26 миллиардердің байлығы 3,8 млрд кедейдің табысына тең

5387

Кедейшілікке қарсы Oxfam ұйымы әлемде табыс теңсіздігінің ұлғайғанын анықтап, оны төмендету үшін жаңа экономикалық жүйе қажеттігін жариялады.

26 миллиардердің байлығы 3,8 млрд кедейдің табысына тең

Әлемде байлар мен кедейлер арасында алшақтық былтыр тіпті ұлғайған. Oxfam International ұйымы жариялаған баяндамаға қарағанда, 2018 жылы дүниежүзінің 26  миллиардерінің   байлығы 3,8 миллиард кедейдің (әлем халқының жартысы)  табысына тең болыпты.

Байлардың кірісі өткен жылы 900 миллиард долларға артқан немесе күніне 2,5 миллиард долларға өсіп отырған. Ал, кедейлердің табысы 11 пайызға немесе күніне 500 миллион долларға кеміді.

Осы ұйымның атқарушы директоры Винни Бьяниманың мәлімдеуінше, кедейлердің басына түскен екі ауыртпашылық бар: біреуі – негізгі қызмет түрлеріне қол жеткізудің қиындығы, екіншісі – салықтың жоғарылығы. Кейінгі онжылдықтарда байлар үшін салық жеңілдеген. Ал, талай елдің үкіметі қосымша құн салығын көтере отырып, қарапайым адамдар үшін ең қажетті тауарларды қымбаттатып отыр.

Oxfam-ның тағы бір дерегінше, 2008 жылғы халықаралық қаржылық дағдарыстан бері планетада миллиардерлердің саны екі есеге көбейген. Және де олар өз корпорацияларымен бірге салықты бұрынғыға қарағанда аз төлеп отыр. Ал, жоқшылық тауқыметін тартып отырған 3,4 миллиард адам күніне 5,50 долларға ғана өмір сүруге мәжбүр. Солардың көпшілігі – әйелдер. Баяндамада келтірілген өзге мәліметке жүгінсек, әлемде ерлер иеленген байлық әйелдердің қолындағы активтерден 50 пайызға жоғары.

"Бүгінгі экономика адамгершілікке түбегейлі жат болып барады. Бұл баяндамадан түңілгенім рас, бірақ оған таңқалған жоқпын. Басшылық байларды қолдап тұрғанда, миллиардерлердің активтері қайдан азайсын", – дейді Oxfam-ның америкалық бөлімшесінің саясат пен үгіт-насихат жөніндегі вице-президенті Пол О’ Брайен.

Давос форумының басты тақырыбы
Баяндамадағы статистика Credit Suisse қаржылық қызмет компаниясының деректері бойынша осы аптада Давоста ашылатын Дүниежүзілік Экономикалық форум қарсаңында жасалып отыр. Айта кетсек, Альпі тауының баурайында өтетін сол конференцияға халықаралық саясаткерлер мен ірі бизнестің басшылары (олардың көпшілігі байлар мен ер адамдар) қатысып, кедейшілік мәселесін талқыға тастайды.

Бұған дейін Давос форумы корпоративтік салықты төмендетуді көздеген, жұмысшылардың жағдайын жақсартуға қарсы  әрі  қоршаған ортаны қорғау ережелерін сақтауға құлықсыз бай-бағыландардың  әңгімелесетін алаңына айналғаны үшін талай рет сынға ұшырады.

Oxfam осы жолғы баяндамасында әділетсіз салық режимін басты проблема деп қарастырып отыр. Үкіметтік емес ұйымның мәліметінше, дамыған мемлекеттерде орташа жеке табыс салығы 1970-ші жылдары 62 пайызға жетсе, 2013 жылы 38 пайызға дейін төмендеген.

"Қазір қаржы болмағандықтан, 262 миллион бала мектепке бармай, үйде отыруға мәжбүр. Ал, 10 мың адам негізгі медициналық көмек көрсетілмегендіктен, бүгін қайтыс болады. Мұның бәріне білім мен денсаулық сақтау салаларының дұрыс фискалдық жүйемен қамтамасыз етілмеуі кінәлі", – дейді О’ Брайен Haffington Post газетіне берген сұхбатында.

Кедейшілік пен теңсіздік көбінесе дамушы елдерге қатысты айтылады. Бай мемлекеттер болса, мұндай мәселеде үнсіз отырғанды қалайды. Осы аптада Вашингтондағы Саяси зерттеулер институты жариялаған баяндамаға қарағанда, Америкада 400 миллиардер барлық қаранәсілділердің және латынамерикалықтардың 25 пайызының табысына пара-пар байлықты иеленіп отыр. Сонымен қатар, осы институттың дерегінше, америкалықтардың мобильдігі төмендеп барады. Бұған қоса, Дональд Трамп әкімшілігі байлар үшін салықты төмендеткен: АҚШ-та 2017 жылы қабылданған салық заңы орта таптың жағдайын жақсартуы тиіс еді. Бірақ, шын мәнінде сол ережеден бақуаттылар 1 пайыз болса да пайда көріп отыр екен.

"Адами экономика"
Oxfam бүгінде "адами экономика" атты экономикалық модельді ұсынып отыр. Оған сәйкес, корпорациялар мен супер-байлар салықтан жалтармай,  қайта сол салықты көбірек төлеуге тиіс. Ал, осындай жолмен бюджетке түскен қосымша қаражат теңсіздік пен кедейшілікті жою мақсатында білім мен денсаулық сақтау тәрізді мемлекеттік қызмет түрлерін қамтамасыз етуге жұмсалуы керек. "Теңсіздік міндетті дүние емес. Теңсіздік – саяси таңдау", – деп жазылған Oxfam-ның баяндамасында.

Oxfam-ның өзі де сыннан кенде емес. Мысалы, ол капитализмнің миллиардтаған адамды кедейшіліктен сәтті алып шыққанын айтпағаны үшін талай рет айыпталды. Ұлыбританиядағы Экономикалық мәселелер институтының мәлімдеуінше, Oxfam әлемдік кедейшілік туралы деректерді бұрмалап, осы проблемадағы прогресс пен кірістің өсуін назардан тыс қалдырып отыр.

О’ Брайен бұл уәжді жоққа шығарып, Oxfam-ның кедейлерге мүмкіндік беретін, жақсы жолға қойылған нарыққа жақтас екенін ескертті. "Біз адамдардың негізгі қызметпен қамтамасыз етілмеуіне, табысына сәйкес салық төлемейтін кейбіреулерге іс жүзінде миллиондаған адамның игілігін анықтайтын өкілеттілік берілуіне қарсымыз", – дейді ұйымның америкалық өкілдігінің вице-президенті.

Күніне 7,40 доллар
"Үлкен бөліс: ғаламдық теңсіздік пен оның шешімі" атты кітаптың авторы, антрополог Джейсон Хайкельдің ойынша, біз кедейлерге жанымыз ашыса, капитализмді қабылдауымыз керек деген идеядан бас тартуымыз керек. Және де оның сөзінше, Әлемдік банктің кедейшілік шегі – 1,90 доллар деген есебі негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға мүлде жеткіліксіз. Сондықтан, бұл ғалым адамдар лайықты тамақтанып, ұзақ өмір сүруі үшін күніне кемінде 7,40 доллар жұмсауы керек деген пікірде. Осы санды қолдана отырып, Хайкель 1980 жылдан бері әлемде кедейлердің саны 4,2 миллиардқа жеткенін алға тартып отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу