Қазақстанда мопед жүргізушілерге талап күшейтілді

1395

Қазір кез-келген қала көшесінде жүйіткіп жүрген мопедтерден көз сүрінеді.  

Қазақстанда мопед жүргізушілерге талап күшейтілді Фото: Максим Морозов

Әсіресе, Алматы қаласында осы көліктің дарылдаған үні 24 сағат бойы үздіксіз шулап тұрады. Көлік қатынасы ең күрделі мегаполис үшін – мопед пен велосипед құралы ыңғайлы болғанымен, жол ережесінің сақталуын да жіті қадағалау ләзім.

Бүгінде 2,5 миллионға жуық халқы бар Алматы қаласында 636 мың мопед ресми тіркелген. Ал, тіркеусіз жүргені қаншама?! Одан бөлек, тәулігіне қалаға жарты миллионнан аса көлік құралы сырттан кіріп-шығатынын ескерген жөн.

Бір ғана көктем маусымында Алматы қаласында мопедтердің қатысуымен 617 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көшедегі қақтығысқа көбіне мопед мінген жүргізушінің жол ережесін білмеуі себеп болып жатады. Тағы бір себеп – көлік қозғалысы кезінде мопедтер машинаның артқы айнасынан байқалмай қалуы.

Мопед пен электросамокаттарға қатысты жол Ережесін депутаттар 2023 жылдың жазында даярлап қойған еді. Заң жобасымен Ішкі істер министрлігі танысып, қабылдауға жөнелтілген. Алайда, биылғы мото-маусымға дейін қабылдануы тиіс заң әлі күшіне енбей тұр.

Тайланд, Вьетнам, Үндістан, Индонезия мен Қытай секілді елдерде мопед ең кеңінен тараған көлік құралына жатады. Ол елдерде мопед жүргізушісі "А" категориялы жүргізуші куәлігін алуға міндетті. Нидерланды елінде мопед айдау үшін жүргізуші 16 жасқа толып, қалтасында "АМ" категориялы құжат болуы керек. Испания мен АҚШ-та мопед көлігі міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтіп, жүргізуші куәлігі болуы шарт.

Өткен 2023 жылдың 12 айында мопедтердің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғасына көз жүгіртсек: республика бойынша ұзын саны 750 жол апаты тіркеліп, салдарынан 39 адам көз жұмған, 730 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.

Қазір мопед жүргізушілерге кез-келген жол ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 615-бабы бойынша құжат толтырылады. Салынатын айып пұл көлемі – 2 есептік көрсеткіш. Енді жаңа заң қабылданса, мопед тізгіндеген әрбір жүргізуші куәілгі көлік құралының иесі құсап толыққанды жауапқа тартылады. Ол кезде салынар айыптың да құны артып, жауапкершілік күшейе түспек.

Мопед жүргізушілерге қатысты жаңа заңның редакциясында барлық талаптар нақты қамтылған. Жүргізушінің өміріне байланысты қауіпсіздік шаралары, жол жүру ережелері, көлік құралының сипаттамасы, тағысын тағы.

Жаз шықса, қала көшелері мотоцикл мен мопедке толатыны рас. Оның үстіне қазір жастардың дені курьерлік қызметпен айналысып, ақша тауып жүр. Айта кететін тағы бір мәселе, пайда қуған жеке кәсіпкерлер де мопедтердің құжатын қолдан өзгертіп, жалға беру бизнесін жандандырып отыр. Жоғарғы сынып оқушылары каникул біткенше түні бойы мопед тебуді ермекке айналдырып алған.

Жалға мопед беру 2020 жылы басталған екен. Мысалы, 2020-жылы интернет арқылы  іздеу платформасында мопедті жалға алғысы келетін 805 рет сұрау салынған. Араға жыл салып, 2022 жылы ол көрсеткіш 36 мыңнан асқан. Қазір интернет арқылы жалға мопед алғысы келіп, іздейтіндер саны миллионнан асып кетті.

Алматы қаласы бойынша мопедті жалға беру құны – 10 тәулікке 20-25 мың теңге. Шағын фирмадан мопедті жалға алсаңыз, барлық құжат пен арнайы сервис қарастырылған. Ал, жеке тұлғадан алу үшін тек қана жеке куәлігіңіз болса, жетіп жатыр. Сонымен қатар, жеке тұлғадан ұзақ мерзімге жалға алу кезінде айына 50-60 мың теңге төлей отырып, мопедті басы бүтін жекешелендіріп алуға да болады.

Мопедті жалға берушілердің айтуынша, бір мопед немесе скутер айына орта есеппен 100 мың теңге кіріс кіргізеді екен. Егер 20 мопедті сатып алып, жалға берсе, ол 2-3 айда өз шығынын толық өтейді. Сондықтан, қазіргі таңда Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ ондаған-жүздеген мопед пен скутерлерді жалға беріп отырған кісілер көп.

Сөз соңында айтарымыз, халық қалаулылары екінші оқылымда мақұлдаған көлік құралдарына қатысты заң жобасы әр жылда толықтырылып отыру керек. Одан өзге, мопед пен скутер көліктерінің мәселесімен тек Ішкі істер министрлігі ғана емес, басқа да құзыретті министрліктер айналысқаны абзал. Өйткені, қоғамдағы сауатты заңдылық елдегі адам өмірінің қауіпсіздігі мен экономикалық, экологиялық талаптарын да қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу