Қазақстанның қай өңірінде кедей көп?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6504

Азаматтардың басым бөлігі білім алу, емделу, демалу туралы ойламайды. 

Қазақстанның қай өңірінде кедей көп?

Ресми мәлімет бойынша еліміздің 800 мыңға жуық азаматы кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Бұл – қазақстандықтардың 4,3%-ы өлместің күнін кешіп отыр деген сөз.

Статистика комитетінің дерегінше, бүгінгі таңда 795 мың қазақстандық ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс табады. Тамыз айында еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері – 31 982 теңге болғанын ескерсек, жоғарыдағы азаматтардың айлығы шайлығына жетпей отырғанын бірден түсінуге болады.  

Дүниежүзілік банктің мәлімдеуінше, Қазақстан кедейлік шегін шектей алмай отыр.

"Халықаралық стандартқа сәйкес, күніне 1,9 доллардан кем ақша жұмсайтын азамат кедей адамдардың қатарына қосылады. Халықаралық рейтингтерде Қазақстан өз халқының табысын ортадан жоғары деп көрсеткен. Сондықтан бұл елде адамдар күніне кем дегенде 5,5 доллар жұмсауға тиіс. Қазақстанда ресми статистика дұрыс берілмейді. Біздің есептеуімізше, Қазақстан халқының 4,3%-ы емес, 8,6%-ы, яғни 795 мың емес, 1 млн 200 мың адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр", – деп жазды Дүниежүзілік банк өзінің  зерттеуінде.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтц Қазақстанда кедейлердің көбеюіне екі себеп түрткі болып тұрғанын мәлімдеді.  

"Біріншіден, Қазақстанда экономиканың өсуі мен жалақының өсуі арасында алшақтық бар. Сіздерде орташа айлық жалақы өспейді. Екіншіден, әлем елдері бастан кешкен экономикалық дағдарыстың салқыны Қазақстанға да тиді. Қазақстан экономикасы жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге төтеп беруге қауқарсыз. Экономикасы қиындыққа тап болған сайын Қазақстанда кедейлердің саны көбейіп келеді", – деді Уильям Зейтц.

Оның сөзінше, Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда Қазақстанның әлеуметтік жағдайы жақсы. Бірақ...

"Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен салыстырғанда Қазақстан көш ілгері тұр. Дегенмен Қазақстан кедейлік шегін 2013 жылғы көрсеткіш - 5,8%-ға төмендете алмай отыр. Соңғы 6 жылда Қазақстанда кедейлік шегі 6%-дан түскен емес", – деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі.

Уильям Зейтц Дүниежүзілік банк Қазақстаның қай өңірінде кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар көп екенін анықтағанын айтты.

"Зерттеу барысында Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарында кедейлер көп екенін анықтадық. Тұрмысы төмен адамдардың басым бөлігі Түркістан облысын мекендейді екен", – деді шетел азаматы.

Экономист Мақсат Халық ел билігі кедейлік шегін дұрыс анықтамайтынын алға тартты.

"Бізде кедейлік шегін анықтаған кезде ең төменгі күнкөріс деңгейіне сүйенеді. Сөйтеді де бұл ақшаға адамдар бір ай өмір сүре алады деген шешім шығарады. Тұтыну себеті бойынша бір адам күніне бір мың теңгеден артық ақша жұмсауы керек. Бұл тұтыну себетінің ең төменгі көрсеткіші. Статистердің ойынша, адам бір мың теңгеге таңғы ас, түскі ас және кешкі ас іше алады. Ас мәзірінің барлығында ет, балық, жеміс-жидек болады. Бұған кім сенеді?" – деді ол.

Мақсат Халықтың мәлімдеуінше, ел азаматтарының басым бөлігінің табысы білім алуға, емделуге, демалуға жетпейді.

"Адамдар тапқан-таянғандарын азық-түлікке жұмсайды. Олар білім алу, емделу, демалу туралы ойламайды. Себебі бұған қаржылары жетпейтінін біледі. Жұмыс істеп жүрсе де, табысы мардымсыз адамдар бар. Олардың жағдайы жұмыссыздардан жақсы, бірақ оларда кедейлердің қатарында", – деді экономист.

Оның сөзінше, ресми статистика қарапайым азаматтардың өмір сүру деңгейінің жақсарып келе жатқанын растай алмайды. Салдарынан адамдар үнемдеуге көшіп, тұтынуды азайтуға тырысады. Ал бұл экономикаға теріс мультипликативті әсер етеді.

"Кедейшілік азаматтардың ашық наразылығын тудыратын өзекті әлеуметтік құбылыс. Ол адамға өзінің шұғыл қажеттіліктерін, яғни әлеуетті мүмкіндіктерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Кедейшіліктің белең алуы қылмыс, алкоголизм, есірткі қолдану деңгейін арттырады. Кедейшілік көбінесе құндылықтар жүйесінің, мәдениеттің және білімнің жоғалуына әкеп соқтырады. Қаражаттың жетіспеушілігі тұрмысы төмен отбасылардағы балалардың  болашағын бұлыңғыр етеді. Мәселені шешу үшін кедейшілік шегін нақты күнкөріс деңгейімен теңестіру және елдегі нақты кедейшілік шегін қайта есептеу қажет. Бұған қоса ұлттық табысты тең бөлу үшін кешенді шара қабылдап, прогрессивті салық салу шкаласын енгізу керек", – деді Мақсат Халық.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу