Қазақстанда тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13458

Елімізде соңғы 25 жылда бірде-бір тұрғын үй салынбаған қала бар. 

Қазақстанда тұрғын үй кезегінде қанша адам тұр?

Қазақстанда 2025 жылға дейін көпбалалы отбасыларға 40 мың пәтер салынып, жыл сайын 6 мың пәтер жалға беріліп отырады. Бұл мақсатқа алдағы 7 жылда 350 млрд теңге жұмсалады.

Биыл мамыр айында көпбалалы отбасыларға 3 046 пәтер тапсырылды. Жыл соңына дейін дәл осы санаттағы отбасыларға қосымша 8 мың пәтер беріледі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, мемлекеттік инвестиция есебінен 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй  салынады. Нәтижесінде 30 мың мұқтаж адам баспаналы болады.

Естеріңізге салайық, елімізде 2017 жылдан бері "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталмыш бағдарлама 5 негізгі бағытты қамтиды. Бірінші, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу, екінші, кредиттік тұрғын үй құрылысы, үшінші, жеке тұрғын үй құрылысы, төртінші, жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын ынталандыру және бесінші, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, тұрғын үй салу.

Біле жүріңіз, бағдарламаның алғашқы жылында ел аумағында 23,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл іске 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. Осылайша 213 мыңнан астам азамат баспаналы болды.

Биыл 13 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Қазірге дейін 7,6 млн шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй

Белгілі болып тұрғандай, мұндай тұрғын үйлер жекеменшікке берілмейді. Мұндай үйден халықтың әлеуметтік осал топтары, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үмітті болады. Айта кетейік, 2021 жылға дейін жастарға 9 мың пәтер жалға беріледі.

Кредиттік тұрғын үй құрылысы

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары мен әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдарға сондай-ақ "7-20-25" бағдарламасының қатысушыларына басымдық береді. Әкімдіктер құнды қағаздарды шығару есебінен құрылысқа қаражат тартады және оларды 2 жыл сайын револьверлік негізде айналдырады.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының дәл осы бағыты бойынша 2016-2018 жылдар аралығында 1,2 млн шаршы метр немесе 19 744 пәтер пайдалануға берілді. Болашақта 686,5 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үй немесе 11 838 пәтер салу жоспарланып отыр.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту

Биыл республикалық бюджеттен осы мақсатқа 81,7 млрд теңге қарастырылған. Қомақты қаржының 22,6 млрд теңгесі 40 мың жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізуге жұмсалады.

Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын ынталандыру

Бұл жоба 2017 жылы басталды. "Даму" қоры жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын субсидиялау үшін  66,2 млрд теңге бөлді. Осы ақшаға жеке құрылыс салушылар 328 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын аяқтау міндеттемесін алды. Салынған тұрғын үйдің 50%-ы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшыларына, "7-20-25" бағдарламасының және коммерциялық банктердің клиенттеріне 1 шаршы метрі үшін 220-260 мың теңгемен сатылатын болды.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы тұрғын үй салу

Дағдарысқа қарсы шаралар аясында 2015-2016-2017 жылдары Ұлттық қор қаражатынан квазимемлекеттік сектор операторларды тарту арқылы тұрғын үй құрылысына қаражат бөлінді. Бүгінде Бәйтерек девелопмент пен "Қазақстан ипотекалық компаниясы" өз нысандарын аяқтады.  "Самұрық" міндеттемесін биыл орындайды. Аты аталған операторлар 39,8 мың пәтер салды.

Қазір бюджеттік қаражат есебінен жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру жұмысымен әкімдіктер айналысады.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың сөзінше, ел аумағында 512 мың азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр. Олардың 200 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.

"2017 жылдан 2019 жылғы 1 шілдеге дейін, яғни 2,5 жыл ішінде 30 мың азамат тұрғын үй алған, бұл кезекте тұрған жалпы адам санының 6,3%-ы. Бұл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет деген сөз. Бюджет қаражатын өңірлердің қажеттіліктері мен кезекте тұрған мұқтаж адамдарды ескермей бөлу тәжірибесі жалғасып жатыр. Алматы облысында 48 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Алайда соңғы 3 жылда бұл облысқа 18,7 млрд теңге ғана бөлінген. Кезекте тұрған адамдар саны 26 мың адамды құрайтын Қостанай облысына мемлекеттік бюджеттен 26,8 млрд теңге бөлінсе, 35 мың адам кезекте тұрған Қарағанды облысына 19,5 млрд теңге қаржы қарастырылған", – деді Нұртай Сабильянов.

Халық қалаулысының айтуынша, моноқалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда жеке тұрғын үй салу қарқыны бәсең.

"Соңғы 5 жылда бюджет қаражаты есебінен бірде-бір тұрғын үй салынбаған аудандар бар. Мысалы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 4 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Бірақ соңғы 10 жылда бұл ауданда тұрғын үй салынбаған және кезекте тұрған тек 36 адам ғана баспаналы болған. Ақмола облысының Шортанды ауданында 600 адам кезекте тұрса да, 2013 жылдан бері онда тұрғын үй мүлдем берілмеген. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында 1 мыңға жуық адам кезекте тұр. Бірақ соңғы 25 жылда бұл қалада бірде-бір көппәтерлі жаңа тұрғын үй салынбаған", – деді мәжілісмен.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу