Республикада билік трансфері өткеннен кейін, 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 жарлығымен жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны" құрды. Бұл бастама қоғамды шабыттандырды: Жаңа Қазақстанның тарихтың жаңа парағын тарихи әділдікті қалпына келтіруден бастайтыны, жала жабылып, саяси сипаттағы түрлі қылмыстық баппен қудаланып, түрмеге тоғытылған, атып-асылған қазақстандықтардың адал атын қайтаратыны туралы көп айтылды.
Алайда Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы №438 жарлығымен тосыннан 2020 жылғы сол жарлықтың күші жойылды. Соның алдында, 2023 жылғы 26 желтоқсанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтады. Ол не нәтиже шығарды? Мемкомиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алып тасталыпты.
Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Дегенмен, қудаланғандарды жаппай ақтайтын заң сол бойы қабылданбады. Тек "саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ары қарай жалғастыратыны" хабарлады. Ол орталық тым-тырыс.
Дәл осы кезде, биылғы 27 маусымда Қырғыз Республикасының Жоғорку Кеңеші (Парламенті) 1918–1953 жылдары саяси және діни көзқарастары-сенімдері үшін репрессияланған Қырғызстанның барлық азаматын толық ақтау туралы заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады.
Қазақстандық ешбір заңнамада кеңес өкіметінің қандай әрекеті "қуғын-сүргін" деп танылатыны туралы ұғым, анықтама жоқ. "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" 1993 жылғы 14 сәуiрдегі ескі заңда "саяси қуғын-сүргiн" тек мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдар жасаған қудалау шараларымен ғана шектелген.
Бұл тұрғыда Қазақстанға қырғыз ағайындар үлгі болады. Қырғызстанның "Ақталған азаматтардың құқықтары мен кепілдіктері туралы" заңына түзетулер енгізіледі. Оған сәйкес, "кеңестік қоғамдық және қоғамдық-саяси ұйымдар, соның ішінде партиялық, комсомолдық, кәсіподақтық және кооперативтік ұйымдар" жасаған мәжбүрлеу шаралары да саяси репрессияға жататын болады.
Ең бастысы, заң жобасында репрессиялау туралы шешімдерге негіз болған кеңес одағының Қылмыстық кодексінің нақты баптары, сондай-ақ "О красном терроре", "О борьбе против богатства, манапства и кулачества", "О выселении зажиточных бай-манапов за пределы Кыргызской АССР" сияқты нақты нормативтік актілері термеленген. Кезінде солар бойынша сотталғандар жаппай ақталуға тиіс.
Бір ғажабы, Қазақстандағы сияқты уақытша емес, тұрақты жұмыс істейтін Саяси репрессиялар құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия қырғыздың Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институты жанынан құрылады. Қырғызстандықтарды реабилитациялау туралы шешімді сол комиссия қабылдайды. Оның құрамына қоғам өкілдері, депутаттар, ғалымдар, омбудсмен, құқық қорғау органдары өкілдері, басқалары кіреді.
Түрлі дереккөздер бойынша кеңестік қуғын-сүргін барысында Қырғызстанның 20 мыңнан 40 мыңға дейінгі азаматы атып тасталған. Олардың арасында қырғыздың 137 зиялы өкілі бар. Inbusiness.kz таяуда жазғандай, Президент Садыр Жапаров соның ішінде 5 арысқа қазіргі заманғы қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаушы аталар (Азыркы Кыргыз мамлекеттүүлүгүн түптөгөн аталар) деген атақ беріп, жарлық шығарды.
Мұның бірде бірі Қазақстанда жасалған жоқ, бұл жұмыс алда науқаншылдықпен емес, тұрақты негізде жүргізілуге тиіс. Тағдыры тәлкекке түсіп, тоталитарлық биліктен теперіш көріп, өмірі азаппен өткен қазақстандықтарды ақтау ісінің тоқырағаны депутаттарды да алаңдатады. Өйткені кейбір дерек бойынша кезінде аталары, әкелері Алаш пен кеңес өкіметтері болып, бір-біріне қарсы тұрған, тайталасқан беделді тұлғалар бүгінде қарсы жақтың бабасының ақталғанын қаламай, жоғарыға арыз жаудыратын көрінеді. Ақпарат құралдарында қудаланған қазақтың бәрін бірдей толық ақтауға болмайтыны туралы байлам бой көрсетіп қалды.
"Тарих – өткенмен кектесу үшін емес, болашақпен беттесу үшін де қажет. Сондықтан құндылықтар құнсызданған құбылмалы заманда қалам ұстаған қауымның құбыласы қашанда шындық болуға тиіс. Зиялы қауым – әділеттің таразысы іспетті. Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек. Мәселен, биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шекарасының айқындалғанына жүз жыл – бір ғасыр толып отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалуда", – делінген бір топ сенатордың Үкіметке хатында.
Олардың айтуынша, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяғына жеткізді.
"Енді ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге байлаған осындай тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймай, тарих контексіндегі елдік мұратты алға шығарып, жан-жақты зерттей білу қажет. Мәселен, қазаққа "қазақ" атын ресми қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, Алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік. Ел бірлігі үшін зиялылардың бірлігі шарт! Абайша айтқандай, ақылға бірлік керек", – деді Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі.
Өкінішке қарай, суасты иірімдеріндей сырт көзге елеусіз жүріп жатқан айтыс-тартыс пен текетірестің салқыны тиіп, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау орнына оған кері үрдіс жүруде. Биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Тұңғыш қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовтен баста тұлғалардың мерейтойларын мемлекет қалыс қалдырғандай. Мысалы, Қазақстан елшілігінің мән беруі арқасында ұлы Әйтеке бидің туылғанына 380 жыл толуы тек Өзбекстанда ғана атап өтілді.
Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Оған көңіл бөлген Үкімет қайда?
Сенаторлар тағы бір жайтқа назар аудартады: 2000 жылы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сияқты ел ағаларының бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналғанда, оған Рысқұловтың есімі берілген еді (Тұрар Рысқұлов атындағы Ұлттық экономикалық университеті). Кейін оқу орны жекеменшікке өткен соң, оның басшылығы кеңестік "Нархоз" (Narxoz) атауын таңдап, Т.Рысқұловтың атын алып тастады.
"Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ. Таяуда бір топ зиялы қауым өкілдері Тұрардың атын университетке қайтару керек деп хат жазған екен. Сондықтан Алаш арысы Тынышбаевтың есімі Логистика және көлік академиясына қайта берілгені сияқты, бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз", – деді сенаторлар.
Бірақ сенаторларға жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзгерте салатындай, аққұла Нархозға билігінің жүрмейтінін білдірді.
"Нархоз университеті – жекеменшік жоғары оқу орны екенін ескерген жөн. Т.Рысқұловтың есімін университетке қайта беру мүмкіндігін қарастыру мәселесін Ғылым және жоғарғы білім министрлігі пысықтауда. Қорытындысы бойынша министрлік депутаттық корпусқа қосымша хабарлайтын болады", – деді Бектенов.
Неден сүрлігіп жатқаны белгісіз, министр Саясат Нұрбектің командасы да үнсіз. Университет сол баяғыдай "Нархоз" аталады.
Премьер өз жауабында "ірі тұлғалар ұлықтаудан кенде емес" дегенге келтірді. Сондықтан бұл мәселеге арналған жеке жарлық, қаулы не бағдарлама болмайтынға ұқсайды.
"Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде бірқатар ірі қоғамдық-саяси шаралар өткізілуде. Бекітілген "Тарихи тұлғалар" тізіміне сәйкес кешендер тұрғызу, елдімекендерге, саябақтарға, көшелер мен мектептерге келешек ұрпақ үшін үлгі болатын тұлғалар есімдерінің берілуі жүзеге асырылады. Бұл ретте Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Әлімхан Ермековтің, Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың, Сейітқали Меңдешевтің, Санжар Асфендияровтың, Темірбек Жүргеновтің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің есімдері елдімекендерге, мәдениет объектілеріне, жоғары оқу орындарына, мектептерге және тағы басқасына берілген", – деді Олжас Бектенов.
Осыдан біраз бұрын ақпарат құралдары республикамызда Абай атында 1 441 көше, 12 даңғыл, бір алаң, екі қиылыс және бір орам барын жариялады. ЮНЕСКО Адамзаттың кемеңгері атаған ұлы тұлғамызды қалай ұлықтасақ та жарасады. Осы орайда Үкімет басшысы Алаш арыстарының атында қанша елдімекен, көше-даңғыл-орам және нысан бары туралы ақпаратты мәлім етті. Сонымен:
- Ә.Бөкейханның есімімен 1 елдімекен, 69 құрамдас бөлік, 22 объекті,
- А.Байтұрсынұлының есімімен 3 елдімекен, 150 құрамдас бөлік, 46 объекті,
- М.Дулатұлының есімімен 1 елдімекен, 50 құрамдас бөлік, 11 объект,
- Ә.Ермековтың есімімен 16 құрамдас бөлік, 6 объекті,
- Т.Рысқұловтың есімімен 5 елдімекен, 193 құрамдас бөлік, 27 объекті,
- С.Қожановтың есімімен 26 құрамдас бөлік, 6 объекті,
- С.Меңдешевтің есімімен 14 құрамдас бөлік,
- С.Асфендияровтың есімімен 22 құрамдас бөлік, 3 объекті,
- Т.Жүргеновтің есімімен 3 елдімекен, 21 құрамдас бөлік, 6 объекті,
- С.Сейфуллиннің есімімен 3 елдімекен, 358 құрамдас бөлік, 42 объекті,
- І.Жансүгіровтың есімімен 5 елдімекен, 89 құрамдас бөлік, 9 объекті,
- Б. Майлиннің есімімен 4 елдімекен, 110 құрамдас бөлік, 12 объекті аталған.
Тағы бір проблема: Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Кеңес өкіметі халық зиярат ететін орынға айналып кетеді деп қорқып, олардың жер қойнына тапсырылған орнын құпияландырды. Қазіргі Қазақстанның Үкіметі "одақтас" Мәскеудің сол деректерді құпиясыздандыруына қол жеткізе алмай келеді.
"Тіпті ұлт ұстазы Ахаңның қайда жатқанын білмейміз. Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді", – дейді Дархан Қыдырәлі.
Сенаторлар Алматы іргесіндегі Қандысайда атылған Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов сияқты 19 халық комиссарларына да осындай зерттеу қажет деп санайды. Қараусыз жатқан Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу да мемлекеттік маңызды іс. Бірақ бұл салаға да бюджеттен жеткілікті қаражат қарастырылмай келеді.
Премьер бұл бағытта жұмыстар саусақпен санарлық екенін жасырмады.
"Шынында да, 2023 жылы Алматы облысының Жаңалық ауылындағы археологиялық зерттеу жобасы барысында 50 саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері табылып, оларды жерлеу рәсімі өткізілді. 2024 жылғы 30 мамырда "Шерлі тарих: қуғын-сүргін сабақтары" атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Алдағы кезеңде Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу мәселесі пысықталып, жан-жақты қарастырылатын болады", – деді Олжас Бектенов.
Болашақта қандай ілкімді, ірі істер жасалатынын Премьер айта алмады. Оның мәліметінше, "Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі базалық санаттары мен кіші санаттарын және оңалту үдерістерін іргелі зерттеу" тақырыбы бойынша 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурс жаңа ғана аяқталған.
Осы ғылыми жоба аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарының республикалық бірыңғай дерекқорын ғылыми-техникалық сүйемелдеу және жаңа материалдармен толықтыру, шетелдік және отандық архивтердегі зерттеу материалдарын жинау, еліміздің және халықаралық сарапшылардың қатысуымен ғылыми-практикалық іс-шаралар өткізу, археографиялық экспедициялар ұйымдастыру және тағы басқа да жұмыстар жоспарлануы керек.