Қазақстанда бизнестің жаңа түрі пайда болды

18129

Ол 6 жыл бұрын Калифорнияда ойлап табылыпты. 

Қазақстанда бизнестің жаңа түрі пайда болды

Көлігі бар адамдардың мәселесі көп. Автомобилдің төл проблемалары жетерлік. Ал жүргізушінің жеке істері бастан асады. Оның үстіне қазақы дәстүр бойынша егер әулеттегі бір адамда көлік-құрал болса, оны бүкіл әулет іске жегетіні мәлім. Осы қарбалас у-дуда кенет машина тоқтап қалады. Себебі, "азығы таусылған".

Мұндайда не "темір тұлпарды" жамбасынан итеріп, жақын ЖҚС-қа жеткізуге, не эвакуатор жалдауға, не буксирлеуге тура келеді немесе канистраны арқалап, таксиге отыруға тура келеді. Тіпті ар-ұятты белге түйіп, шлангі ұстап, әрлі-берлі зулаған өзге көліктерден бензин сұрайтындар да бар. 

Ал жаңа бизнес түрі осындай ыңғайсыз жағдайда қалған "темір тұлпар" иелеріне көмекке келеді.

Бұл жайында кәсіпкер Жәнібек Серқұлов айтып берді. Оның компаниясы отынды тікелей автомобильге дейін жеткізіп беретін пилоттық жобаны іске қосыпты, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Басқаша айтқанда, "АЗС" іздеудің қажеті жоқ, жанар-жағармай құю станциясы тура сіздің көлігіңізге келеді. Және өнімі ЖЖҚ станцияларындағыдан қымбат емес көрінеді.

"Өйткені отынды жергілікті мұнай базаларынан сатып алатын боламыз. Жанар-жағар майды Лада Ларгус және Volkswagen Transporter машиналарымен жеткізуді жоспарлап отырмыз. Олардың багаж бөлімінің ішінде шлангісі бар бөшке қойылады. Отын дәл АЗС-тердегідей пистолеттен құйылады. Бұған арналған барлық құрал-жабдықтар сертификатталған. Олар қолдан емес, зауытта жасалған", – дейді бизнесмен.

Айта кету керек, ЖЖМ-ді тікелей автокөлікке дейін жеткізу сервисі алғаш рет әлемде 2015 жылы АҚШ-тың Калифорниясында пайда болды. Facebook, Google, Snoop Dogg және басқа да атақты брендтер мен жұлдыздардың отаны саналатын бұл штатта ең уайымсыз, қамсыз, бейғам адамдар тұратыны мәлім. Сондықтан бұл қызмет түрі тез-ақ танымал болыпты. Ізінше, 2016 жылы ұқсас компаниялар бүкіл әлемде ашыла бастады.

Көрші Ресейде жалпы саны 16 компания жаңа нарықта қызмет етеді. РФ федералдық заңнамасы көлік ішінде 300 литрге дейін бензинді немесе 1 тоннаға дейін дизельді отынды ешқандай арнайы лицензиясыз алып жүруге рұқсат етеді. Ресейдің іргелес өңірлерінің тұрғындары Қазақстаннан арзан ЖЖМ-ді де осылай тасып алып кетеді. Содан кейде біздің Үкімет оны заңсыз импорт санап, тыйым салып жатады.

Бұған қоса, солтүстік көрші жаңа бизнес түрін заңдастырып үлгеріпті: РФ экономикалық қызмет түрлерінің салалық классификаторында (ОКВЭД) оған "клиенттің мекенжайына жеткізе отырып, отынның тікелей саудасын жүзеге асыру қызметі" деп аталатын 47.99.3 позициясы қарастырылды. Компаниялар өз жұмысында осы құқықтық негізді басшылыққа алады.

Еуразиялық одақ аясында Ресей тәжірибесі Қазақстанда тез қабылданатынын ескерсек, жаңа кәсіп түрінің өркен жаюына қарай бізде де жаңа классификатор пайда болатыны даусыз. Әзірге ондай салалық классификатор жоқ. Оның үстіне отандық заңнамада "отынды автомобилге дейін тікелей жеткізу" ұғымы регламенттелмеген. Дегенмен, бизнесмен өз жобасының заңды екеніне сенімді.

"Құқықтық айналымда бар "жылжымалы жанармай құю станциясы" ұғымы біздің жобамызға жарамайды. Себебі ол құты-сыйымдылықты және отын таратушы колонканы біртұтас зауыт бұйымы ретінде жасалған автомобиль шассиінде, тіркеме-прицепте, жартылай прицепте орналастыруды қарастырады. Біздің жағдайымызда көлік пен отын таратушы жабдық – біртұтас зауыт бұйымы емес. Бірақ еліміздің "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңында мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге жол берілетіні айтылған", – дейді Жәнібек Серқұлов.

Сонымен оның айтуынша, қызмет көрсету схемасы қарапайым.

"Жылжымалы заправщикті" шақыру үшін мобильді қосымшадан тапсырыс беру керек. Онда автомобильдің деректерін және оның тұрған орнын нақты көрсету қажет. Қызмет құнын онлайн немесе банк картасы арқылы төлеуге болады. Отын бағасы стационарлы ЖЖҚ станцияларындағы бағаға тең. Қызмет құны отын бағасынан және оны жеткізу шығынынан құралады. Заң тұрғысынан алғанда, жоба қолданыстағы ұлттық заңнамаға және қағидаларға қайшы келмейді. Мысалы, Лада Ларгуспен 330 литрге дейін, ал Volkswagen Transporter-мен 1 тоннаға дейін отын тасылады", – деді Ж.Серқұлов.

Алайда бұл жаңа бизнес түрі өркен жайып, азаматтардың нәпақа табу көзіне айналуы, жаңа кәсіпкерлерді тудыруы үшін оны жеке заңдастырған жөн.

Әйтпесе, заңгерлердің түсіндіруінше, отын жеткізуші көліктерге полиция және басқа қадағалаушы органдар көп тиісуі мүмкін. Заңда және қағидаларда заправщик-машиналарды жабдықтауға қатысты талаптар бекітілуі керек. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі туралы рұқсаттар алынуы қажет. Олай болмаса, жылжымалы ЖЖҚ көліктерінің көшеге шығуы қауіпті деп танылып, жоба "жатырында тұншықтырылуы" ықтимал.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу