Табысы төмен адамдар кедейліктің қамытын киіп жүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
23262

Ел азаматтарының 80%-ы жалақыдан жалақыға жығылып жетеді.

Табысы төмен адамдар кедейліктің қамытын киіп жүр

Сәуір айының алғашқы күнінен бастап еліміздегі кедейліктің ең төменгі шегі осыған дейінгі 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге көтерілді. Бұдан былай кедейлік шегінде өмір сүріп отырған азаматтар 5 940 теңге артық ақша алады.

Кедейлік шегін көтеру мәселесі Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енгізілген. Аталмыш құжатта кедейлік шегі кезең-кезеңмен ең төменгі күнкөріс деңгейіне жеткізілетіні нақтыланған.

Таяуда осыған қатысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеме жасады. Ол кедейліктің ең төменгі шегі 1- сәуірден бастап көпбалалы және еңбек қабілетін жоғалтқан адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на теңестірілгенін мәлімдеді.

Айтпақшы Қазақстандағы кедейлік деңгейі жайлы жылда айтылады. Былтыр да айтылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұрынғы басшысы Мәдина Әбілқасымова елімізде кедейлік деңгейі төмендегенін, тұрмысымыздың түзеліп, жағдайымыздың жақсарғанын жеткізген.

"Әлеуметтік кепілдіктерді арттыру бойынша мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың нәтижесінде өмір сүру деңгейінің негізгі көрсеткіштері жақсарды. Қазақстанда кедейлік деңгейі 1996 жылғы 34,6%-дан 2018 жылғы 2-тоқсан қорытындысы бойынша 4,7%-ға қысқарды", – деген Мәдина Әбілқасымова. Алайда ол кедейліктің ең төменгі шегі мен ең төменгі күнкөріс деңгейі арасында тікелей байланыс бар екені, салалық министрліктің жағдайды жақсартуға әрекеттенбейтіні, қазіргі кедейлік жұмыссыздықтан ғана емес, табыстың төмендігінен туып отырғаны жайлы жақ ашпаған. Есесіне бұл туралы сенат депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дәурен Әділбеков пен мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жеріне жеткізіп айтты.

Дәурен Әділбеков 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгеріс енгізуге арналған  жиында қаржы министрлігі салық және кеден заңнамасы департаментінің директоры Ернар Ержановқа: "Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге. Бүгінгі бағаммен есептейтін болсақ, бұл - 112,1 доллар. Украинада бұл көрсеткіш -149, Арменияда - 152, Белоруссияда - 154, Ресейде - 172 доллар. Бізде - 112,1, Арменияда - 152 доллар, қалай? Ол жақта мұнай, газ, Менделеев кестесіндегі қазба байлық жоқ. Сіздердің сараптамаларыңыз бен ұсыныстарыңыз қайда? Біз шикізат түрінде қандай тауар түрлерін экспорттаймыз?  Олардың қаншасын өңдеуге тиіс едік?  Сіздерде бюджеттің кірісін ұлғайтуға қатысты ұсыныс болуға тиіс", – деді.

Сенатордың сөзінше, қаржы министрлігі қазына қаржысын еселеу жолдарын қарастырып жатқан жоқ. Мұнай сатудан түскен табыс пен Ұлттық қордан трансферттелген қаржыны тиісті жеріне жөнелтумен ғана айналысып отыр.

"Сіздер табысты еселеудің тиімді тетігін таба аламай отырсыздар. Бұл –дұрыс ұстаным емес", – деді Дәурен Әділбеков.

Айқын Қоңыров Алматыда "КИПР" сараптамалық тобы ұйымдастырған жиында ресми статистика Қазақстанда кедейшілік төмендеп, орташа айлық жалақы көбейгенін алға тартқанмен, ел азаматтарының 80%-ы жалақыдан жалақыға жығылып жетіп жатқанын, оларда келер күнге ақша жинау мүмкіндігі жоқ екенін жариялады.  

"Қазақстандағы кедейшілік жұмыссыздықтан емес, табыстың төмендігінен туып отыр. Себебі бізде жұмыс істеп жүрген адамдардың өзі кедейшілікте өмір сүреді. Бұған дейін өмір сүру деңгейі орташа саналған адамдар кедейлер қатарына қосылуда. Көпшілік өмір сапасын несиелендіру институттары арқылы сақтап қалуға тырысуда. Алайда бұл қадам адамдарды қарызға батырып жатыр", – деді.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, Қазақстанға кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдау және кедейліктің ең төменгі шегін анықтаудың медиандық өлшемін қолдану қажет.

"Қазір ел байлығының көрсеткіші емес, оның үлестірілуі маңызды. Онда орташа әл-ауқат қана емес, медиандық жағдай бағаланады. Әл-ауқаттың медиандық индикаторы кедейлер мен байлардың жағдайын шынайылыққа жақын етіп көрсетеді. Қазақстанда бір ересек адамның орташа әл-ауқаты – 4441 доллар болса, медиандық көрсеткіш – 334 доллар. Барлық елдерде медиандық әл-ауқат орташа өмір сүру деңгейінен төмен. Алайда мұндай алшақтық бірде-бір елде жоқ. Бұл жерде мәселе үлестіруден туып отыр. Шикізатқа тәуелді емес экономика құруға ұмтылуымыздың тиісті деңгейде болмауы өмір сапасын жақсартуға кері әсерін тигізіп тұр", – деді депутат.

Оның сөзінше, еліміздегі тұтыну себеті, өмір сүрудің ең төменгі деңгейі, ең төменгі жалақы сияқты әлеуметтік индикаторлар жүйесі жалған мәліметке толы.

"Шынайы әл-ауқат көрсеткіші бойынша біз дамыған елдер емес, тіпті көптеген дамушы елдерден артта қалып отырмыз. Бізге кәсіпорын меншігі, топ-менеджер және еңбек ұжымы арасында табысты үлестіру балансын түзеу керек.  Қазақстанда қазына қаржысының басым бөлігі түрлі жобаларға бағытталады, ал дәрігерлердің, ұстаздар мен ғалымдардың, мәдениет және өнер қызметкерлерінің табысы инфляция деңгейінен артық өспейді", – деді мәжілісмен.

Еліміздегі қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейі 42500 теңге екенін ескерсек, осы соманың 40%-ын ғана алатын адамдар кедейлердің қатарына қосылады. Шынтуайтына келгенде, біздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі көңіл көншітпейді. Оның есептелуі де дұрыс емес.

Өздеріңіз білетіндей, ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз құрамына азық-түліктен басқа тауарлар мен қызметтер кіретін ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ақшалай табыстың шекті мөлшері. Біздің биліктегілер тұтыну себетін азық-түлікпен ғана есептейді, ал тауарлар мен қызметтер туралы жақ ашпайды. Негізі Қазақстандағы тұтыну себеті 43 түрлі аталымнан тұрады. Ал АҚШ-та тұтыну себеті үш жүзге жуық аталымға жуықтайды. Мұнда басымдық азық-түлікке беріледі. Сонымен қатар жанар-жағармайға, темекіге, алкогольге және үйден тыс жерлерде тамақтануға жұмсалатын шығындар қарастырылған. Ал Францияның тұтыну себетіне 500-ден астам аталым енген. Онда шарапқа, мейрамханаға, сұлулық салонына бару шығындары назарға алынған. Біздегі тұтыну себетінің шекті мөлшермен алынғаны сонша, соғыс кезіндегі неміс тұтқындарының нормасынан аз екен. Ал тұтыну себетінің азық-түлікке жатпайтын бөлігі туралы сөз қозғалмайтынын жоғарыда жаздық. Айтпақшы біздің елде дәрі-дәрмек, электр энергиясының, жылумен, сумен қамтамасыз етудің құны тұтыну себетіне кірмейді және күнкөріс шамасының шекті мөлшерін есептеу кезінде қарастырылмайды. Ал бұл қызметтердің құны өсіп отыратыны ең төменгі күнкөріс мөлшерін нақтылау кезінде ескерілмейді. Кедейлік деңгейі еңбек нарығындағы жұмыс күшіне сұраныстың азаюы, әлеуметтік төлем құнының аздығы, сонымен қатар жылдар бойы мардымсыз жалақыға жұмыс істеген адамдар есебінен артады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу