Қазақстанда донор тапшылығы туындады

5835

42 500-ге балама: қан тапсырғандарға 22 мың теңгеден төленбек. 

Қазақстанда донор тапшылығы туындады

Елде төтенше жағдай, карантин және қозғалысты шектеу шараларының енгізілуіне байланысты қан орталықтарына қан тапсыруға баратын азаматтар қатары күрт сирепті.

Бұрын ерікті әрі тұрақты түрде донор болған азаматтардың бір бөлігі "коронавирус жұқтырып аламын ба?" деп қауіптенеді. Қан орталықтары одан қорықпауға, батыл келіп қан тапсыруға шақырады. Орталықта келушілерге бетперде, бахила және дезинфекциялау құралдары ұсынылады. Қан алушы қызметкерлердің барлығы бетперде киіп жүреді. Олар орталықта КВИ жұқтыру қаупі жоқтығына сендіреді. 

Республикалық қан орталығы директорының медициналық бөлімі жөніндегі орынбасары Саида Арыспаева маусым айынан бері Қазақстанда коронавирусты емдеу үшін қажетті иммундық плазма донорларын іздеу басталғанын айтады. Алайда COVID-19 індетімен ауырып айыққандар өзге сырқаттармен антиденелерімен бөлісуден бойын аулақ ұстайды. Көбі "қайта жұқтырамын" немесе "қорғаныштық антидене өзіме жетпей қалады" деп үрейленеді.

С.Арыспаеваның айтуынша, бір донордан алынған иммундық плазма үш сырқаттың өмірін құтқарып қалуы мүмкін. Мұндай плазманың құрамында вирусты өлтіретін антиденелер бар. 

Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі "Қан және оның компоненттерін донациялауды ақылы негізде жүзеге асыратын донорларға төлем көлемін, қағидаларын, критерийлерін бекіту туралы" министр Алексей Цойдың бұйрығы жобасын жариялады.

Құжат 2020 жылғы 7 шілдеде күшіне енген жаңа Денсаулық кодексіне сәйкес әзірленіп отыр.

Аты айтып тұрғандай онда ақылы түрде қан тапсыратын адамдарға қанша төленетіні нақты ашып айтылады.

Сонымен бірге, ақы-пұлсыз қан алғызатын қайырымды адамдарға да жол ашық. Оларға процедура аяқталған соң "оның қанының көлемін және организмінің энергетикалық шығындарын толтыру" үшін таңдауы бойынша не тегін тамақ беріледі, немесе 0,25 АЕК (694 теңге) мөлшеріндегі астың ақшалай баламасы ұсынылады. Бұған дейін ол сома 662 теңге болатын.

Донорлық функцияны ақылы негізде жүзеге асырған донор ақша алады.

Біріншіден, стандартты, яғни 450 миллилитр (±10%) мөлшерде 1 рет қанын берсе ол үшін 2 айлық есептік көрсеткіш (2020 жылы – 5 мың 556 теңге) төлем төленеді деп жоспарлануда.

Екіншіден, екі еселенген плазмаферез кезінде 550 миллилитр (±50 миллилитр) көлемінде 1 рет плазма тапсырушы адамға 4 АЕК немесе 11 мың 112 теңге ақы беріледі деп күтілуде.

Үшіншіден, екі еселенген плазмаферез кезінде (6 халықаралық бірліктен кем емес антидене бар болса) 550 миллилитр (±50 мл) мөлшерінде 1 рет иммундық плазмасын қиған жан 7 АЕК немесе 19 мың 446 теңге алуы керек.

Төртіншіден, екі еселенген плазмаферез кезінде антиденелердің резус титрі 1:64-тен жоғары болатын изоиммундық плазманы 550 миллилитр (±50 мл) мөлшерде 1 рет тапсырғаны үшін ақылы донорға бюджеттен 22 мың 224 теңге бөлу ұсынылып отыр.

Қалғаны бұдан әлдеқайда арзан.

Бесіншіден, аппараттық цитаферез кезінде тромбоциттердің бір дозасын (дозадағы тромбоциттердің саны кемінде 200х109 болуы тиіс) 1 рет тапсырған адам 1 АЕК немесе 2 мың 778 теңге алады.

Алтыншыдан, аппараттық цитаферез кезінде эритроциттердің бір дозасын (дозада кемінде 45 грамм гемоглобин) әрбір тапсырған сайын қазақстандықтардың 2 АЕК немесе 5 мың 556 теңге табыс табуға мүмкіндігі болмақ.

Төлем екі әдіспен: не қолма-қол, не қолма-қолсыз жүзеге асырылады. Екінші тәсілде донор банктегі картасының есепшотын растайтын құжат ұсынуы керек. Содан кейін қаражат 2 күн ішінде картасына аударылуы қажет. Ал шытырлаған ақшаны қалайтындар оны қан тапсырған күні Қан орталығының бухгалтериясынан алып кете алады деп белгіленген.

Әйткенмен ақылы донорға қаржы төлеуден бас тартылуы да мүмкін.

"Плазманы донациялау барысында центрифугалау әдісімен қанның формалық элементтерінен плазманы бөліп алғаннан кейін сол плазмада хилез анықталса, яғни ол бұлыңғыр, опалесцирлі болса, ақшыл түстен ақ түске дейін құбылса, онда төлем жасау жүзеге асырылмайды", – делінген денсаулық сақтау министрі бұйрығының жобасында.

Айта кету керек, ақылы донацияны дамытуға талпыныс бұрын да жасалған. Алайда 2016–2020 жылдарға арналған Қан қызметін дамыту тұжырымдамасы негізінде елде тек өтеусіз, ерікті донорлыққа дем беру туралы шешім қабылданыпты.

"Нәтижесінде, 2016 жылдан бері біз ақылы негізде донор қабылдауды тоқтаттық. Донация түрі және көлеміне қарамастан, қан тапсырған барлық адамға 0,25 АЕК көлемінде ғана өтемақы жасалып келді. Бұл ретте ақшалай емес қолдау шаралары белгіленді. Мысалы, медициналық тексеруден өткен және қан алғызған күні жұмыскерге жұмыс берушісі бір күн демалыс беруге және сол күн үшін жалақысын сақтауға тиіс", – деп түсіндірді Қан орталығының мамандары.

Егер Алексей Цой осы бұйрығын бекітіп, оған бюджеттен қаражат бөлгізе алса, онда қазіргідей дағдарысты шақта денсаулығы жарайтын азаматтарға азын-аулақ табыс табуға, ал сырқаттарға – қажетті иммундық плазмаға жеделірек қол жеткізуге мүмкіндік тууы мүмкін.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу