Қазақстанда "көшелерді қайта атау" "безгегі" басталды

10230

Әкімдіктер ұсынған атаулар қазақстандықтардың көңілінен шықпай, талас туғызды. Ал кейбір елді мекендердің тұрғындары: "кімнің атын таңса да мейлі, тек көшемізге атау берсінші" деп зарыға күтіп отыр.

Қазақстанда "көшелерді қайта атау" "безгегі" басталды

Қазақстанда көшелердің атауын ауыстыру деген "халықтық ермек" бар. Әрине, тарихи ұлы тұлғалардың есімдерін осы арқылы ұлықтаған жөн, оған ешкім қарсы бола қоймас. Сондай-ақ кеңес кезінен қалған, ескі идеологияны ілгерілеткен атаулардан да белсенді арылған жөн. Сонымен бірге кейбір елді мекендерде әкімдердің, министрлердің, билікке жақын тұлғалардың Қазақстан халқы түгіл, жергілікті тұрғындар да танымайтын өз ата-бабаларының, әке-шешесінің атын көшелерге телуі әдетке айналып кетті.  

Бұған 2019 жылы тосқауыл қойылды. Жалпыұлттық халық санағына дайындық аясында Қазақстанда көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланды. Әйтпесе, санақшылар адасып кетуі мүмкін еді. 2021 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қазан аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өткізілді. Ал биылдан бастап бұрынғы бөгеу бұзылды.

Күні кеше Тараздағы Вишневая көшесі енді "Музарт" тобының атымен қайта аталатыны туралы хабарды ақпарат құралдары жарыса басты. Шынында, жаңа атаудың музыкалық ұжымына қатысы жоқ болып шықты. Ол Мұзарт (мұзтау) болады. Жаңа көше атаулары арасында ұлы тарихи тұлғалар, Алаш арыстары сыртында, Әшірбек Сығай, Батырхан Шүкенов секілді замандастарымыздың есімдері кездеседі. Сыбызғы, Қобыз секілді қазақ ұлттық музыкалық аспаптарына да көшелер арналады.

Қазақстандықтардың бір бөлігі ескі әдетпен кез келген көше атауын өзгертуге үзілді-кесілді қарсы шығуда. Оның ар жағында кеңестік көз үйреністі, құлақ отықты ұғымдарды сақтап қалу талабы жатуы ықтимал. Бірақ дәйектеме ретінде олар қайта атау үшін бюджеттен қыруар шығын кететінін алға тартады.

"Көшелерді қайта атау 2 млн 486 мың теңге көлемінде теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға соқтырады. Ол шығын жергілікті бюджеттен шығарылады. Салық төлеуші ретінде жергілікті бюджет қаржысын ескі атауларды ауыстыруға шашудың қажеті жоқ деп санаймын. Одан да ол қаржыны жолдардағы ойықтарды жоюға, жаңа жұмыс орындарын құруға, ең кем дегенде 300 мың теңге жалақы төлеуге жұмсау керек. Халық та осыны талап етеді", – деді тараздық тұрғын Илья Волчек.

Әрине, 2,5 млн теңге ұзын жолды жөндеуге де, көп жұмыс орнын құруға да жетпейтіні мәлім. Оның үстіне әкімдіктің түсіндіруінше, атауларды ауыстырмаса, онсыз да осыған бара-бар қаражат мекенжайлық тақтайшаларды – аншлагтарды (адресные таблички) жаңартып отыруға шығындалады.  

"Көше аншлагтары түрлі ғимараттардың, тұрғын үйлердің, мекемелердің, кәсіпорындардың қасбеттерін безендірудің ажырамас бөлшегі болып табылады. Кез келген адам, жедел жәрдем, полиция, пошташылар, өрт сөндірушілер, таксилер және басқа қызметтер адасып кетпей, мекенжайды тез табу, соған апаратын маршрутті дәл анықтау үшін аншлагтар жаңартылып тұруы шарт. Аншлагтарды дайындау және орналастыру үшін бөлініп отырған 2 млн 486 мың теңге Тараз қаласының 77 құрамдас бөлігіндегі аншлагтарды ауыстыруға бағытталады. Қазіргі кезде 1 аншлагты үлгі бойынша жасап, орнатуға 2 мың теңге қажет. Аталған 77 көшеде 1 243 үй бар. Біреуінде аз, біреуінде көп. Мысалы, Дачная өтпе жолында 5 үй ғана, ал Дачная көшесінде 31 үй тұр. Бұл екеуін де Әбілхан Қастеев деп қайта атау ұсынылған", – деп түсіндірді әкімдік.

Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, "көше атауы өзгермегеннің өзінде, тозған, сыры ұшқан аншлагтарды алмастыруға жергілікті бюджеттен бәрібір қаражат жұмсалып тұрады". Нақтылағанда, өзгертілетіндер тізіміне енген кейбір көшелердегі үйлердің тақтайшалары 1988-1990 жылдардан бері өзгертілмепті.

Өзге қалалар мен елді мекендерден елорда да қалыспады. Егер ұсыныс қабылданса, Нұр-Сұлтан қаласының "Алматы" ауданында – Орал Мұхамеджанов, Нұрлан Балғымбаев, Сафуан Шаймерденов көшелері пайда болады. Ал Абылай хан даңғылында, Дина Нұрпейісова ескерткішінің жанында орналасқан атаусыз аллеяға – "Қазақ елінің күйшілері мен күйші-композиторларының аллеясы" атауы беріледі.

Сондай-ақ бас қаланың "Есіл" ауданында Қанай би, Бопай ханым, Бертіс би, шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян, Нұркен Әбдіров, Олжабай батыр, Шерхан Мұртаза, Дүкенбай Досжан, Еркеғали Рахмадиев, Александр Сызғанов, Еркін Әуелбеков, Хамза Есенжанов, Қайреден Қарбаев, Сабыр Ниязбеков, Құман Тастанбеков, Шолпан Жандарбекова, Ақселеу Сейдімбек, Барлыбек Сырттанұлы, Ермұхан Бекмаханов, Тұрсынбек Кәкішев есімдері көше атауларында ұлықталады. "Сарыарқа" ауданында №20-40 көшеге – Сәбит Мұқанов аты берілмек.

Бір қызығы, Қабанбай батыр даңғылында, "Салтанат Сарайы" кешені және "The St.Regis Astana" қонақүйі арасында орналасқан атаусыз сквер – Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің қазіргі патшайымы II Елизавета атымен аталатын болады. Бұл – көзі тірі кісі. Қазақстан Үкіметі бұған дейін тірі адамдардың аттары көше атауларына берілмейтінін, өмірден өткеніне 5 жыл өткен соң ғана тиісті ұсыныс жасауға болатынын НҚА арқылы бекіткен. Дегенмен Алтай Көлгінов қаласа, бұлай жасай беруге де болатын көрінеді.

Дінмұхамед Қонаев көшесінде, Сыртқы істер министрлігі ғимаратының алдында орналасқан атаусыз аллея алда "Нәзір Төреқұлов атындағы дипломаттар аллеясы" деп аталмақ.

Пікір білдірушілер астанада да Батырхан Шүкенов көшесін көргісі келетінін жеткізді.

"Жалпы жаңа астана саналғанымен, елордада ескірген атаулар көп. Мысалы, біздің "Сарыарқа" ауданында Александр Герцен, Дмитрий Карбышев көшелері бар, олар Қазақстанға ешқандай еңбек сіңірмеген. Осындайлардан алдымен арылу қажет. Әйтпесе, әкімдік шартты атаулары ғана бар жаңа көшелерге қырғидай тиюде. Ал ол көшелер тым қысқа. Мысалы, №202 жобалық атауы бар көшеде 14 үй ғана тұр. Шолақ көшеге есімін беріп, даңқты ұшқышымыз, батырымыз Нұркен Әбдіровті қорлауға болмайды. Ол қаламыздың орталық ауданында ұлықталуға лайық", – деді қала тұрғыны Санжар Сабаз.

Елорда әкімдігі көшелердің атауларына қатысты жаңа ұсыныстары бар тұрғындарға онысын ресми хат түрінде Нұр-Сұлтан әкімдігіне немесе қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жолдауды сұрады.

"Себебі Нұр-Сұлтанның қалалық ономастикалық комиссиясының қызметін қамтамасыз ететін жұмыс органы – осы басқарма. Ол Бейбітшілік, 11 мекенжайында орналасқан. Телефондары – 55 67 21, 55 67 29. Ал №202 жобалық көшесі Есіл ауданының "Үркер" тұрғын үй алабының орталығында орналасқан. Ол Ақтамберді жырау көшесінен басталып, 1 860 метрге созылып жатыр", – деп ақталды әкімдік.

Салыстыру үшін айтсақ, астанадағы MEGA SilkWay сауда ойын-сауық орталығының бір шетінен екіншісіне дейінгі ұзындығы 500 метрді құрайды. Яғни, Нұркен Әбдіровке Көлгіновтың командасы 3 MEGA-дай ғана болатын көшені ұсынып отыр.

Қалай болғанда, биылдан бастап, көшелерді және басқа құрамдас бөліктерді қайта атау науқанының көрігі қызатын түрі бар. Мұны асыға күтіп отырған тұрғындар да жетерлік. Мысалы, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Қырғауылды ауылының тұрғындары елді мекенде көптеген көшенің атауы жоқтығына шағымданып жүр.

"Қарасай ауданының әкімдігі бізге әлі күнге дейін көше атауын бермей жатыр. Жоғарыға 2019 жылдан бері хат жазып келеміз, 4 жылдан бері билік тек уәде беруен шектеледі. Ол кезде бәрін мораторий тоқтатып тұрғанын алға тартатын. Енді не кедергі екені түсініксіз. Салдарынан балаларымыз ауырса, жедел жірдем шақыра алмаймыз: көше атауы жоқ деп келмейді. Жақын арада мектеп те, балабақша да жоқ", – деді ауыл тұрғыны Рүстем Өмірзақов.

Жалпы бұл науқан қарқын алған сайын қызығы мен шыжығы да көбейе беретінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу