Қазақстанда қымбат, Арменияда арзан

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
29041

Отандық автоөндірушілер дабыл қақты.

Қазақстанда қымбат, Арменияда арзан

"БИПЭК Авто", "СеМАЗ" және Daewoo Bus Kazakhstan компанияларын біріктіріп отырған "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы ішкі істер министрлігіне ресми хат жолдады.

Сала қызметкерлері Қазақстанда шетелдік номермен жүрген автокөліктерді тіркеуге алуды және еуро-4 стандартына сай келмейтін автокөліктерді ел аумағына енгізуге шектеу қоюды ұсынды.

"Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерде қолданыста болған автокөліктерді Қазақстанға уақытша кіргізудің тәртібі мен талабын қайта қарау қажет. Заң арқылы Армениядан, Ресейден, Қырғызстаннан әкелінген көліктермен жүретін жүргізушілерді жол ережесін сақтауға міндеттеу керек", – деп жазды автоөндірушілер.

Олардың пікірінше, ішкі істер министрлігі ЕАЭО елдерінен Қазақстанға тасымалданып жатқан көлік құралдарын қолдану, басқару, тіркеу тәртібін реттеп, ережені халыққа таныстыруға тиіс. Шекара асып келген автокөліктер техникалық регламентке және қозғалыс қауіпсіздігінің талабына сай болмаса, мемлекеттік тіркеуге алынбауы керек.

"Көрші елдерден әкелінетін автокөліктер үкіметтің отандық автопаркті жаңартуға бағытталған саясатына кері әсер етеді", – деп нақтылады "ҚазАвтоӨндіріс" өкілдері.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде Армения, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен келген автокөліктер жүйткіп жүр. Соңғы уақытта армениялық автокөліктердің қарасы көбейіп кетті. Бұлардың басым бөлігі Арменияда 2014 жылға дейін кедендік тексерістен өткен. Мұндай автокөліктердің бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, Армениядан әкелінген автокөліктер біздегі дәл сондай темір тұлпарлардан бірнеше есе арзан. Сондықтан оған сұраныс жоғары. Екіншіден, армениялық көлік сенімхатпен басқарылады. Сәйкесінше көлік басқарушысы жол ережесін бұзса, айыппұлдың барлығы Армениядағы көлік иесіне жөнелтіледі. Осыны білетін армениялық автокөлік жүргізушілері жол ережесін жиі бұзады. Үшіншіден, армениялық автокөліктерге Қазақстанның мемлекеттік номері берілмейді. Төртіншіден, армениялық автокөлікті техникалық бақылаудан өткізу қиын. Бесіншіден армениялық автокөлік сенімхат арқылы ғана сатылады және көлік құжат бойынша Армениядағы иесіне тиесілі болып қала береді.

Сарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, 2014 жылы Армения Еуразиялық экономикалық одақ құрамына қабылданды. Сол жылдан бастап армениялық автокөліктер одақ аумағында еркін өткізуге болатын тауар деп танылды.

"Еуро-4 стандартына сай көлікті Армениядан Қазақстанға еркін кіргізуге және тіркеуге болады. ЕЭО-ға мүше мемлекеттерге ортақ халықаралық заң бойынша мұндай темір тұлпарларға кедендік рәсімдеу қолданылмайды.  Алайда міндетті түрде утилизациялық алым төлеу қажет. Мәселе осыдан туындайды. Себебі утилизациялық алым арзанға алынған автокөліктің бағасын аспандатып жібереді. Автоәуесқойлардың барлығы ақша үнемдеу үшін, Армениядан алған көліктерін Қазақстанда сенімхатпен басқара береді. Себебі автокөлік Қазақстанда қымбат, Арменияда арзан", – деді Алексей Алексеев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу