Қазақстан шетелдіктерге жеңілдік беретін "Такс фриді" тағы ұзартты

6141

Бұл жоба әзірге өзін ақтамай тұр және белгілі бір сауда орындарының мүддесін ілгерілетеді. 

Қазақстан шетелдіктерге жеңілдік беретін "Такс фриді" тағы ұзартты Фото: google.com

Қазақ еліне қыдырып не іссапармен келген шетелдіктер тауарды 12 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады.

Бұл – халықаралық тәжірибе және оны Tax Free дейді. Оған сәйкес, шет мемлекеттің азаматына оның сатып алған тауарының құнындағы қосылған құн салығы (ҚҚС) қайтарылады. 

Ал Қазақстанда ҚҚС ставкасы 12%-ды құрайды.

Ел Үкіметі Tax Free пилоттық жобасын келесі жылдың соңына дейін ұзартты. Тиісінше, шетелдіктер бұл игілікті 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалана алады.

Бірақ мұнда біраз шектеу бар.

Біріншіден, шетелдік болып есептелсе де, Еуразиялық одаққа кіретін елдердің, яғни Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларустің азаматтары Tax Free қызығын көре алмайды. Өйткені бұған Еуразиялық одақ, дәлірек айтқанда Мәскеу тыйым салды: ресейліктер осы жүйе арқылы тауарларды жаппай Қазақстанда сатып алып, көршінің саудасын қыздырады деп қызғанатын болса керек. 

"Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерге әкету кезінде шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға қосылған құн салығының сомасына өтемақы жасалады", – деп жазылған қазақстандық Такс фри ережелерінде. Яғни, басты шарты – тауар одақ шекарасынан тыс, үшінші елдерге әкетілуге тиіс. Осы мақсатта егер сатып алушы тауар шығынының 12 пайызын қайтарғысы келсе, одаққа кірмейтін өзге шет мемлекеттің паспортын ұсынуға міндетті.

Фото: iz.ru

Екіншідін, ел Үкіметі бұл жобаны әлі күнге "пилот", яғни сынақ жоба түрінде жүзеге асыруда. Салдарынан оған тек 4 өңір: Түркістан, Алматы, Астана және Шымкент қалалары ғана кіреді.

Үшіншіден, билік оның аясында белгілі бір компаниялардың ғана тауарларын ілгерілетуде. Яғни, осы төрт өңірге келген жатжұрттық туристер кез келген өнімді, айталық, әлдебір ауыл не ауладағы шебер жасаған қолөнер туындысын алса, ол үшін ҚҚС салығын кері қайтара алмайды. Қаржы министрлігі шетелдік азаматтарға нақты қандай тауарларды нақты қай жерден алу қажеттігін нұқып көрсететін арнайы тізім түзді. Мәселені түсіну үшін ол тізімге үңіле кеткеніміз жөн.

Сонымен, Tax Free жобасына қатысушы объектілер келесідей:

Астанада:

  • Talan Gallery сауда орталығы;
  • "Керуен" сауда ойын-сауық орталығы;
  • "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығы;
  • "Мега Silk Way" сауда ойын-сауық орталығы.

Бұлардың барлығы да тек сол жағалауда орналасан.

Алматыда:

  • Esentai Mall сауда ойын-сауық орталығы (Бостандық ауданы);
  • "Мега" сауда ойын-сауық орталығы (Бостандық ауданы);
  • "Достык Плаза" сауда ойын-сауық орталығы (Самал-2);
  • Forum сауда ойын-сауық орталығы;
  • Rolex Boutique Almaty сағаттар дүкені (Медеу ауданы);
  • Premier Group сағаттар дүкені (Алмалы ауданы);
  • Tiffany дүкені (Самал-2);
  • Cartier дүкені (Самал-2).

Түркістанда:

Karavan Saray Turkistan сауда ойын-сауық орталығы (Б.Саттарханов даңғылы, 25А құрылыс).

Шымқала енді ғана қосылып отыр. Ондағы қандай олигархқа қарасты қандай сауда ойын-сауық орталығы "туристік шопинг жәннатына" айналатыны әзірге хабарланбады.

Негізі, бұл пилоттан лоббизмнің иісі мүңкіп тұрғанын байқауға болады. Мысалы, Асқар Мамин Үкіметі тұсында қабылданған қазақстандық Такс фри жүйесінің операторы ретінде "Global Blue" компаниясы бекітілді.

Фото: vintage.kz

Тиісінше, Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында орналасқан, "Такс фри" пилоттық жобасына қатысатын стационарлық сауда объектілерінің әрқайсысы осы оператормен Такс фри пилоттық жобасына қатысу туралы шарт бекітуге тиіс. Оператор осы нысандардағы шетелдіктер жасаған әр тауардың саудасынан комиссия алып отырады.

"Global Blue" компаниясы комиссиясының көлемі, яғни әр сатылымнан қанша алым жиятыны 2019 жылғы Қаржы вице-министрі Б.Шолпанқұловтың бастапқы бұйрығында да, Қаржы министрі Е. Жамаубаевтың осы, биылғы бұйрығында да ашып айтылмаған.

Такс фриге қатысты жаңа өзгерістер енгізетін құжат – Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың 2023 жылғы 27 маусымдағы №710 бұйрығы күшіне енді.

Үкіметтің түсіндіруінше, бұл қадам Астана, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларында орналасқан стационарлы сауда нысандарында туризмді дамыту мақсатында жасалып отыр.

Қазақстан кіру туризмін дамыту мақсатында Tax Free пилоттық жобасын 2019 жылғы тамызда іске қосты. Пилоттық жобаның талабына сай, шет елдерден келген туристер құны 20 АЕК-тен немесе 2019 жылы 50 500 теңгеден кем болмайтын тауарды сатып алып, оны ЕАЭО аумағынан тыс жерге әкетсе, онда шекараны кері кесіп өту кезінде оған ҚҚС сомасы қайтарылады.

Пилоттық жоба 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін әрекет етеді деп шешілді. Ол тек еліміздің ең ірі мегаполисін ғана қамтыды. Оның үстіне бір ғана сауда орталығына арналды.

"Tax Free пилоттық жобасына Алматы қаласындағы "Esentai Mall" сауда үйінде орналасқан 34 әлемдік брендті ұсынатын 24 сауда қызметінің субъектісі қатысады. Өтемақыны алу үшін турист Tax Free чегін кеден бекетінің қызметкеріне ұсынуы қажет. Алматы халықаралық әуежайында шекарадан өту барысында кеден бекетінің қызметкері тиісті белгіні қойған соң, өтемақы сомасы сатып алушының шотына түседі", – деп түсіндірді сонда Мемлекеттік кірістер комитеті.

Дегенмен, шетелдік саяхатшылардың бұл тетікке қызығушылығы төмен екені байқалды. 2022 жылғы маусымда Мемкірістер комитеті жоба басталғалы бері шетел азаматтарына 103 миллион теңгеге сатып алынған тауарлары үшін 8 миллион теңге көлемінде ҚҚС сомасы өтелгенін хабарлады.

Ведомство бұған жаһандық эпидемияны айыптады: Covid-19 пандемиясына байланысты шектеулер және оның отандық және әлемдік туризмнің дамуына теріс ықпалы жоба көрсеткіштеріне әсер етіпті.

Сондықтан бизнестің постпандемиялық кезеңде дамуына серпін беру үшін және қанды қаңтар оқиғаларында әсіресе, алматылық бизнестің зардап шеккенін ескере отырып, Үкімет Tax Free пилоттық жобасының қолданыс мерзімін тура 1 жылға, яғни 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Осы орайда пилоттық жобаны жүргізу географиясы Алматы, Нұр-Сұлтан және Түркістан қалаларына кеңейтілді. Стационарлық сауда объектілерінің саны шамалы да ұлғайтылады. Ол тізім жоғарыда берілді.

Жамаубаевтың жаңа бұйрығы не өзгертпек?

Бұл жүйеге қосылудан әр қаланың, әр өңірдің дәмесі бар.

Дегенмен, ведомствоның дерегінше, Шымкент қаласының әкімдігі пилоттық жобаға қызығушылығын білдіріп, оның аясында жұмыс істеуге шымқалалық бизнесмендер дайын отырғанын жеткізіпті.

"Ұлы жібек жолы бойында орналасқан Түркістанға, Таразға, Ташкентке, Самарқанға және басқаларына бағытталған туристік нарықтағы танымал түрлі маршруттер Шымкент арқылы өтеді. Азия мен Еуропаны қосатын Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі де қаланы басып өтеді. Шымкент ішінде орналасқан, халық арасында "Шым қала" қорғаны аталатын "Қамал" ("Цитадель") тарихи-мәдени кешенi "қала ішіндегі қала" болып табылады және Қазақстанның туристік картасындағы ТОР-50 тізіміне кіреді. Шымкент жанында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, қасиетті Түркістан, байырғы Отырар шаһары, Шахристан кесенесі, Тараз және Айша Бибі кесенесі бар", – делінген Шымкент кандидатурасына қатысты дәйектемеде.

Тиісінше, вице-премьер, Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың №710 бұйрығы біріншіден, Tax Free пилоттық жобасының географиясына Шымкент қаласын қосты.

Екіншіден, пилоттық жобаның мерзімін 2023 жылғы 30 маусымнан 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты.

12% жеңілдікті алу алгоритмі

Фото: google.com

Бірінші қадам. Шетелдік азамат аталған 4 қалада Tax Free жүйесіне қатысатын дүкеннен азық-түліктік емес қымбат тауар сатып алса, онда сатушы "Такс фри" құжатын (түбіртегін) толтырады және ұсынады.

Егер оны бермесе немесе ұмытып кетсе, онда сатып алушы тауар сатып алынған 1 күннің ішінде және чегі болса, Такс фри құжатын рәсімдеуді талап ете алады.

Фото: dknews.kz

Екінші қадам. "Такс фри" құжаты Global Blue операторы ұсынатын бағдарламалық қамтылымда 2 данада автоматты түрде ресімделеді:

Бір данасы сауда қызметі субъектісінде қалады және мұрағатталады.

Екінші данасы сатып алушының қолында болады. Соның негізінде алдымен мемлекеттік кіріс және паспорттық бақылау органдарының қызметкері Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының халықаралық әуежайларында тауарларды қарап тексереді. Яғни, бір құжатпен өзге тауар алып кетпеуін қадағалайды.

Үшінші қадам. Осы рәсімнен өткеннен кейін сатып алушы екінші данасын "Такс фри" жүйесі операторының атына Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының халықаралық әуежайларының қону аймақтарында орналасқан Tax Free арнайы пошта жәшіктері арқылы немесе "Такс фри" жүйесінің операторы айқындаған өзге де жеткізу тәсілімен жібереді.

"Сатып алушы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының халықаралық әуежайларының ғимараттарында Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінен өткенге дейін сатып алған тауарларын, "Такс фри" құжаттарын (чектерін), бақылау-касса машинасының чектерін, шет мемлекет азаматының жеке басын куәландыратын құжатты (төлқұжатты) және отырғызу талонын кедендік тексеруге ұсынады",  – делінген осы жүйенің ережесінде.

Яғни, оның бюрократиясы жетерлік. Туристерді де шошытатыны сол болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу