Қазақстанда кедейлер саны күрт көбейеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4545

Қазақстандағы кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтеру жоспарланып отыр.

Қазақстанда кедейлер саны күрт көбейеді

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Бүгінгі таңда айлық кірісі 14 142 мың теңгеден жоғары азаматтар кедей болып саналмайды. Өйткені кедейліктің шегі осыдан басталады. Бұл көрсеткіш ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы ғана.  

Мамандардың айтуынша, кедейлік шегінен жоғары бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кірісі бар азаматтар қазіргі таңда мемлекеттен ешқандай да қолдау көре алмай отыр. Ал кедейлік шегінен төмен алатын азаматтарға былтыр мемлекет 4 мың теңгеден астам қаржылай көмек көрсеткен болған екен.

"Мәселен, 14 142 теңге мен 14 200 теңге арасында мүлде айырмашылық жоқ деуге болады. Алайда айлық кірісі 14 142 теңге алатындарға мемлекеттік қолдау бар да, 14 200 теңге алатындар мемлекет қолдауынан ауыз тимейді", – дейді депутат Артур Платонов.

Ал министрдің айтуынша, кедейлік шегін көтеру 2025 жылға дейін жоспарланып отыр.

"Кезең-кезеңімен кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтереміз. Есептей келе келер жылдан бастап кедейлік деңгейін әртараптандырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына дейін көтереміз", – деді еңбек министрі.

Оның айтуынша, көпбалалы отбасылар, еңбекке жарамды азаматтары жоқ отбасылар үшін кедейлік шегі 70 пайызға дейін көтеріледі. Ал асыраушысы бар отбасылар үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызымен тең болып қала береді.

"Отбасының еңбекке жарамды мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алуға келісімшарт жасарда қосымша ақша алады", – дейді Әбілқасымова.

Министрдің мәлімдеуінше, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың 41 пайызы төрт балалы отбасылар болса, 16 пайыз отбасында еңбекке жарамды азамат жоқ.

Депутаттар сонымен қатар мүгедектігі үшін берілетін төлемдер және студенттік шәкіртақыны табыс ретінде санамауды ұсынды. Мәжілісмендердің айтуынша, мүгедектерге мемлекеттің беретін көмегі әдетте емге кетеді. Ал шәкіртақы онсыз да мемлекеттік көмектен дәм етпейтін отбасының кірісі болып кетеді.  

Қорыта айтар болсақ, министрлік 2025 жылға дейін кедейлік шегі мен ең төменгі күнкөріс деңгейі теңестірілетін болса, ең төменгі күнкөріс деңгейіндей қаржылық кірісі бар отбасылардың барлығы ресми түрде кедей болып санала бастайды. Қазір олар ресми түрде кедей емес.

Қазақстанда қазір ресми түрде 11 мың кедей бар. Егер өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен күнкөріс деңгейінен төмен жалақы алатын азаматтарды қоссақ, бұл көрсеткіш еселеп өседі. Демек, 2025 жылға дейін Қазақстанда кедейлер саны күрт көбейгелі тұр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу