Қазақстанда 2020 жылы жалпыұлттық санақ жүргізіледі

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
32955

Қалың көпшілік 33 жыл бұрын жасалған болжамның бұрыс болмайтынына сенгісі келеді.   

Қазақстанда 2020 жылы жалпыұлттық санақ жүргізіледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 33 жылға алдын ала болжам жасап, 2050 жылы Қазақстанды мекендейтін адамдардың саны 24,5 млн-ға жететіні жайлы мәлімет таратты.

Бір емес, екі емес, үш онжылдықта аттап өтіп, жасалған болжам бізді ол кезде кім бар, кім жоқ деген сауалға табан тіретті. Сәуегейсіп сөз саптағанда алдағы 5, 10 ары кетсе 15 жылды ғана болжауға болмай ма? деген ойға қалдырды. Керек десеңіз, "арық сөйлеп, семіз шығуды" қанымызға қашан сіңіреміз дегенге дейін жетеледі.

Жасыратыны жоқ, біз 18 млн-дық межеден әупірімдеп жүріп астық. Осыдан 4 күн бұрын таратылған Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінде биылғы жылдың 1 шілдесінде Қазақстан халқының саны 18 034,3 мың адамға жеткені, оның ішінде қала тұрғындары 10 339,4 мың (57,3%), ауыл тұрғындары - 7 694,9 мың адамды құрағаны (42,7%) баяндалды.

Әрине жағымды жаңалықты естігенде қуанышымызда шек болған жоқ. Өйткені бізде халық санының өскенін, өнгенін қалайтындардың қатарындамыз. Әйтсе де әсірелеп айту, бояу қосу, қол түгілі қиял жетпейтін жерді жырлауды жанымыз жақтырмайды.

Бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы Қазақстан халқының санын 20 млн-ға жеткізу қажет екенін айтқан. Ал БҰҰ 2050 жылға қарай ортақ отанымыздың аумағында өмір сүретін адамдардың саны 21 млн-ды құрауы мүмкін екенін жариялаған. Біз осыны місе тұтпай, 24,5 млн деген көрсеткішке секіріп жатырмыз. Құдай-ау, дәл қазір бізге алдағы 2 жылда 20 млн-ға жетеміз бе, жетпейміз бе? деген мәселенің өзі күрделі сұрақ болып тұрған жоқ па?

Айта кетейік, 1989 жылы елімізде жүргізілген халық санағында халық саны 16 млн 537 мың адам болды. 1993 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 16 млн 986 мыңды ғана құрады. 1994 жылы 16 млн 942 мың болған адам саны 2001 жылы 14 млн 800 мыңға түсіп қалды. Нақты санға шақсақ, халық саны 7 жылда 2 млн адамға азайды. Бұған өлім-жітім, бала туу көрсеткішінің кемуі және 1993-1998 жылдар аралығында елімізден 1 млн-нан астам славян тектес ұлттар мен 400 мың немістің көшіп кетуі бірден бір себеп болды.

Алаң-елең шақта елбасы: "Тәуелсіздіктің алғашқы 4-5 жылында елімізден 3,5 млн адам қоныс аударды. Осының салдарынан халық саны 14 млн-ға түсіп кетті. Көшіп кеткендердің орнын сырттан келген 1 млн қандасымыз толтырды", – дегенді айтқан.

Шынында да1999-2009 жылдар аралығында тарихи отанына оралғандардың қарасы көп болды. Қиырдағы қандастарымыз Қазақстанға толассыз ағылды. Бірте-бірте тұрғылықты халықтың да саны көбейе бастады.

2002 жылы байқалған өсім 2005 жылға дейін жалғасты. Нәтижесінде 2005 жылы халықтың саны 15 млн-ға жетті. 2010 жылы 16  млн-дық межені бағындырсақ, 2014 жылы 17 млн халықты сүйіншіледік.

Сол кезде президент: "Таиландтықтар тәуелсіздікке қол жеткізген кезде 16 млн болса, бүгінде 65 млн-ға жетіп отыр. Біз 2020 жылға қарай 20 млн-ға жетуге тырысуымыз керек", – деді.

2020 жылы Өзбекстан халқы 32 млн болады деген дерек бар. Ал 1897 жылы біз олардан екі есе көп болғанбыз. Ресей де қазір халық санын өсіру үшін жанталасып жатыр. Олар "ана капиталы" деген мемлекеттік бағдарлама арқылы демографиялық дүмпу жасауға мықтап кірісті. Бұл елде отбасында екінші сәби дүниеге келсе, бірден 250 мың рубль төленеді. Ал бізде ана мен бала мардымсыз жәрдемақы мен жөргекпұлға жалтақтайды. Олар күндердің бір күнінде Қазақстанда Ресейдегідей "ана капиталы" сынды жарқын жоба жүзеге асады деген ойдан үміт үзіп қойған. Себебі жыл басында тілшілерге берген сұхбатында еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваана капиталы мәселесі талқы таразысына салынғанын және ол біздің елге енгізілмейтінін тұспалдаған.

Елімізде 2009 жылы жүргізілген санақ қорытындысында халық санының 63,1%-ын - қазақтар, 23,7 %-ын - орыстар, 2,9%-ын - өзбектер, 2,1%-ын - украиндер, 1,4%-ын - ұйғырлар, 1,3%-ын - татарлар, 1,1%-ын – немістер құраған. Ал 2013 жылғы деректе статагенттік халық санының ішінде қазақтардың үлесі 65,2%-ға жетті деп жариялаған.

Халық санының, оның ішінде қазақ санының ұлғаюы көңілге медет сыйлайды және сыртта жүрген қандастарымыздың Қазақстанға оралуға деген құштарлығын оятады.

Біле жүріңіздер, келесі жылы  Қазақстанның бірнеше аймағында қанатқақты жоба ретінде жаңа технология арқылы халық санағы жүргізіледі. Бұл 2020 жылы жүргізілетін жалпыұлттық санаққа дайындық болады.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, қанатқақты жоба Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында жүзеге асырылады.

"Ақпарат жинау жаңа технология арқылы жүргізіледі. Біз 70 те 30 қатынасын қолданамыз. Яғни мәліметтің 30%-ы интернет, 70%-ы планшет арқылы жиналады. Қанатқақты жоба 2020 жылы жүргізілетін жалпыұлттық санаққа дайындық болады. Әзірше қаржы мәселесі шешілген жоқ. Мәселе бюджет бекітілген кезде қарастырылады", – деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова үкіметте көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын таныстырғанда бесінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайындағы Елбасы тапсырмасын тиянақтауға басымдық берілгенін тілге тиек етті.

"Шетелде тұратын қандастарымызбен байланысты жандандыру үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен етене жұмыс жасау көзделіп отыр. Бүкіл әлем бойынша этникалық қазақтар сапынан жоғары білікті мамандарды тартуда жүйелі іс-қимыл атқару үшін дербес электронды дерек қоры жасақталады", –деді Тамара Дүйсенова. Бұған қоса ол сырттан келген қандастарымызға бейімдеу орталықтарын жаңғыртуды ұсынуда.

"Бұл орталықтар оралмандар мен ішкі көші-қон қатысушыларына бірдей "ортақ терезе" түрінде жұмыс істейтін болады", – деді министр.

Оның сөзінше, үкімет көш шығатын және қабылдайтын өңірлерді, қоныс аударушыларға арналған әлеуметтік қолдау түрлерін анықтаған.

"Көші-қон ерікті түрде жүргізіліп, жұмыс беруші ұсынатын бос жұмыс орны мен еңбекпен қамту кепілдігі болғанда ғана жүзеге асады.

Ішкі көші-қон ағымдарын, ынталандыру квоталарын қолдана отырып, жұмыс берушілердің сұранысы негізінде реттеуді жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, қоныс аударатын әр отбасы мүшесіне субсидияны сақтаған күйі жұмыс күші артық аймақтардан көшті қолдауды жалғастыра бермекпіз. Әрі қарай да отбасыларға 12 ай бойы баспана жалдауға субсидия ұсына беретін боламыз. Сондай-ақ, қоныс аударушының келісімімен нарықтан үй сатып алуға мүмкіндік жасалады. Мұнда жылдық субсидия сомасы бір уақытта төленуі ықтимал. Балама тәсіл ретінде кем дегенде бес жұмысшыны үш жылға жұмысқа алса жұмыс берушіге субсидия тағайындау көзделуде", – деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің мәлімдеуінше, құжатта отандастарымыздың мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөлінген: жеңілдетілген тәртіп білім деңгейі қазақстандық кадрлардан жоғары білікті мамандарды жұмысқа тартуға рұқсат алуға ғана қатысты енгізілген.

Биылдан бастап министрлік тарапынан, шетелдік жұмыс берушілер жағына жергілікті және шетелдік мамандардың арасалмағын қамтамасыз ету, еңбекақыны тең төлеу қағидаттары күшейтілген. Бұған қоса рұқсат беру кезінде жергілікті атқарушы органдар белгілейтін саналуан ерекше жағдайлардың орнына салық алымы енгізілген.

"Шетелдік мамандардың Қазақстанда жұмыс істеуіне рұқсаттың 3 түрін беру ұсынылып отыр. Бірінші, біліктілігі төмен жұмысшылардың уақытша жұмыс істеуіне 1 жылға дейін ғана рұқсат беріледі, сәйкесінше олардың ағынышектеледі. Рұқсаттың бұл түрі жеке тұлғалар жалдайтын маусымдық шетелдік жұмысшылар мен еңбек мигранттарына беріледі. Олардың жасы 18-ден кем болмауы тиіс және алым төлемі сақталады.

Рұқсаттың екінші түрі жоғары білікті шетелдік мамандарға еліміз үшін маңызды жобаларға қатысуға 3 жылға дейін беріледі. Яғни рұқсат жобаның мазмұнына байланысты бірден 3 жылға берілуі мүмкін. Ал қазір ол 1 жылға қарастырылып, кейін ұзартылып отырады. 

Үшінші рұқсат түрі ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын  білікті шетелдік мамандарға арналған. Бұл биылғы жылы енгізілген анықтамалар жүйесі, тұжырымдама аясында бұл анықтамалардың жарамдылық мерзімін 3 айдан 3 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр. Яғни қызметкердің білімі мен біліктілігінің бекітілген талаптарға жауап беретіні жөніндегі анықтаманың  3 жылға дейін күші болады. Ол 3 жыл ішінде Қазақстанда жұмысқа тұра алады", – деді Тамара Дүйсенова. 

Хош, бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Тек "айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады" дегеннің керін келтіре бермейікші. Болжамды ә дегенде 33 жылға емес, мықтағанда 3 жылға жасайықшы.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу