Цифрлық таңбалау кезегі аяқ киім мен ақ тамаққа келді

8965

"Мен тауарларды түгел таңбалауға о баста қарсы болғанмын". 

Цифрлық таңбалау кезегі аяқ киім мен ақ тамаққа келді

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович одақ аумағына сатылатын тауарларды таңбалау мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтты. 

"Тауарларды цифрлық таңбалау біреудің ойлап тапқан дүниесі емес. Екі жыл бұрын одақтас елдердің үкімет басшылары таңбалауды енгізу туралы тиісті келісімге қол қойған болатын. Естеріңізде болса, ең бірінші одақ аумағынан әкелінген тондар мен ішіктер таңбаланды. Енді 1 наурыздан бастап аяқ киімдерді таңбалау мәселесі талқыланып жатыр. Алдағы екі күнде не бүк, не шік болады.Тіпті кейінге шегерілуі де мүмкін. Ресей Федерациясының заңы мен Ресейдің Үкімет қаулыларына сәйкес,  тауарларды бас-басына таңбалау қарастырылып отыр. Иә, бұл тауарлардың бағасын белгілі бір деңгейде көтеріп жібереді. Бірақ, бастысы бұл емес. Тауарлардың әкімшілендіру дейтін одан да күрделі мәселе туындап отыр. Тауарлардың еркін тасымалдауына қолдан тосқауылдар қойылуда. Бұл проблеманы таңбалаусыз айналып өтуге болар ма еді? Мен  болар еді деп санаймын. Негізі мен о баста бұл ұсынысқа қарсы болғанмын. Бірақ шешім қабылданып кетті. Енді оны орындау керек", – дейді Михаил Мясникович.

Оның сөзіне қарағанда, тауарларды таңбалау  режимі нарықтағы делдалдардың санын көбейтіп, кедергілерді күрделендіре түседі. 

"Цифрлық таңбалау Еуразия экономикалық одағының нарығына сапасыз, контрафакт тауарлар түспеуіне бағытталған. Егер сыртқы контурымыз дұрыс жұмыс істесе, ішкі нарықтағы келісімдер қатаң сақталған болса, таңбалаудың қажеті болмас еді. Мені тауар құнының өсуі мен өндірушілердің басы артық жұмысқа тап болуы алаңдатып отырған жоқ. Мені таңбалау белгілерін дайындайтын делдалдық қызметтер пайда болып, соның салдарынан тағы да кедергілер пайда болады деген ой мазалайды.Таңбалауға рұқсат берудің обьективті де, субьективті де себептері туындап, нарықтағы ахуал нашарлайды. Сондықтан бұл өте нәзік мәселе. Бұл процесс ауыртпалықсыз өтуіне күш салынуы керек. Ұлттық таңбалар одақ аясында толық мойындалуы керек. Менің ойымша, барлық тауарды бас-басына таңбалау керек пе, жоқ па деген сауалға қайтып оралуымыз керек. Өйткені аяқ киімнен кейін кезек көлік дөңгелектері мен сол тектес бұйымдарға, парфюмерияға, дәрі дәрмек пен сүт өнімдеріне келіп тұр. Мұның бәрі нарықта ширығыс туғызуы мүмкін. Уақыт өтсе, бәлкім бәсеңситін шығар. Алайда, менің ойымша, одақ айналасында онсыз да тосқауылдар көп. Оның үстіне жаңа қатпарлар қосу тиімсіз деп санаймын", – деді ол комиссия төрағасы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу