Қазақстанда қанша адам аяқ-қол протездеріне мұқтаж?

1438

Протездерге ең үлкен қажеттілік қай өңірлерде екені белгілі болды. 

Қазақстанда қанша адам аяқ-қол протездеріне мұқтаж? Фото: Википедия

Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттен протез алу кезегі ұзақ екенін айтады. Заманауи протезді өздігінен сатып алу да оңай емес. Себебі оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Мәжіліс қабырғасында депутат Таңсауле Серіков республикада протезист мамандары саусақпен санарлық екенін жеткізді. Аяқ-қол протезіне қанша қазақстандық мұқтаж? Елімізде протезист мамандары неге даярланбайды? Аяқ-қол ампутациясының негізгі себептері қандай? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz тілшісі шолу жасап көрді. 

Елімізде аяқ-қол протезіне мұқтаж азаматтардың санын білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдадық. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда мүгедектігі бар 719,3 мың адам бар. Оның ішінде 106,9 мыңы бала, ал 612,4 мыңы ересек адам. 422,5 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 189,9 мың адам зейнет жасында.ба

"Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарды протездермен қамтамасыз етуге ұсынымдары бар мүгедектігі бар адамдардың саны 906 адамды құрайды. Оның ішінде ең үлкен қажеттілік Түркістан облысында байқалады (142 адам). Одан кейін Шымкент (88 адам), Астана (75 адам) қалалары, Алматы (63 адам) және Қарағанды (61 адам) облыстары орналасқан", - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.

Бұл ретте аяқ-қол протезіне мұқтаж азаматтарға мемлекет тарапынан қандай көмек түрлері қарастырылғанын да білдік.

"Протездік-ортопедиялық көмек, атап айтқанда жоғарғы және төменгі аяқтардың протездерімен ұсыну әлеуметтік қызметтер порталы немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Протездік-ортопедиялық көмекті сатып алу Әлеуметтік кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларында ҚР мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі", - деді спикер.

Министрліктің дерегінше, протездік-ортопедиялық құралдардың алынған күннен бастап ауыстыру мерзімдері де белгіленген. Мәселен, аяқ қолдарға арналған шиналы-былғары протездер 1 жылдан кейін, ал заманауи технология бойынша дайындалатын протездер 3 жылдан кейін ауыстырылуға тиіс.

"Протездерді, оның ішінде жаңа модельдерді мерзімінен бұрын ауыстыру, сондай-ақ кию мерзімін ұзарту, жөндеу туралы, жаңа (заманауи) технологиялар бойынша жасалған, электрондық модульдері бар аралас протездерге, протездерге көшу туралы шешімді протездік-ортопедиялық көмек көрсететін өнім берушілері облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен алдын ала келісуімен  протездік-ортопедиялық көмек бойынша өнім беруші жасайтын тиісті акт негізінде жүргізіледі. Жыл сайын "Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы" мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік тапсырма нысанында протездік-ортопедиялық көмек көрсету бойынша мемлекеттік қызметтерді іске асырады", - деді Назгүл Сағындықова.

Вице-министрдің дерегінше, 2023 жылдың 5 желтоқсанындағы жағдай бойынша протездік-ортопедиялық көмек 66,6 мың адамға (81,8 пайыз) көрсетілді. Оның ішінде олардың берген өтініштері бойынша 252 адам протезбен қамтамасыз етілді. Былтыр бұл көрсеткіш 67,6 мың адамды (85 пайызды), оның ішінде 545 адам протезбен қамтылған.

Жыл басынан аяқ-қолды ампутациялау бойынша қанша ота жасалған?

Биылғы 11 айда С.Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының деректері бойынша 592 қол ампутациясы және 4956 аяқ ампутациясы тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің inbusiness.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында көрсетілген.

"2022 жылы қолдың 561 ампутациясы, аяқтың 4771 ампутациясы жасалды. Ампутация көлемі бойынша әр түрлі болады. Мәселен, саусақтардың ампутациясы (саусақтардың бір бөлігі), аяқ-қолдың әр түрлі деңгейдегі бөліктері (қол, білек, иық, аяқ, тізе, жіліншік, жамбас), аяқ-қолдың толық ампутациясы. Бұл зақымданудың сипатына, тереңдігіне, мөлшеріне байланысты", - деді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дюсенов.

Министрліктің дерегінше, қол ампутациясының 26%-ы жарақаттардың себебінен болады.

"Тағы 16%-ы тірек-қимыл жүйесінің қабыну аурулары, 15%-ы – үсіп қалу, 8 пайызы – туа біткен ауытқулар, 3,5% – тамыр аурулары, 3,7 пайызы – қатерлі ісіктер, 2,5% – күйіктер, 1,6%-ы қант диабеті салдарынан болады. Аяқ ампутациясының себептері арасында бірінші орында қант диабеті тұр (33,5%). Одан кейінгі орындарда қан тамырлары аурулары (27%), жарақаттар (8%), үсіп қалу (6%), тірек-қимыл жүйесінің қабыну аурулары (1%), туа біткен ауытқулар (1%) орналасты", - делінген жауапта.

                                                           Cyborg base платформасы арқылы екі адам тегін протез алды

Cyborg base стартапының негізін кәсіпкер Мәди Жақыпов қалаған. Бүгінде бұл платформа арқылы мүгедектігі бар азаматтар өздеріне қажет протез түрін тауып, оны тегін ала алады.

"Біз АҚШ-тан қолданылған протездерді әкелеміз. Жыл сайын бұл мемлекетте 300 мың протез утилизацияға кетеді екен. Мұны естігенде бұл протездерді Қазақстанға әкеліп, адамдардың сапалы протезге қол жеткізуіне мүмкіндік беру керек деген ойға келдім. Коммерциялық емес ұйымдармен байланысып, олар бізге бұл протездерді енді тегін жеткізіп отыр", - деді Мәди Жақыпов Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлерінің алғашқы құрылтайында.

Қазіргі таңда Cyborg base жобасы арқылы екі адам протез алған.

"Біз тағы 40 протез алдық. 150 адам протез күтіп отыр. Бұл тек басы ғана",  -деп атап өтті стартап иесі.

Оның айтуынша, әлем бойынша бір протездің бағасы 5 мың доллардан басталып, 100 мың долларға дейін жетеді.

Елімізде протез жасайтын мамандар даярланбайды

Жақында Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерді.

"Мемлекет І, ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне тегін протез жасауға кепіл болғанымен, ол іс жүзінде өте баяу іске асып жатыр. Бұл нормалар мүгедектерді протезді-ортопедиялық көмек және техникалық көмек құралдарымен қамтамасыз ететін,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылдың 30 маусымдағы №287 бұйрығымен бекітілген", - деді мәжілісмен.

Оның сөзінше, республика бойынша протез жасаумен санаулы адам ғана айналысады. Халық қалаулысы еліміздегі колледжер мен университеттерде протезист мамандары даярланбайтынын айтып қынжылды. 

"Протезді жылына кемінде екі рет тексеруден өткізіп отыру қажет. Балалар протезін әр екі ай сайын жөндеуден өткізу қажет. Өйткені баланың сүйегі тез өзгеріп, денесі өседі", - деді депутат.

Таңсауле Серіков шетелде протезист мамандарын оқыту жолға қойылғанын айта келе, Германия, АҚШ, Ресей және Беларусь елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.

"Протезист мамандар оқуды тәмамдаған соң науқастардың жағдайын талдауға, аяқ-қол протездерінің түрін, дизайнын, ортоз түрін, ортопедиялық аяқ киім мен түзету құралдарын, пациенттің қозғалысын жеңілдететін көмекші құралдарды тағайындауға, төменгі аяқ протездерін жасауға қатыса алады. Шетелде хирургтар ота жасамас бұрын протезист маманмен кеңеседі. Себебі дұрыс жасалмаған протез ауруды ушықтыруы да мүмкін. Протезист-ортопед маманның тәжірибесі ампутанттың алдағы сапалы өмір сүруіне ықпалы зор. Біз медициналық оқу орындарына бұл мамандық түрін енгізе алмай келеміз", - деді мәжілісмен Таңсауле Серіков.

Айта кету керек, осыған дейін  Мәжіліс депутаты мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу