезеңде шетелдік асырап алу рәсімі жүргізілмеді", – деп түсініктеме берді ведомство.

Сондықтан осы екі жылда шетелге асырауға бала берілмеді.

Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирусқа қатысты карантиндік шектеулер тегіс дерлік жойылды. ВАК республикадағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты 11 сәуірден бастап, шетелдіктер үшін Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы құрлықтағы шекаралық өткізу пунктерін ашты, жатжұрттықтардың мемлекеттік шекарамыздан өтуіне екі жыл бойы қойылып келген шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады.

Бұл шешім шетелдіктерге бала беру мәселесіне де ықпал етуі ықтимал.

"Қазіргі уақытта біздің комитет шетелдік асырап алу рәсімі бойынша жұмыс жүргізуде", – деп қысқаша хабарлады Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу