Қазақстанда ұлттық заңнама халықаралық келісімнен жоғары қойылмақ

2649

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі заң жобасын ұсынды. 

Қазақстанда ұлттық заңнама халықаралық келісімнен жоғары қойылмақ

Биылғы 15 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин шетелдік ақпарат құралдары тарихи деп бағалаған жолдауын жариялағаны мәлім. Онда солтүстік көршінің көшбасшысы РФ Конституциясына өзгерістер енгізілетінін жариялады.

"Ресей халықаралық саясатқа пікірімен санаспауға болмайтын ел ретінде оралды. Бүгінде елдің негізгі заңына бірқатар өзгеріс енгізетін уақыт келді деп санаймын. Ол Ресей Конституциясының біздің құқықтық кеңістіктегі басымдығын тікелей кепілдендіреді. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз, халықаралық заңнама мен келісімдер талаптарының, сондай-ақ халықаралық органдар шешімдерінің тек біздің Конституциямызға қайшы келмейтін, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге соқтырмайтын бөліктері ғана Ресей аумағында әрекет ететін болады", – деді Путин.

Осылайша, көршінің ұлттық заңдары халықаралық келісімдерден үстем болады, жергілікті мемлекеттік органдар мен шенеуніктер бірінші кезекте федералдық заңдарды басшылыққа алады. Әйтпесе, біздегі секілді Ресейде де әзірге халықаралық құжаттар жоғары тұр.

Осы жаңалықты талдаған қазақстандық сарапшылар ірі тұлғалары мен кәсіпкерлері жарты әлемнің санкциялық қыспағында қалғандықтан, солтүстік көршіміз осындай шетін шешімге баруға мәжбүр екенін, бірақ бастаманың Қазақстанға қатысы жоқтығын ескертіп жатты.

Алайда бұл біздің билікті де ойға қалдырыпты. Еліміздің сыртқы саяси ведомствосы "Қазақстанның халықаралық шарттары туралы" заңға өзгерістер мен толықтыру енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп, ел назарына ұсынды.

Құжат қолданыстағы заңға "Қазақстанның қолданыстағы халықаралық шарттарының ҚР заңдарымен және Конституциясымен арақатынасы" деп аталатын жаңа 20-1-бап енгізеді. Оған сәйкес, біріншіден, ел Парламенті ратификациялаған қолданыстағы халықаралық шарттар ұлттық заңдарымыз алдында басым болып қала береді. Бұл инвесторларды және серіктес елдерді шошытпау үшін қажет.

Екіншіден, Мәжіліс пен Сенат ратификацияламаған халықаралық шарттар Қазақстан заңдары алдындағы басымдығынан айырылады. Бұл тіпті БҰҰ конвенцияларына да қатысты. Рас, мемлекетіміз олардан жаппай бас тартпайды, бірақ енді олар "Қазақстан заңдарына қайшы келмейтін шамада ғана орындалуға тиіс".

Үшіншіден, қажет деп тапса, мемлекет тіпті қолданыстағы жекелеген құжат дәрежесін де ұлттық заңнамадан төмендетіп тастай алады.  

"Егер қолданыстағы халықаралық шарт не оның жекелеген ережелері Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен Конституцияға сәйкес келмейді деп танылса, мұндай халықаралық шарт немесе оның тиісті ережелері орындауға жатпайды", – делінген құжатта.

СІМ әзірлеген заң қабылданса, бұл рәсім Қайрат Мәми басқаратын Конституциялық кеңес арқылы жүзеге асырылады. Айтқандай, ҚРКК туралы заңы бойынша Елбасы және еліміздің экс-президенттерi – құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық кеңестiң мүшелерi.

Заң жобасында тағы бір елең еткізерлік түзету қарастырылған. Оған сәйкес, егер Қазақстан қосылған халықаралық шартты басқа қатысушылар бұзса, біріншіден, еліміз ол шарттың күшін уақытша тоқтата тұрады немесе түпкілікті жояды. Екіншіден, жауап шаралар қолданады. Бұл тәуелсіздікті нығайту үшін маңызды.

Мысалы, Мәскеу еуразиялық одақ аясында құпталған уағдаластықтар мен келісімдерді біржақты түрде бұза береді. Ал Нұр-Сұлтан ары қарай одақ шартына бағынуға мәжбүр. Себебі, әзірге бізде халықаралық құжаттар ұлттық заңнамадан үстем.

Белгілі отандық заңгер Игорь Лоскутов бұл – Путиннің ойлап тапқан жаңалығы еместігін білдірді. АҚШ-та, дамыған бірқатар елде ұлттық заң халықаралық шарттардан биік тұрады.

"Жалпы, Қазақ КСР-інің 1978 жылғы 20 ақпанда қабылданған және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күшінде болған Конституциясында халықаралық құқықтық нормалардың ұлттық заңнамадан басымдығы туралы бап болған жоқ. 1993 жылғы 28 қаңтарда егемен еліміздің алғашқы Ата заңы күшіне енісімен, Қазақстан өзі қабылдаған халықаралық келісімдер мен міндеттемелерді орындауға кірісті. Қазіргі Конституцияда: "Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады" деп жазылған. Алайда мемлекетіміздің өзге елдермен байланысының кеңеюі халықаралық келісім бекіту ісін реттейтін ішкі заңнаманы да жетілдіруді талап етіп отыр", – дейді заңгер.

Оның үстіне өткен жұмадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай халықаралық құжат бекіту ісіне өзіндік бір "мораторий" енгізді.

"Кедендік одақтың сүт бойынша техрегламенті 2013 жылы қабылданды. Алайда 2019 жылы ЕАЭО-дағы серіктестерімізбен ол талаптардың қолданылу мерзімін тағы 5 жылға шегеруді сұрап, уағдаласуымызға тура келді. Отандық сала оған дайын болмай шықты. Осыдан сұрақ туады: бұл келісімге біз неге қол қойдық? Келіссөздер барысында тек мемлекетіміздің мүддесіне сай келетін құжаттарға ғана қол қою керек. Бұрын біз барлық келісімдерге қол қоя беруші едік. Енді бұл үрдісті тоқтату қажет!" – деп қадап тапсырды ел Президенті.

Демек, бұл саладағы іс ілгері жылжи бастады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу