Қазақстанда дәрігерлерге жаппай Covid-19 жұғу қаупі төнді

5245

Өз тағдырына алаңдаған ақ халаттылар Президенттен араша сұрады.  

Қазақстанда дәрігерлерге жаппай Covid-19 жұғу қаупі төнді

Елімізде медициналық қызметкерлердің өзі пандемиядан қорғалмаған. Бұл проблема әсіресе, өңірлерде ушығып тұр.

Тараз қаласында орналасқан Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар блогының бірнеше маманы, жан сақтау және интенсивті терапия бөлімінің мейірбикелері мен санитарлары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Олар коронавируспен күреске миллиардтар бағытталып жатқаны туралы биік лауазымды тұлғалардың сөзіне сенбейді.

"Сіз бөлген қаражаттың игілігін көріп жатқан жоқпыз. Пандемия өршіген түста бізге жеке қорғаныш заттарын, дезинфекциялық майлықтарды, антисептиктерді, тіпті маска беруді қойды. ХІХ ғасырда жасалған, көне обаға қарсы костюмді киюге мәжбүрміз: жиынтығына пижама, халат, 40–42 мөлшерлі етіктер, мақта мен дәкеден жасалған маска кіреді. Онымен жұмыс жасау мүмкін емес: ауа жетіспеуі кесірінен гипоксия басталады, көзәйнек терлеп, ештеңе көрінбейді. Көпреттік костюм жуылса ұзақ кеппейді, су қалпында киеміз", – деп мұң шағады олар.

Ауруханада коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге жұмылдырылған қызметкерлердің өздерін түнеуге үйлеріне жібереді екен. Себебі оларды карантинге алатын орын қарастырылмаған.

"Біздің ұжым жалғызбастылардан, сондай-ақ толық отбасылардан тұрады. Кейбірінде 5 балаға дейін бар. Балаларымыз, туыс-туғанымыз үшін қорқамыз. Әкімшілік егер карантинге жатсаң, тамақты туыстарың үйден тасуы керек дейді. 5 бригада құрылды, әр бригада 1 дәрігер, 2 мейірбике және 2 санитардан құралған. Бір ауысым 12 сағатқа дейін созылады. Осы уақыт бойы нашар костюмдерде жұмыс істеу өте күрделі. Бір реттік костюмдер берілмейді", – дейді шағымданушылар.

Олардың мәліметінше, палата есіктері жабылмайтындықтан скотч-желіммен жабыстырылады екен, оның өзін қызметкерлер өз ақшасына сатып алады. Тараздық ақ халатты мамандар өз қызметтерін адал орындаудан қашпайтынын, бірақ жаһандық кеселге қарсы заманауи құралдар көмегімен күрескісі келетінін мәлімдеді.   

Сондықтан олар Президенттен біріншіден, өздерін қорғаныш костюмдерімен, антисептиктермен және басқасымен қамтамасыз етуге тапсырма беруді сұрайды. Екіншіден, сыйақы бергізуді өтінеді. Себебі, Қазақстанның біраз өңірінде Covid-19 таралуына тосқауыл қоюға тартылған өзге әріптестеріне наурыз айында сыйақы берілген. Ал Таразда бас дәрігер жұқпалы аурулар блогында істейтіндердің бәріне емес, тек коронавируспен сырқаттарды емдеуге тікелей тартылғандарға ғана сыйақы төлеуге шешім қабылдапты. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссия бекіткен, 3 ай еңбекақыға қосымша төленетін үстемеақыдан да қақпауды сұрайды. Президентке хатқа 26 маман қол қойған.

Бұл тек бір өңірде қалыптасқан жағдай еместігі әшкереленуде. Шымкент тұрғыны Аида Денисова бастан өткерген оқиғаны баяндап берді. Ол денсаулық сақтау министрі және өзге шенеуніктер коронавирустің қауіптілігі туралы көп айтқанымен өңірлерде одан қорғануға лайықты жағдай туғызбағанына наразы. Шенділер ауыл-аймақтағы дәрігерлерге дұрыс нұсқаулық бермейді, министрлік талаптары қалай орындалуы тиістігін толыққанды түсіндірмейді дейді ол. 

"Менің қызым Камила 22 наурызда Мәскеуден ұшып келді. Рейстен шығар кезде оны мамандар қарсы алып, анкета толтыруды өтінген, содан кейін дене қызуын өлшеп, қоя берді. Біз оны карантинге алып кететін шығар деп әзірленіп едік, олай болмады. Сондықтан отбасымыз өз бетімізбен үйде оқшаулануға ұйғардық. Сыртқа шықпадық, ешкіммен қарым-қатынас жасамадық. Бір апта өткесін, наурыз айы соңында учаскелік мейірбике қоңырау шалды және өздерінде тіркелгендіктен, отбасымыздың жағдайын сұрады. Барлығы қалыпты екенін, тек қызым Мәскеуден оралғанын хабарладым. Ол өздерінің бұл жайында құлағдар етілмегенін мәлім етіп, қайран қалды", – дейді А.Денисова.

29 наурызда мейірбике дәрігерін ертіп арнайы жеткен. Шетелден келген қызды тексеріп, қызуын өлшеп, барлығы дұрыс екеніне көздері жеткесін оқшаулануды бұзбайтыны жөнінде қолхат алып кетіп қалады.

Нағыз қызық содан соң басталады. Емхана меңгерушісінің өзі телефон соғып, қан тапсыруға баруы тиіс екенін мәлімдеген. Егер өз еркімен бармаса, учаскелік инспекторды жіберіп, күштеп апаратынын ескертеді.

"Заңға бағынатын азаматпыз. Қызымызды осының қажет екеніне көндіріп, "Иляев,51" мекенжайындағы бұрынғы амбулаториялық хирургия орталығына жеттік. Бос палатаға орналастырды. Аурухана ішінде тыныштық тұнып тұрғандықтан барлығы палаталарда оқшауланып, режимді сақтайтын шығар дегенбіз. Бірақ бір сағат өтер-өтпесте дәліз шуға толды. Әлдеқайдан сапардан оралған азаматтар да шабадандарымен бірге әкелінді. Әрлі-берлі сабылып жүрген жұрттан ешкім палатада отыруды талап етпеді. Палатаға да медицина қызметкерлері бірінен соң бірі кіре береді. Дәрігерлер көрінбейді. Бүкіл дәлізге арналған жалғыз ғана дәретхана бар болып шықты. Ерлер мен әйелдерге ортақ әжетхана адам көргісіз лас", – дейді А.Денисова.

Ол мінсіз тазалық орнаған пәтерден қызын осындай нас орынға әкетудің не қажеттілігі болғанын түсінбейді. Антисанитария жайлаған жерде жұмыс жасауға мәжбүр мейірбикелер мен санитарларды аяйды.

Осы орайда елордада, жайлы жерде отырып денсаулық министрі Елжан Біртановтың азаматтардан індетке қарсы талаптарды сақтауды талап етуі мазақтай естіледі. Қазақстандықтар болса, лайықты жағдай жасалмаған ауруханалардан коронавирус жұқтырудан үрейленеді.

Арқалық қаласының тұрғыны Ақтоты Досқожа дәрігер болып істейтін күйеуінің денсаулығына алаңдайды.

"Біздің қалада дәрігерлер коронавирустен қорғалмаған. Оларға қарапайым маска да беріле бермейді. Ауруханада антисептиктің өзі жоқ. Жұбайымды қорғайын, өз ақшама-ақ сатып алайын деп дәріханаларды адақтап шықтым. Екі апта болды, қаладағы дәріханаларда маска да, тіпті дәке де қалмады. Әйтпесе, дәкеден жасап алуға болады дейді. Коронавирус індеті Арқалыққа келсек, қорғансызбыз. Бұл қалада індеттің тез таралу қаупі бар", – дейді Ақтоты.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Covid-19 жұқтырған қазақстандық медицина мамандарының саны 28-ге жеткенін мойындады. Олардың барлығы карантиндік нысандарда жұмыс жасаған.

"Осы жағдайлар бойынша эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізудеміз. Біз әрбір медқызметкердің вирусты қалай жұқтырғанын анықтаймыз", – деді Елжан Біртанов.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу