Қазақстан үшін маңыздысы – сервистік экономикаға көшу

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
2844

Бұл туралы АХҚО ұйымдастырған "Қазақстанның қор нарығына халықаралық капиталды тарту" атты конференцияда айтылды.

Қазақстан үшін маңыздысы – сервистік экономикаға көшу

Өзіндік диалог алаңы іспеттес форматта өткен конференцияға қор нарығын дамыту және инвестициялау саласының қыр-сырына қанық, жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар, сарапшылар  қатысты.

"Астана" Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мақсаты – халықаралық деңгейдегі жетекші қаржылық қызметтер орталығын құру. Ал міндеттеріне келсек, ел экономикасына инвестициялар тартуға көмектесу, қаржылық қызметтер саласына инвестиция құю үшін тартымды орта қалыптастыру, еліміздің бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету, активтер, жеке меншік әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру және озық қаржылық технологияларды дамыту" деп астаналық халықаралық қаржы орталығының стратегиялық бағыттары туралы түсінік берді орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов кіріспе сөзінде.

Оның айтуынша, шетелдік инвесторларды  белсенді тарту үшін, Лондон, Гонконг, Дубай, Сингапур, Нью-Йорк сияқты  әлемнің озық қаржы орталықтарының табысты тәжірибелеріне сүйене отырып, АХҚО бұрынғы кеңес кеңістігінде болып көрмеген жағдайларды қамтамасыз етпек.

Келімбетов мырзаның пайымынша, қазір мұнай бағасының өсіміне иек артатын дәуір өтті. Қазақстан үшін бүгінде маңыздысы, шикізатты өндіріп және экспорттау ғана емес, сондай-ақ, сан түрлі қызметтер көрсетуге бейімделу. Дұрысы, сервистік экономикаға көшу. Бұл жерде кімге сервистік экономика көрсетеміз деген сұрақ туындауы заңдылық. Оның үш өлшемі бар екенін айтады орталық жетекшісі. "Алдымен сервистік экономиканы  ел ішінде дамыту керек. Бүгінде қызметтер секторы Ішкі жалпы өнімнің 59 пайызын құрауда. Бұл қызметтер өткен шақ деңгейінде қалса керек. Бірінші өлшем, Еуроазиялық экономикалық кеңістік, яғни Қазақстан Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан елдерімен кедендік одақ аясында бірлескен, сондықтан шекараларда бизнестранзакцияларын жүргізуге кедендік кедергілер жоқ. Бұл байсалды кеңістік, онда Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Минск сияқты танымал бизнес орталықтары бар. Ал Астана өзінің жаңа ұсыныстарымен осы кеңістікке қызмет көрсету үшін сахнаға енді шығып жатыр. Екінші бағыт ол, Орталық Азия. Қазақстан экономикасы  Орталық Азияның ІЖӨ-нің 50 пайызын құрайды. Дегенмен, көрші елдердің, мәселен, Қырғызстан мен Өзбекстан экономикаларының, әсіресе, халқы көп Өзбекстан мемлекеті экономикасының ырықтандырылуы бәсекелестікке әкелері сөзсіз. Егер осы екі елдегі экономикалық реформа жақсы қарқын алса, онда ол біздің кәсіпкерлік саласына, біздің мемлекетке салмақты сын-тегеурін болмақ. Сондықтан біз бұған мән беріп, байсалды қарауымыз керек, бәсекелестікке қаншалықты дайын екенімізге есеп беруіміз керек.

Ал үшіншісі, келешек еншісіндегі мейлінше ауқымды бағыт, ол экономикалық жаңа жібек жолы, яғни Астанада алғаш рет Қытай мемлекетінің басшысы бастамашылдық танытқан "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасы. Бұл Қытай экономикасымен Еуропа және Еуроазия елдерінің байланыстылығы.  Бұл жерде Астана белгілі бер деңгейде  түрлі қызмет түрлерін ұсынатын, әсіресе, инфрақұрылымдық қаржыландыру саласы бойынша аймақтық хаб рөлін атқарары сөзсіз. Сондықтан дүниежүзі инвесторларына жақсы таныс болуы үшін, ерекше кеңістік құру керек болды. "Астана"  халықаралық қаржы орталығы аумағында ерекше құқықтық режим қалыптасқан. Бұл бұрынғы кеңестік кеңістікте болып көрмеген  ағылшындық құқық принциптері, ал орталықтың ресми тілі болып ағылшын тілі анықталып отыр, ал АХҚО-ның тәуелсіз соты – сот төрелігінде әділдік пен ашықтықтық, айқындылықтың кепілі болмақ", дейді Қайрат Келімбетов.  

Оның айтуынша, әлемде банк несиесінің альтернативі болып қор нарығы саналады. "Бізге банк кредиті құралына ұқсас нақты бір альтернатив құру керек. Біздегі банк кредиттерінде түрлі себептерге байланысты қиындықтар бар. Сол себепті нақты шығындар да жоқ емес. Біздің еліміздегі барлық жақсы қарыз алушылар кредитке белшесінен батпаған, ал жаман кредиттер деңгейі өте үлкен" деген орталық басқарушысы бүгінде Үкімет пен Ұлттық банктың жаман кредиттер үлесін азайту бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда қор нарығы жұмыс істей алмай отыр, қор нарығын капиталдандыру ІЖӨ-ге шаққанда бар-жоғы 5%  құрайды екен. Егер оны біз нысанға алып отырған елдермен салыстырар болсақ, Шығыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 15-20 % құрауда. Демек, бұл бағытты дамыту қажет екенін айтады орталық жетекшісі. Және де ол жаңа қор нарығының жұмысы жетілдірілген жаңа ережелерге сүйенетінін жеткізді.

Ал "Астана" Халықаралық қаржы орталығының серіктестері кім болмақ? Ол әзірге құпия. Алдағы мамыр-маусым айларында АХҚО-на әлемнің қандай ірі биржалары серіктес болатыны ресми түрде жарияланбақ. Ең бастысы, бұл биржалар Еуроазиялық экономикалық одақ, Орталық Азия және "Жібек жолы" экономикалық белдеуінде ең жоғары технологиялық  қор алаңын іске қосуға көмектеспек. Бұл өз кезегінде, таяу 7-10 жылда АХҚО аумағында 18 мың жұмыс орнының ашылуына септігін тигізбек,  соның 3 мыңын қазақстандық қаржыгерлер, заңгерлер, кеңесшілер және өзге мамандық өкілдері құрамақ. Болжам бойынша, экономикалық өсімге үлес, мұнай емес ІЖӨ-нің 1 пайызын құрайды деп күтілуде. Ал бұл өз кезегінде, Қазақстанда құрылымдық реформаларды жүргізуге тиімді ықпал етпек. Қазір қаржы орталығының маңызды міндетінің біріне дарынды және кәсіби менеджерлерді тарту қойылған. Осы мақсатта орталықта АХҚО кәсіби дамыту бойынша арнайы бағдарлама іске қосылыпты.   

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу