Қазақстанда 10 жыл тойланған ұлық мереке тосыннан жойылды

2154

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні "атаулы мерекелер" қатарында қалады деген Үкімет сөзінде тұрмады.

Қазақстанда 10 жыл тойланған ұлық мереке тосыннан жойылды Фото: Ult.kz

Биылғы қыркүйекте Парламент "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" атақты заңды қабылдады. Бұл негізі, қатардағы заңдардың бірі еді. Алайда оны пысықтау барысында бір топ депутат атқарушы билікпен ақылдаса отырып, заң жобасына тосын өзгеріс қосты. 

"Мәжіліс депутаттары 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары өзге де күндер сияқты айқындау арқылы, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауды ұсынды", – деген түсініктеме таратты Парламенттің төменгі палатасы. 

Сонда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев экс-Президентті ұлықтау жалғасатынын мәлімдеді.

"Бізде Мемлекеттік рәміздер күні сияқты атаулы мерекелер бар, бірақ олар жұмыс күні болып есептеледі. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні де солардың қатарына көшеді. Бұрынғыдай мерекелік іс-шаралар да өткізілуі мүмкін", – деді журналистер сұрағына жауап берген Дәурен Абаев.

Алайда мұның шындыққа жанаспайтыны анықталды. "Әділет" Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Үкіметтің жаңартылған №689 қаулысы жарияланды. Ондағы Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесінде бейресми түрді атап өтілетін мейрамдар қатарында 1 наурыз – Алғыс айту күні де, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні де, тіпті Малшылар күні де (маусымның екінші жексенбісі) бар. Ал 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні жоқ. 

Яғни, мереке ретінде де, қоғамдық маңызы бар атаулы күн ретінде де ол жойылып отыр. 

Бірінші Президент күні мемлекеттік мерекесін тағайындаған заң 2011 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған болатын. Бұл күн бүкілхалықтық демалыс болып жарияланды. Енді бұл күні ел демалмайды.  

Тарихшы, магистр Ерсұлтан Бекжанов осы мерекені қалдыруға болатын еді деген пікір білдірді. 

"Әрине, бұл мереке экс-Президенттің атымен тікелей байланысты, соны көзге елестетіп тұрады. Яғни, оны жоюдың саяси қисынын түсінуге болады: осы мейрам тұрғанда, жаңа Қазақстанда іс басындағы көшбасшыға бұрынғы, бірақ көзі тірі лидер саяси бәсекелестік құрауы мүмкін. Біздің қоғам тұлғаларды өмірден өткен соң құрметтей бастайды ғой. Сондықтан бірінші Президенттің елге сіңірген еңбегіне болашақ ұрпақ өз бағасын беретін болар. Сонымен бірге президенттік институтқа арналған атаулы күнді атын сәл өзгертіп, тұңғыш сөзін алып тастап, Мерекелік күндердің тізбесінде қалдыруға болатын еді. Сонда оны мемлекеттік насихат күшімен қазіргі Президентпен де байланыстыруға мүмкіндік бар. Өйткені тәуелсіздік пен мемлекеттілікті нығайтуда президенттік институттың рөлі зор ғой. Оны жоққа шығаруға болмас. Бұл институттың құрылуының бастауында ірі ғалым Сұлтан Сартаев та тұрды", – деді зерттеуші.

Академик, заң ғылымдарының докторы, республикамыздың тәуелсіздігінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан белгілі мемлекеттанушы, 2019 жылғы билік транзитіне куә болып, 92 жасында өмірден өткен Сұлтан Сартаев сонау 1990 жылдың 13 сәуірінде "Казахстанская правда" газетінде "Президентство целесообразно" атты мақала жариялап, онда Қазақстанда президенттік билікті орнату қажеттілігін дәйектеген екен. Оның байламынша, республика Президенті "Қазақ КСР Конституциясының, азаматтардың құқықтары мен бостандығының сақталуының кепіл-гаранты болуға тиіс". Президент посты тағайындалуы үшін маңызы жөнінен одан кем емес тағы бір дәлел ретінде атақты ғалым "саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени жаңғырудың көкейкесті мәселелерін тездетіп шешу, сондай-ақ тұрғылықты қазақ халқы мен Қазақстанда тұрып жатқан басқа халық өкілдері арасындағы сенімді нығайту" қажеттілігін атады. 

Шынында, Президент институты енгзіліп, алдымен Жоғарғы кеңес, соңынан Қазақстан халқы бұл лауазымға Н.Назарбаевты сайлаған соң, ол дәл осы мәселелерді шешуге баса мән берді.

Ғалымның тұжырымдауынша, бұл институт сол кезде ары қарай сақталған отаршыл Мәскеудің ықпалын төмендету үшін қажет болды. Қазақстан Президенті – заң және іс жүзіндегі шынайы егемендікке қол жеткізудің құралы ретінде қарастырылды. Президент осы істі жедел үйлестіретін жоғары лауазымды жаңа тұлға болуы шарт. 

"Ең бастысы, республиканың егемендігін нығайту, территориялық тұтастығын сақтап қалу үшін әлдебір басқа орган емес, дәл осы Президент институты мақсатты, нысаналы шараларды анағұрлым жедел, нақты қабылдап, жүзеге асыра алатын болады. Осы тұрғыдан алғанда, президенттік билік – республикамыздың егемендігінің жаңа гаранты. Осы нысан енгізілсе, қолданыстағы мемлекеттік билік жүйесін, яғни орталық (Мәскеу) пен республика (Қазақ КСР) арасындағы кінәратты жүйені жедел демонтаждау мүмкін болады. Бүкіл Кеңес одағы сияқты біздің республика да ауыр өтпелі кезеңді бастан өткеруде. Бұл кезеңде ескірген бұйрықтық-әкімшілік тәртіптер мен соларға негізделген мекемелер өте баяу жойылуда, ал жаңа саяси, экономикалық құрылымдар енді ғана қалыптасып жатыр. Дәл осындай өтпелі кезеңде егемендік процестеріне тың серпін беруге қабілетті, тиісті құқықтық құзырлары бар күшті билік керек", – деп жазды С.Сартаев.

Бір қызығы, ұлтжанды ғалым өткен ғасырдың 90-шы жылында билікті бір адамның иемденіп алуына тосқауыл қою қажеттілігін негіздепті. Сондықтан ол вице-президент лауазымын ұсынды және "жеке басқа табыну, жеке адамның диктатурасына жол бермеу үшін бір адамға 2 мерзімнен артық сайлануға мүмкіндік бермейтін демократиялық дәстүрді нық ұстану" керектігін қадап айтты. Қазақстанда бұл екі қағидат та бұзылғаны мәлім: бірінші және соңғы вице-президент Ерік Асанбаев болды, содан соң бұл лауазым жойылды. Сонымен бірге бірінші Президентке шексіз сайлану құқығы берілді.

Қалай болғанда, бүгінде Қазақстан азат мемлекет ретінде қалыптасты. Фэйл стейтке айналмады. Әйтпесе, Failed States Index жаһандық рейтингінде орталық билігі басты төрт тұғырдың бәрін уысынан шығарған, яғни елдің территориялық тұтастығын, демографиялық, саяси, экономикалық ахуалды бақылауда ұстауға қауқарсыз болып шығып, "қалыптаса алмаған мемлекет" құрдымына құлаған елдер жетерлік (29). Ал соған таяу тұрған мемлекеттер саны одан да көп. 

2022 жылғы рейтингте әлемдегі мемлекеттер қызыл (төтенше деңгей), қызғылтсары (қауіпті деңгей), сары түсті (тәуекелдің төмен деңгейі) және жасыл (тәуекел жоқ, қалыптасқан мемлекет) аймақтарға бөлінді. Биыл көрші Ресейдің өзі қауіпті қызғылтсары аймаққа өтті. 

Қазақстан болса, АҚШ, Еуропа елдері сияқты санаулы мемлекеттер қатарында жасыл аймақта тұр. Тіпті Қытай мен Орталық Азия елдері сары аймаққа орналастырылыпты. 

Қазақ елінің шетелдік сарапшылар тарапынан осынша жоғары баға алып, зор сенімді иеленуіне, көз қылып емес, шын мәнінде тәуелсіз болуына, көпвекторлы саясат жүргізуіне Президент билігі өз үлесін қосты. Енді міне, нығайып, еңсе тіктеп алған соң Қазақстанда Парламент пен жергілікті биліктің құзыретін күшейтуге бағытталған түбегейлі реформалар өркен жаюда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу