Қазақстанда тауарлар жаппай таңбаланады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3151

Алда әрбір дәрі, темекі қорабы, әр жұп аяқкиім есепке алынып, қайда қаншасы сатылғаны қадағаланбақ.

Қазақстанда тауарлар жаппай таңбаланады

Осылайша, контрабандаға және жасанды-контрафакт өнімдердің кең саудасына қарсы жойқын күрес ашылғалы тұр. Өйткені мәселен, базарларда, көптеген сауда орындарында сатылатын аяқкиімдердің үлкен бөлігі көлеңкелі жолмен жеткізілетіні жасырын емес. Бұл күрес өнімдердің әр данасын таңбалаудан бастау алмақ.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бұған отандық бизнестің қаншалықты дайындығын пысықтауда. Осы мақсатта палата жанынан тауарларды таңбалау мәселелерін талқылау жөніндегі жобалық кеңсе құрылды.

Айтқандай, осы мәселеге тағы бір палата араласып отыр. Парламент мәжілісінің депутаттары бүгінгі жалпы отырыста "Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді" ратификациялайтын заң жобасын қабылдап, жоғарғы палатаға жолдады.

Құжаттың мән-жайын қалаулыларға түсіндірген қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл келісімге 2018 жылдың 2 ақпанында Алматыда, еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында үкімет басшылары қол қойып, бекіткен екен.

"Келісімнің негізгі мақсаттары – тауарлар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау, көлеңкелі экономиканы азайту, бюджетке салықтардың түсімін арттыру, одақ шеңберінде бизнесті жүргізудегі бәсекелестік шарттарын теңестіру болып табылады. Кейбір жағдайларда тауарлар таңбалауға жатпайды. Мысалы өндірілген тауарларды одақ аумағынан сыртқа шығарған жағдайда және жеке тұлғалардың өз қажеттілігі үшін әкелген тауарларды таңбалаудың қажеті жоқ. Тауарлардың әрбір бірлігін таңбалау және оны импорттаушыдан және өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейін қадағалау экономиканы цифрландырудың тиімді құралдарының бірі", – деді еліміздің бас қаржыгері.

Ол келісім бойынша одақ аумағына әкелінген және одақ аумағында өндірілген тауарлар таңбалануға жататынын нықтады.

"Таңбаланатын тауарлардың тізбесі одаққа кіретін елдердің ұсынысы бойынша еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде бірауыздан бекітіледі. Ол үшін таңбалау енгізудің мақсатқа сай екендігі туралы толық талдау ұсыну қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Яғни, болашақта тек ішік-тон, аяқ киім, темекі не дәрі ғана емес, кез келген тауардан бес ел мойындаған таңбаның болуы талап етілуі мүмкін. Бұл марка тегін емес, ол үшін ақы талап етіледі. Және шығыны бірнеше миллион теңгеге жетеді.

Сондықтан одақ аумағында қандай да бір тауарлар топтамасына таңбалау енгізу үшін оған бес елдің келісімі алынуы, ортақ шешім қабылдануы шарт көрінеді. Сонымен бірге, одаққа кіретін бес елдің бірі өз аумағында өз бетінше таңбалау енгізуге құқығы бар. Тиісінше, мәселен, Ресей өзінде әлдебір тауарға таңбалау енгізіп, ЕАЭО-ның өзге мүшелерінен экспорт жасау үшін соны қабылдауға міндеттеуі мүмкін. Солтүстік көршіміз қазақстандық бизнестің экспансиясын тежеу үшін бұл құралды бұған дейін пайдаланған болатын. 

Перспективті технологияларды дамыту орталығының төрағасы Дмитрий Скорчелетти осы құжат күшіне енген бойда, қазақстандық кәсіпкерлер "еуразиялық таңба" басылуға тиіс тауар түрлерінің күрт көбейетініне дайын болуды ескертеді.

"Ресейде криптографиялық қорғанышты пайдалану арқылы тауарларды таңбалауды ендіру бағытындағы жұмыс өте белсенді жүргізілуде. Бүгінде аяқ киім өнімдерін, темекі бұйымдарын және дәрілік заттарды маркалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылған. Бұған қоса, Ресей сүт және сүт өнімдерін, иіссу-әтір түрлері мен парфюмерия заттарын, көлік шиналарын, минералды және бөтелкеленген суды, сондай-ақ сыраны таңбалауды ендіруге дайындалуда. Мұның сыртында, мотор майларын, балалар тамағын, кабель өнімдерін, құбыр-трубаларды, микроэлектрониканы, шәйді, бакалея тауарларын, балық уылдырығын және басқа да тауарлар топтарын осы пилоттық жобаларға қосу қарастырылуда", – дейді Дмитрий Скорчелетти.

Ал келісім іске қосылысымен, ол жобалар Қазақстан аумағына таралмақ.

"Қазіргі уақытта осы келісімді еуразиялық одаққа қатысушы үш мемлекет ратификациялап болды. Қазақстанда оны ратификациялау үдерісі ақырғы кезеңіне шықты. Алда сенат қабылдаған соң, президенттің қол қоюына жіберіледі де, содан кейін өмірге жолдама алады. Біз бұдан жалтарып кете алмаймыз, сол себепті біраздан бері пилоттық жобалар түрінде сынақтар өткізілуде. Жаңа пилоттық жобалар туралы ұсыныстар тек биліктен ғана емес, қазақстандық бизнес тарапынан да келіп түсуде", – деді "Атамекенде" өткен жиында КҰП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Бұл ретте отандық өндірушілер ресейлік пилоттар кесірінен ақаулы-брак деп танылған өнімдердің саны күрт өсетініне алаңдайды. Таңбасы жоқ өнім сол қатарға жатқызылып, таза, қауіпсіз, әрі пайдалы болса да, тіпті салығы төленсе де, жойылуға жіберіледі. Оның үстіне негізінен ресейлік мамандар әзірлейтін, әрі батыстікінен ерекшеленетін криптографияның ақауы бар деседі.

Юлия Якупбаева да халықаралық стандарттардан ерекшеленетін таңбалау жүйесін ендіру экспорт пен импорт жолындағы үлкен кедергіге айналатынына назар аудартады.

"Қазақстан – импорттық өнімдер мен шикізатқа қатты тәуелді. Осы орайда айталық, дәрі-дәрмек бойынша еуразиялық таңбалау жүйесі сырқаттарға соққы болып тиюі ғажап емес. Қазақстанға өздерінің түпнұсқалық препарттарын жеткізетін шетелдік ірі компаниялар өз өнімдерін қайта таңбалауға келісе қоярына еш кепілдік жоқ", – дейді ол.

Қаржы вице-министр Руслан Еңсебаев мемлекет бұл салада отандық нарық пен қазақстандық бизнес мүдделерін қорғауға күш салатынына сендіреді. Оның мәліметінше, таңбалау кезінде криптографияны қолданудың қаншалықты орынды екендігі туралы шешім тек пилоттық жоба сынақтан өткізілгеннен кейін ғана қабылданады. Бұдан бөлек, ұлттық заңнамада "қандай да бір затты міндетті таңбалау тек пилоттық жобалар нәтижесі бойынша ғана ендірілетінін" бекітетін норма көзделуде.

Қазіргі кезде Қазақстан өз елімізде аяқкиімдерді таңбалау жобасын енгізуге дайындалуда. Мұны отандық фабрикалар жақтайды.

"Жеңіл өнеркәсіп секторында контрабандалық және контрафакт өнімдердің үлесі өте жоғары. Және олар негізінен, Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден тасылады. Отандық адал бизнес таңбалау бойынша пилотқа дайын. Бірақ уәкілетті органдар бақылауды күшейтуі қажет. Әйтпесе, адал бизнес таңбалау түрінде қосымша жүктемеге ие болады, ал заңсыз нарық ары қарай таңбалаусыз жұмыс жасай береді", – дейді Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова.

Тағы бір жайт, бұл жүйеде әрбір заттың қайда, қашан, қанша көлемде және қаншаға сатылғаны дәл есептелуі үшін барлық сауда орындары мен саудагерлер мәлімет беру функциясы бар кассалық аппараттармен жабдықталуы керек көрінеді. 

Сондай-ақ таңбалау жүйесі аса қымбатқа түсетіндіктен, отандық бизнесмендер мемлекеттен қолдау күтіп отыр.

"Бұл да маңызды. Өйткені таңбалау бойынша негізгі қаржылық ауыртпалықты бизнес көтереді. Ал таңбалауды енгізуден келетін пайданы мемлекет көреді. Демек, кәсіпкерлерді бұл істе демеп жіберу қажет-ақ", – дейді "Атамекен" басқарма төрағасының орынбасары.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, бүгінде әр тауарлық топ бойынша қазақстандық бизнесті қолдаудың нысаналы бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижесінде таңбалау қай салаларда ендірілетіні туралы шешім қабылданатын болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу