Қазақстанда титанды құм барланып жатыр

3613

Аустралияның "Iluka" компаниясы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында титанды құмды барлауға 4 млн доллар инвестиция салмақ. 

Қазақстанда титанды құм барланып жатыр

Геологтардың айтуынша, аталған екі өңірдің көлемі 60 мың шаршы шақырымды құрайтын аумағында барлау жүргізілуде. Маусым айының екінші жартысынан бастап "Iluka" компаниясы "Қазгеология"-мен бірлесіп, бұрғылау жұмыстарына кірісті. Қос компанияның деректеріне сүйенсек, қазір шамамен 2500 метр немесе 100 ұңғыма бұрғыланған. Бұл – биылға жоспарланған көлемнің үштен бірі. Сондай-ақ, дәл осы жылы "Iluka" геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 2 млн аустралиялық доллар көлемінде инвестиция бөлмек. 

2015-2016 жылдары "Iluka" аэромагниттік барлау жүргізді. Бұл бұрғылау бағдарламасының дұрыс жүруіне септігін тигізуі керек-ті. Алайда, бұрғылау жөніндегі кеңесші, аустралиялық Пол Смиттің сөзінше, жүргізілген жұмыс күткендегідей нәтиже бермеген.

"Аустралияда аэромагниттік барлау өте жақсы нәтиже көрсетті. Өкінішке қарай, Қазақстандағы әрекетіміз – мардымсыз. Сондықтан, аэромагниттік барлаудың қорытындысы жайлы ештеңе айта алмаймыз", – дейді Пол Смит.

Дегенмен, өткен екі жылда Кеңес заманында алынған геологиялық барлау мәліметтеріне жасалған талдауды қоса есептегенде, барлау бағдарламасына тағы да 2 млн аустралиялық доллар тартылды.  

Жалпы алғанда барлау жұмыстарына барлығы төрт миллион аустралиялық доллар бөлінді. Бұл – инвестордың қаржысы. Бұл сомаға Қазақстанға жеткізілген технологиялар мен бұрғылау қондырғысының қаржысы еніп отыр. Сондай-ақ, дәл осы қаржының есебінен қазақстандық мамандар үшін елімізде және Аустралияда берері мол келелі кездесулер ұйымдастырылды.

Бүгінде жұмыстар құрғақ бұрғылау технологиясы бойынша жүргізілуде. Бұл технология Аустралияда 1974 жылдан бері пайдаланылып келеді. "Қазгеология" ұлттық геологиялық барлау компаниясы" АҚ мамандарының сөзінше, құрғақ бұрғылау технологиясы жұмыс қарқынын он есе арттырып, қоршаған ортаға кері әсерін төмендетеді. Бүгінде оны Аустралия мен Африкада кеңінен қолданады. "Қазгеология" басқармасы төрағасының орынбасары Қадыржан Қауылдашевтің айтуынша, былтыр бұл іске иірлік бұрғылау секілді басқа да технологиялар пайдаланылған. Алайда, олардың сапасы тым төмен болып шықты. Бәлкім, тәжірибенің жоқтығы да байқалған шығар. Себебі, Қазақстанда цирконий мен титан минералды құмдардан емес, тек қана кен орындарынан ғана ізделіп келген-ді.

Қазақстан титан қоры бойынша әлемде оныншы орынға жайғасқан. Ал қазақстандық титанды-магний индустрияның флагманы – "Өскемен титан-магний комбинаты" АҚ (негізгі акционер – "Specialty Metals Holding Company", Брюссель, Бельгия. Акцияның 47,22%-ы осы компанияға тиесілі). Бұл – толықтай кіріктірілген кәсіпорын. Мұнда кенді өндіріп, одан жоғары қосымша құнды дайын өнім шығарылады. Алайда, кәсіпорын қажетті шикізатты минералды құмдардан емес, кеннен алады.

Аустралиялық тәжірибеге зер салсақ, мұнда минералды құмдардың ашық әдіспен өндірілетіндігіне көз жеткізуге болады. Тереңдігі 20-30 метрді құрайтын кеніштер әбден пайдаланылып болған соң, қайта қалпына келтіріледі. Яғни, Қадыржан Қауылдашев атап өткендей, компания өзінен кейін гольф алаңын, жайлау мен ауыл шаруашылығын жүргізуге қажетті алқапты қалдырып кетеді.

Қостанай облысынан әлі ештеңе табылған жоқ. Алайда, аустралиялықтар нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін алға тартады. Бүгінде құрылып жатқан ұңғымалар жүйесі өте сирек кездеседі. Мамандардың пікірінше, бұл өз кезегінде кен орнын зерттеудің болашағын айқындауға мүмкіндік бермек. Жер қойнауын зерттеудің алдын ала қорытындылары қазан айының соңында жарияланады деп күтілуде. Оған дейін бұрғылау бағдарламасы аяқталып, үлгілердің химиялық зерттеуден алынған алғашқы нәтижелері дайын болады. Компания тек содан кейін ғана болашақтағы жұмыс бағдарламасының қай бағытта өрбитінін бағамдамақ.  

"Кеңес үкіметі кезінде жүргізілген жұмыстардың барлық белгісі бойынша титанды-цирконды кен орнын табудың мүмкіндігі жоғары. Егер осы жылдың соңына дейін учаскелердің әлеуеті нақтыланса, онда келіссөздер арқылы жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшарттарды рәсімдеуді бастаймыз", – дейді Қадыржан Қауылдашев.

Сонымен қатар, ол тиісті жұмыстар ойдағыдай аяқталып, арнайы бекітілген меморандум аясындағы "Iluka" компаниясының алдағы уақытта жүргізетін барлау жұмыстары қайта өңдеу кешені бар жаңа кеніш салуды міндеттейтінін айтты. Бұл ретте, бұған дейін құны жарты миллиардтан астам долларды құрайтын сирекжерлік металдарды байыту фабрикасы іске қосылатындығы туралы айтылған болатын. Қ.Қауылдашевтің меңзеп отырғаы – осы.

"Iluka Explotation Kazakstan" компаниясының бас директоры Энтони Торнтон шетелдік компанияларға барлау жұмыстары үшін келісімшарттың бекітілуі өте маңызды екенін бөле-жара атап өтті. Бұл оларға жер қойнауын геологиялық зерттеудің қорытындыларына қарамастан, алдағы жұмыс бағытын жоспарлауға мүмкіндік береді екен.

"Iluka Resources Limited" аустралиялық тау-кен өндіру кәсіпорны циркон өндірісі бойынша әлемдік нарықтың үштен бірін алып отыр. Сондай-ақ, ол – минералдардағы титан диоксидінің әлемдегі ең ірі өндірушісі. Аустралиялық компанияның Қазақстандағы еншілес кәсіпорны – Iluka Explotation Kazakhstan. Оның мақсаты – ел аумағында арнайы жобаларды жүзеге асыру. Инвесторлар үшін жаңа кен орындарын іздеу – маңызға ие қажеттілік. Әлемдегі авто көлік шығаратын зауыттарға компанияның тасымалдайтын эмальдары зор сұранысқа ие. Сондықтан, шикізат қоры толықтыруды қажет етеді.

Әйгерім Сүлейменова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу