Қазақстанда әрбір екінші борышкер кредитін кешіруді сұрап отыр

5444

Қарыз кешіруден қажыған мемлекет енді банктер мен МҚҰ-ларды алдына келген клиентті несие алмауға үгіттеуге мәжбүр етпек. 

Қазақстанда әрбір екінші борышкер кредитін кешіруді сұрап отыр Фото: yandex.kz

Елде азаматтардың бейберекет қарыз алуы жалғасуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Таяуда сенатор Ғалиасқар Сарыбаев үрейлі құбылысқа назар аудартты. Бұрын әскерде әлімжеттік жасайтын "дедтар" әлсіз солдаттарды соққыға жығып, оларды үйлеріне хабарласып, туыстарынан ақша алғызуға мәжбүрлейтін. Енді оның қажеті де болмай қалыпты. Зорлықшылдар әлжуаз қаруластарын өз атына онлайн кредит рәсімдеуге мәжбүрлейді екен. Бір мойнына бірнеше кредит артылғандары да бар көрінеді.   

"Соңғы кезде біздің қоғамда жастар, студенттер және әскери қызметшілер арасында физикалық күш қолданып, денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, төменгі курстағы білімгерлерге, әскери борышын жаңадан өтеуге келген сарбаздарға несиені мәжбүрлеп алдырту фактілері орын алуда. "Займер", "Кредит 360", "Кредит-плюс", "Көке.kz", "Ақшамат", "До зарплаты" сияқты терминалдар, сайттар, қосымшалар арқылы онлайн форматта кредиттер мен қарыздарды күштеп алғызу және бопсалау жолға қойылған. Мәжбүрлеп алынған несиелерге байланысты жастар арасында сабақтан, оқудан шығып кету, әскерден жалтару және тағы басқа келеңсіз жағдайлар болуда. Әсіресе, микрокредиттік және қаржы ұйымдары бір ғана құжат – жеке куәлік арқылы кез келген азаматқа төлем қабілеттілігін тексермей кредиттер мен заемдарды бере береді", – деді депутат.

Әрине, бұған заң жүзінде шектеу қою депутаттардың өз қолында. Заң жобасына бастамашы болып, тиісті тетігін енгізе алар еді. Бірақ Парламент тарапынан ондай белсенділік байқалмайды. Салдарынан әсекерде төтенше оқиғалар саны тек арта беруі мүмкін.

"Гражданкадағы", бейбіт тұрғындар арасындағы ахуал одан да ауыр. Халықтың шектен тыс кредиттелуі құбылысын бұған дейін талдаған болатын.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2021 жылы – 42 925, ал 2022 жылы 35 337 жеке және заңды тұлғадан шағым түсіпті.

Арыздардың көбісі – 64,6% немесе 22,8 мың өтініш банк секторына тиесілі. Тағы 19,8%-ы немесе 7 мыңы – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметіне қатысты. Өзге ұйымдардың, соның ішінде сақтандыру, коллекторлық және бағалы қағаздар нарығының еншісінде – 15,6% немесе 5,5 мың шағым.

Жұрт қаржылық биліктен не сұрайды?

Бүгінде халықты не қызықтыратынын, ол үшін қандай мәселе өзекті екенін оның шағым, өтініштерінен байқауға болады.

Тұтынушылардың хаттарына жасалған талдау көрсеткендей, банк және микроқаржы секторларына қатысты негізгі сұрау – қарызды кешіру болып отыр.

Тарата айтқанда, банктен қарыз алғандардың 37,4%-ы және микрокредиттері барлардың – 61,4%-ы, яғни әрбір екіншісі несиесін, берешегін толық немесе ішінара кешіруді, есептен шығаруды өтінуде.

Шағымданушылардың тағы 28,2%-ы – банктік қарыздарын, 16,8%-ы – микрокредиттерді қайта құрылымдауды, реструктуризациялауды талап еткен.

Бұған қоса, банктер мен МҚҰ-ларға қатысы жоқ арыз иелерінің 17,2%-ы – коллекторлық агенттіктердің борышты кешіруден (есептен шығарудан) бас тартып жатқанына шағымданыпты. 16%-ы – қаржылық реттеушіден коллекторлық агенттіктерді өз берешегін қайта құрылымдауға иліктіруді сұраған.

Шамасынан тыс қарыз алып, борыш батпағына батқаны үшін азаматтардың айыптай беруге де болмайды. Баю жолына түсіп алған қаржылық ұйымдар халықты ашықтан-ашық алдауға көшті.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметінен:

  • заемшының борыш жүктемесінің коэффициентін қате есептеу,
  • жасырын комиссияларын қосып жіберу,
  • мемлекет бекіткен сыйақы ставкаларының шекті мәндерін бұзу және жылдық тиімді сыйақы ставкасын асырып жіберу,
  • азаматтарға сыртынан жалған тұтынушылық кредиттер ресімдеу,
  • түрлі жосықсыз әрекеттерге бару сияқты проблемаларды анықтады.

Бұдан бөлек, несиеге қатысы жоқ қосымша өнімдерді алуға мәжбүрлеу (мұны мисселинг атайды) салдарынан борышты шектен тыс арттырып жіберу, жасанды түрде тұтынушылық тәуекелдер туындату белең алған. 

Сақтандыру шарттарын бекітуге мәжбүрлеу, сондай-ақ тұтынушылардың мүдделеріне сәйкес келмейтін сақтандыру шарттарын ұсыну – ең жиі кездесетін проблемаға айналды. Тіпті несие толық өтелгеннің өзінде сақтандыру ұйымдары төлемді кері қайтармайды.

Банк өз клиенті үшін алдаушы емес, ақылшысы болуға тиіс

Қаржылық реттеуші банктер мен микроқаржы ұйымдары несиелерді клиенттің мінез-құлық ерекшеліктерін ескермей, үлестіретініне назар аударыпты.

Сондықтан 2024 жылы қаржылық қызметтерді ұсынуда "тұтынушының мінез-құлық стандарттарын енгізу" жоспарланып отыр. Оның барысында клиенттің "тәуекелдік бейіні" ескерілуге тиіс. Сонымен бірге банктер мен МҚҰ-лар несие алушыға қаржылық өнімінің барлық ерекшеліктері және оған ілесетін тәуекелдер туралы ақпаратты жан-жақты ашуы шарт. Егер клиенттің талаптарды орындай алмай қалатыны және несиені өтеуге қауқары жетпейтіні аңғарылса, қаржылық ұйым қызметкері оны қарыз алмауға үгіттегені жөн.

"Мінез-құлықтық қадағалауды дамытудың негізгі элементі – қаржы ұйымдарының өз тұтынушыларымен жұмысының Бірыңғай мінез-құлықтық стандарттарын енгізу болады. Әрбір қаржылық ұйым өз өнімнің қасиеттері туралы ақпаратты толық ашуға, тұтынушының қаржылық біліктілігі мен сауаттылығын бағалауға, тиісінше соған жеке бейімделген өнімдерді ғана ұсынуға, бұзушылықтардың алдын алу үшін дауларды реттеудің тиімді рәсімдерін қалыптастыруға міндетті болады. Тұтынушыларды қорғаудың осындай кешенді моделін енгізу халықтың қаржы өнімдері туралы хабардар болуына және қаржылық сауаттылыққа оң әсер етеді. Тұтынушылармен адал және әділ жұмысты қамтамасыз етуде қаржы нарығына қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге жол ашылады", – деп түсіндірді агенттік.

Мінез-құлықтық қадағалау бірнеше негізгі бағытты реттеуге бағытталады: алғашқысы баға және сапа: банкке не МҚҰ-ға жүгінген әрбір клиент алғалы тұрған несиелік өнімнің тек артықшылықтарын ғана емес, кері тұстарын да анық түсінуі қажет.

Сонымен қатар клиент өнімге деген төл қажеттілігін түсінуге тиіс. Әйтпесе, елімізде несиені салмақты өмірлік мұқтаждықсыз ала салатындар жетерлік. Түрлі тойлар, қажетсіз қытайлық тауарлар және басқасы үшін алу да осы қатарда. Қызметкер қажетсіз несие алу зиян тигізуі мүмкін екенін түсіндіруі керек.

Алайда банктер мен басқасының бұл міндетіне салғырт қарамасына қандай кепілдік бар? Мысалы, өз өнімін жамандаса, клиент орнынан тұрып, басқа банкке кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан клиентіне несиелік өнімнің ауыртпалықтарын түсіндіруге бас қатырмай, одан "Барлық тәуекелдермен таныстым" деп әлдебір құжатқа қол қоя салуды сұрауы ықтимал. Онда тұтынушы несие алудың салдарларын жете ұғынбайтын болады.  

Бұған жол бермеу үшін Қаржы нарығын реттеу агенттігі өзіне "құпия сатып алу" құзырын беруді сұрап, тиісті бастамасын алда Мәжіліске енгізілетін заң жобасына қосты. Нәтижесінде, агенттік мамандары кез келген кезде кез келген банкке не МҚҰ-ға клиент ретінде кіріп, ол ұйым қызметкерлерінің талапты қалай сақтап отырғанын бағалай алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу