Мәжіліс "Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді" ратификациялады. Бұл құжат байырғы замандардан бері Ұлы Жібек бойында тонның ішкі бауындай аралас-құралас жатқан қос көрші арасындағы ынтымақтастықтың өрісін кеңейтпек.
Келісім тарихи бетбұрысқа жол ашуы мүмкін. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ол өмірге жолдама алғаннан кейін қазақстандық жүк көліктері ханзу еліне еркін кіріп, Қытай қалаларын аралап кете береді.
Айта кету керек, Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы қолданыстағы үкіметаралық келісім тәуелсіздіктің таңында, 1992 жылғы 26 қыркүйекте бекітіліпті және ол қос көрші арасындағы қастық емес, достық қатынастарды нығайтуға қызмет етті. Құжат екі елдің шекаралас аудандары арасында жолаушылар мен жүктерді автокөлікпен тасымалдауды реттеді. Бірақ қазақстандық жүк көліктері ҚХР қалаларына ішкері кіре алмайтын.
Бұл шектеу әрине, екі елдің ынтымақтастығын да шектейтіні мәлім. Өйткені Шыңжаң өлкесінде қалың қазақ отыр, олар қазақстандық астықты, етті тұтына бастады. Қазақстанның бұл өңірмен қарым-қатынасы қарқынды дамуда.
Сондықтан екі мемлекет жаңа келісімге келді және ол, Үкіметтің түсіндіруінше, ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үрдісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумақтарына автокөліктердің емін-еркін ішкерілей кіруін қарастырады.
Осылайша қазақстандық автотасымалдаушылар жүк шоғырланатын қытайлық ірі қалаларға, сондай-ақ оның халықаралық теңіз порттарына дейін жету мүмкіндігіне ие болады. Салыстырсақ, қазіргі тәжірибе бойынша мысалы, Қытайға ұн мен бидай таситын жүк көліктері екі ел шекарасындағы "Достық" станциясына дейін жетіп, сол жердегі терминалған түсіруге мәжбүр. Ары қарай қазақстандық өндірушілердің өнімін ҚХР-дағы тұтынушыларына қытайлық тасымалдаушылар ғана жеткізе алады. Бұл тәжірибе өзгереді.
"Бірінші келісімге отыз жылдан астам уақыт бұрын қол қойылды және ол сол уақыттағы процестерге сәйкес жасалған. Жаңа келісімнің екі ерекшелігі бар. Бұрынғы келісімге сәйкес екі ел көліктері тек шекара маңындағы қалаларға ғана кіре алады. Енді біздің көліктер Қытайдың кез келген қаласына кіре алады. Ол бізге тиімді. Өйткені қазақстандық көліктер Қытайдағы ірі порттардан Қазақстанға арналған жүктерді тікелей алып кете алады. Сонымен қатар Қытай біздің аумақ арқылы, яғни Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өте алады. Ол біздің транзиттік әлеуетімізді өзгертеді", – деді Марат Қарабаев.
Мұнда бұдан былай қытайлық жүк тасушылар да Қазақстан жеріне еркін кіретінін жасырмаған жөн.
Бір қызығы, алпауыт елдердің тыңшылығынан, диверсиясынан қауіптенетін Қытай Халық Республикасы басқа елдердің көліктерінің өз территориясына кіруіне рұқсат бермейді. Алғаш рет Қазақстанға жеңілдік жасап отыр. Осылайша, шың елі қазақ елінен қауіп күтпейтінін аңғартқандай. Мұндай уағдаластық былтыр Қ.Тоқаевтың Сиань қаласына жасаған іссапары аясында қол жеткізілген.
Екіжақты келісімнің екінші ерекшелігі сол, екі елдің барлық тасымалдары тек рұқсатнама (тасымалдаушылар жаргонында "дозвол") негізінде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде екі ел тасымалдаушыларына тасымал паритетін сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, Қытайға Қазақстаннан бірнеше мың жүк көлігі ғана кіріп, ал, Қытайдан елімізге миллион жүк көлігі қаптамауы керек.
"Мұндай рұқсат беру құжатын толық цифрландырдық. Бұған дейін біз екі ел арасында жыл сайын тек 50 мыңға жуық рұқсат бергенбіз. Цифрландырудың нәтижесі бар. Бүгінде оны біз пилоттық режимде жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, жүк тасушылар "дозволды" күнібұрын әрі көп көлемде алып алмайды, нақты көлік кеденге келгенде, сол жерде бірден рұқсат беру құжатын алады. Нәтижесінде, Қазақстан мен ҚХР арасындағы рұқсат алмасу былтыр 113 мыңға жетті. Биыл оны 200 мыңға дейін көбейтеміз. Сонда екі ел арасындағы тасымалдар төрт есеге артып отыр", – деді көлік министрі.
Жалпы, Қытайға және Қазақстанға кіретін жүк көліктерінің, тиісінше, оларға таратылатын рұқсатнамалардың саны қалай анықталады?
"Бланкілердің саны қажеттілікке қарай анықталып, қосымша толықтырылады. Екі елдің арасында құрылған арнайы жұмыс тобы әр тоқсан сайын жиналып, қажеттіліктері туралы ақпарат алмасады. Мысалы, биылға біздің тасымалдаушылар: "бізге 100 мың бланк қажет" деді. Біз 100 мың бланкті төрт айдың ішінде толық жасатып біттік. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 200 мың бланк қажет деді. Күні кеше қытайлық әріптестерімізбен Ақтауда кездестік, қосымша 200 мың бланк алдық", – деді министр.
Қазіргі уақытта Қазақстан 42 елмен арада жүк тасымалын жүзеге асырады. Соның ішінде 36 мемлекетпен тасымал рұқсат беру (дозвол) жүйесі негізінде жүргізіледі. Көлік министрі рұқсат беру жүйесіне сәйкес әр елге қатысты теңдік-паритеттің қаншалықты сақталып отырғанын, қанша көлік келіп-кетіп жатқанын бақылап отырғанына сендірді.
Депутаттардың бір бөлігі бұл келісімнен Қазақстанға пайда келетініне күмәнданады.
"Үкімет мүмкіндіктер туралы көп айтады, бірақ, меніңше, осы келісімде кемшіліктер де бар. Біздің тасымалдаушылар қытайлық тасымалдаушылармен бәсекелестікке қаншалықты дайын? Мысалы, біздің тасымалдаушылар жүк көліктерін ставкасы 22–24% болатын кредитпен алады. Қытайда банктердің пайыздары өте төмен", – деді мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров. Утильалым мен баж алымы да бізде алапат.
Марат Қарабаевтың пікірінше, керісінше, Қытайға кіргісі келетін қазақстандық жүк көліктерінің саны олардыкінен басым.
"Біздің тасымалдаушылар бәсекелестікке дайын! Өйткені мұның бәрі паритеттік негізде жүргізіледі, яғни, Қытайдың көліктері жаппай бізге кіріп алмайды немесе біздің көліктер жаппай Қытайға кетіп қалмайды. Былтыр біздің көліктер Қытайға 113 мың рейс жасаса, қытайлық жүк көліктері небәрі 6 мың рейс жасады. Ендеше бұл жерде есеп толық Қазақстан жағында", – деді Көлік министрі.
Қазірдің өзінде Қытай еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады және екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалының көлемі жыл сайын серпінді өсуде. Мысалы, 2023 жылы тасымал көлемі 2022 жылдағыдан 2,5 есеге артып, 1,8 миллион тоннаны құрады.
Келісімді жүзеге асыру, министрдің айтуынша, жолаушылар мен жүктер тасымалының, сондай-ақ Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі дамуына өз ықпалын тигізетін болады.
Көлік ведомствосының басшысы екі ел арасындағы халықтың барыс-келісі де артқанын хабарлады. Олар негізінен туристік және медициналық-емделу мақсатында қатынайды.
"Нәтижесінде бүгінде сұраныс өсіп келеді. Дәстүрлі түрде Қазақстан мен ҚХР арасында 14 жолаушылар маршруті жолға қойылған. Енді тағы 8 маршрут ашу туралы өтінім түсті. Былтыр екі ел арасында визасыз режим енгізілді. Халық өз көлігімен де қатынай алады. Бұл ретте біз Қазақстан аумағында көліктің қытайлық техбайқау нәтижесін мойындаймыз. Бірақ автосақтандыруы міндетті түрде қазақстандық болуын талап етеміз. Бұл жол апатына себепкер болып, залалды өтемей, еліне кетіп қалмауы үшін керек. Бұл талаптар қытайлық жүк көліктеріне де қатысты. Олардың жүргізушілерінің ұйықтау режимін сақтауын тахограф көмегімен бақылаймыз", – деді Марат Кәрімжанұлы.
ҚХР аумағына кіретін қазақстандық жүк көліктерінің қожайындары мен жүргізушілері де қытайлық жол қозғалысы заңдарын сақтауы шарт. Мысалы, Қытайда таңғы 3–5 сағат аралығында жолаушылар тасымалына қатаң тыйым салынған. Сондықтан сағат тілі 03:00-ке жеткенше біздің жүргізушілерге тездетіп жол бойғы сервис объектісін, мотель-қонақүйді тауып, соның ауласында аялдағаны маңызды. Көлігі сынып қалмаса, жол бойында тұра салуға болмайды.
Айтпақшы, мәжілісмен Ерболат Саурықовтың айтуынша, бұл келісімді Қазақстан тарапынан ратификациялаудың бүкіл рәсімі аяқталмай жатып, қытайлық көліктер елге кіре бастады. Осы келісім аясында Үрімші қаласынан шыққан, 80 тонналық жүк тиелген қытайлық алғашқы 3 жүк көлігі транзиттік маршрут бойынша өтіп, 23 мамырда Ақтау қаласындағы Құрық портына келді. Ары қарай олар Қазақстан ‒ Әзербайжан – Грузия бағыты бойынша пароммен аттанып кетті.