Әзербайжан Қазақстанға Ресейді айналып өтуде көмектеспек

3949

Тарихта алғаш рет Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасында Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылады.

Әзербайжан Қазақстанға Ресейді айналып өтуде көмектеспек

Ресми Нұр-Сұлтанның қазіргі жағдайда неге зорлықшыл Мәскеуді ызаландырып, өшіктіре бермеуге тырысып отырғанын түсінуге болады. Қазақстан дамыған елдерден "темір шымылдырықпен" оқшауланып жатқан Ресейді айналып өтетін жобаларын, іс-шараларын аса жарнамаламай, ың-шыңсыз орындауға ұмтылады.

Осы орайда фейктерді өткізбеуге жауапты бөлімі бар беделді Reuters агенттігі 12 тамызда Қазақстанның өз мұнайын Әзербайжан арқылы сататыны туралы ақпарат жариялады.

"Қазақстан өз мұнайының бір бөлігін Ресейді айналып өтіп, Әзербайжан құбырлары арқылы сатуды және жеткізуді жоспарлап отыр. Шикі мұнайдың жалпы көлемі тәулігіне шамамен 100 мың баррельді құрайтын болады деп күтілуде. Бұл экспортталатын мұнайының жалпы көлемінің 8%-ы. Дереккөзіміздің мәліметінше, жылына 1,5 млн тонна мұнай сату туралы келіссөздерді Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік компаниясы жүргізуде. Контрактіге биылғы тамыз айының соңында қол қойылады деп күтіліп отыр. Ал Баку–Тбилиси–Джейхан құбырымен транзит қыркүйекте басталады", – деп хабарлады Reuters.

Агенттік сондай-ақ Қазақстан 2023 жылы әзербайжандық басқа құбырмен Грузияның Супса портына тағы 3,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды жоспарлағанын мәлім етті. Қазақстан Үкіметі бұл ақпаратты жоққа шығаруға талпынды. Онысы сенімсіздеу шықты. Өйткені Энергетика министрі Болат Ақшолақов "мен өзім ондай келіссөз жүргізбедім", "мен олай болады деп ойламаймын" деген сияқты айқындауыштарды пайдаланып, сөз саптады.

"Ол жаңалықты мен де оқыдым. Шынында, әзірбайжандық құбырмен дәл қазір мұнай тасымалдау туралы келісімге қол қоямыз деп ойламаймын. Бәлкім, мұндай мәселелер ұлттық компаниялар деңгейінде техникалық тұрғыдан талқыланып жатқан болар. Себебі алда осындай міндет тұр. Бірақ мұнайды жөнелту жөніндегі келісімге қыркүйекте қол қойылады деген сөз жоқ. Қалай болғанда да, мен ондай келіссөздерді жүргізіп жатқан жоқпын", – деді еліміздің бас энергетигі Б.Ақшолақов Атырауға сапары аясында журналистерге арналған брифингте. 

Энергетика министрі 1,5 миллион тонна тасымал тым аз екенін, ол Қазақстанға экспорт бойынша проблемаларды шешуге мүмкіндік бермейтінін қосты. Мысалы, Каспий құбыр консорциумы құбырымен Қазақстан әлемге Ресей арқылы жылына 67 миллион тонна мұнай айдайды. Сондықтан оның айтуынша, бүгінде сала алдында тұрған ең басты міндеттің бірі – КҚК-ның үздіксіз жұмысын сақтап қалу. 

Дегенмен Reuters-тің мәліметі ойдан құрастырылмағаны аңғарылады.

Біріншіден, елең еткізетін жаңалық бұған дейін мемлекетке қарасты "Ақтау портының" ресми сайтында жарияланды. Онда Қашаған және басқа да қазақстандық кенорындарды игеріп, мұнайын РФ арқылы КҚК-мен айдап жатқан инвесторлардың делегациялары теңіз портының Әзербайжанға мұнай жеткізу әлеуетімен танысып қайтқаны айтылған.

"CNPC және KMG Kashagan B.V. – Қазақстанның негізгі мұнай өндіруші компанияларының делегациясы техникалық сапармен Ақтау портында болды. Компаниялардың коммерциялық және логистикалық құрылым өкілдері Ақтау портының мұнайды негізгі ауыстырып тиеу көлеміне қосымша ең кемі 5 млн тоннаға дейін ауыстырып тиеу мүмкіндіктерімен танысты. Келіссөздер нәтижесінде тараптар барлық корпоративтік шара аяқталған соң қазақстандық стратегиялық шикізаттың – мұнайдың бірінші партиясы 2022 жылдың қазан айында Ақтау порты арқылы тасымалданатынына сенім білдірді. Жалпы қайта құру жобалары аяқталғаннан кейін Ақтау портының мұнай құю қуаты қысқа мерзімде жылына 12,5 млн тоннаға дейін өседі", – деп мәлімдеді Ақтау порты.

Екіншіден, күні кеше, 15 тамызда еліміздің энергетика экс-министрі, қазір "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Бакуге арнайы сапар жасап, Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Ровшан Наджаепен кездесіп, оңаша келіссөздер жүргізді. Жүздесу журналистерсіз өтті, бірақ содан ҚМГ таратқан баспасөз релизінің өзі біраз жайдан хабар береді. Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, соның ішінде Ресейді сырт айналып өтетін Транскаспий инфрақұрылымын дамыту бағытында компаниялар арасындағы өзара іс-қимыл мәселесін талқылады.

Сапар осымен аяқталған жоқ. 16 тамызда Мағзұм Мырзағалиев Батумиге барып, SOCAR-дың Каспийдегі нысандарымен, Батуми мұнай терминалының, Батуми теңіз портының жұмысымен танысты. Олардың Қазақстаннан мұнай қабылдау қуатын және ол әлеуетті арттыру мүмкіндіктерін анықтады.

Атап өтетін жайт, осында Қазақстанның төл мұнай терминалы бар, яғни Қазақстан инвестиция құйып, оны кеңейте алады. 2008 жылы ҚМГ-ның еншілес компаниясы – "ҚазТрансОйл" АҚ Батуми мұнай терминалының (БМТ) активтерін сатып алған. Өз кезегінде Батуми терминалы Батуми теңіз портын 2055 жылға дейін басқару құқығына ие. БМТ компаниялар тобының 2021 жылдағы пайдасы 2,5 млрд теңгеге жуық болды.

Бұл терминал Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Грузия және басқа елдердің клиенттеріне мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу, соның ішінде құю, жинақтау және танкерлерге тиеу қызметтерін көрсетеді. Порт құрғақ, үйінді және ірі жүктерді ауыстырып тиеу, сақтау және қоймалау қызметтерін ұсынады, сондай-ақ кемелер мен басқа көліктерге қызмет көрсетеді.

Транскаспий бағдарын дамыту үшін Қазақстан Үкіметі Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы ауқымды жобасын іске асыруға кірісті. Бұдан бөлек теңіз айлағына мейлінше көп тауар жеткізу үшін Достық-Мойынты бағытында екінші теміржол бағдарын төсеу жобасы басталды. Бұл шаралар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тасымалдың өткізу қабілетін және транзиттік әлеуетін арттырады.

Үшіншіден, Сауда және интеграция министрлігі "Қазақстан Үкіметі мен Әзербайжан Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы" Үкімет қаулысының жобасын және келісімнің жобасын қоғамдық талқылауға шығарып отыр.

Бұл ретте 2022 жылғы 4-5 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан-Әзербайжан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы өткен. Мына келісім жобасы сонда талқыға салынған көрінеді. Құжат әмбебап саналады.

"Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім негіздемелік құжат болады. Ол сауда, инвестициялар, кәсіпкерлік, төлем балансын қорғау сияқты салалардағы ынтымақтастықтың негіздерін қалайды және тараптар арасындағы екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мен нығайту мақсатында бекітіледі", – деп түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі.

Қалай болғанда, Батыстың Ресейге қарсы енгізген қатаң санкциялары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланысқа қуатты серпін берді. Ынтымақтастық әрі қарай осы қарқынмен дами берсе, онда тасымал-транзит жөнінен Әзербайжан болашақта Ресейді ауыстыруы да ғажап емес.

Сауда министрлігінің дерегінше, тек бір жыл ішінде, былтыр Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда 3 есе өсті және 330 миллион доллардан асты. Әрине, бұл ауқым Ресеймен арадағы сауда көлемінен 72 есе аз. 2021 жылы Қазақстан мен РФ арасындағы тауарайналым 24,2 млрд долларды құраған. Бірақ Мәскеу Украинадағы соғысын биыл аяқтамай, алдағы жылға созуға ниеттеніп отыр. Ендеше оның Солтүстік Корея сияқты әлемнен оқшаулануы жалғаса бермек. Ал Әзербайжанмен ынтымақтастық өрістей беруге тиіс. Яғни бір-біріне қарама-қайшы қозғалыс байқалады. Бұл қазақтың "өмір базарынан қайтып бара жатқандар және өмір базарына енді бет қойғандар" туралы тәмсіліне ұқсас. Екеуінің қай тұста кездесетінін өмір көрсетеді.

Биылғы 2022 жылдың 5 айында да түркітілдес екі ел арасындағы сауда-саттық үдемелі түрде өсуін жалғастырды. Өзара тауарайналым былтырғы 5 айдағы көрсеткішке қарағанда тағы да 3 еседен астамға өсіп, 161,4 млн долларды құрады. Қазірдің өзінде Ресей арқылы экспорты тосылған қазақ астығы мен күрішінің Әзербайжан арқылы экспорты артты. Теміржол локомотивтерінің, жазық прокаттың жеткізілімдері күрт ұлғайды. Жаңа тауарлар мен брендтеріміз Әзербайжан нарығында орын алып, әрі таралып жатыр. Қазақстандық қара металдар сынығы, рельстер, минералды тыңайтқыштар да Әзербайжан арқылы халықаралық нарыққа арна тапты.

Алыс-беріс күзде күрт артатынын ескерсек, биыл тарихи рекордтық меже алынуы мүмкін. Қазақстан Үкіметі келісім арқылы Әзербайжанмен арада шикізаттың, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдерінің үздіксіз экспортын жолға қоюға мүдделілік танытып отырғанын мәлімдеді. Сауда және интеграция министрлігі Экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Оның аясында мемлекет отандық өнімдерді мол көлемде әрі тұрақты өндіріп, шетелге тоқтаусыз жеткізілім жасауға дайын компанияларды іріктеп, сыртқы нарыққа шығуын сүйемелдейді. Биылғы жылы нысаналы нарық ретінде оқшауланған Ресей, коронавирус карантинінен арылмаған Қытай емес, Әзербайжан таңдалып отыр. Стратегиялық өнім – мұнайдан өзге, химия, машина жасау, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіретін 23 жаңа компания әзербайжандық серіктестерімен келіссөздердің белсенді сатысына көтеріліпті.

Айтқандай, Әзербайжан Энергетика министрі Парвиз Шахбазовтың айтуынша, аталған екіжақты әмбебап келісім сыртында түркітілдес қос республика 2022-2026 жылдар аралығын қамтитын Ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асырады. Құжат қазір келісімнен өтуде. Ол екі ел арасындағы серіктестікті өркендетудің нақты жол картасына айналады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу