Конституция концертіне жарты миллиард шығындалуы мүмкін

16729

Үкімет Конституция мен Ассамблеяның 25 жылдығына қыруар шығын шығаруды қарастыруда. 

Конституция концертіне жарты миллиард шығындалуы мүмкін

Бұл "Қазақстан Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралардың ұлттық жоспары" жобасында белгіленген.

Оған сәйкес, мәселен, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында "Ата заңның иллюстрациялары бар мерейтойлық экземплярын" қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарып, құрметті адамдарға сыйлау үшін ел бюджетінен 24 млн 864 мың теңге жұмсалады деп күтілуде.

Шетелдік сарапшылардың пікірін жинап, Қазақстанның құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуы жолындағы жетістіктері туралы кітап басуға 3 млн 456 мың теңге бағытталмақ.

Бұл аз болғандай, Қазақстандағы конституциялық бақылау институтына арналған монография жазуға 23 млн 322 мың теңге, ел Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығын жарыққа шығаруға – 19 млн 266 мың теңге, "Конституция как культурная ценность народа" кітабын басуға 3 млн 456 мың теңге бөлінеді деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, "ҚР Конституциясына 25 жыл" мерейтойлық медалін тағайындауды және дайындауды қамтамасыз етуге 57 млн теңге шығындалады деп көрсетілген.

Бұлардың барлығын алдағы жылдың ортасына дейін жүзеге асыру ұсынылады.

Сондай-ақ Ұлттық банк өз бюджеті аясында арнайы шақа-монета, ал "Қазпошта" өз табысы шегінде арнаулы пошталық марка шығаруы керек. Бұдан өзге, деректі фильмдер, роликтер сериясы түсіріліп, оларды паш етіп, айналдырғаны үшін телеарналарға ақы төленбек.  

Мерекелеу Қазақстанмен шектелмейді. Сыртқы істер министрлігіне республикалық бюджет қаражатына 2020 жыл бойында "БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар штаб-пәтерінде арнаулы көрмелер ұйымдастыру", "шетелдік БАҚ-та тапсырыстық материалдар орналастыру" жүктеледі.  

Ең үлкен сома, яғни жарты миллиардтан астам, нақтылай кетсек, 504 млн 802 мың теңге келер жылдың тамызында үш мегаполисте – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте қатарынан Конституцияның 25 жылдығына арналған мерекелік концерт ұйымдастыруға шығындалады деп күтілуде.

Ассамблея да өз тойын дүркіретіп өткізуге ниетті. Әрине, демеушілердің қолдауымен емес, ең алдымен, ел қаржысына. Атап айтқанда, жоспар жобасында республикалық бюджет есебінен "ҚХА-ның азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлі" республикалық форумына 8 млн 400 мың теңге, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы медалін әзірлеуге және дайындауға 30 млн теңге, "ҚХА-ға 25 жыл" естелік төс белгісін шығаруға 20 млн теңге жұмсалады деп жоспарланған.

Ассамблеяның ширек ғасырға "шыдауына" орай оны дәріптейтін "визуалды өнімдер эскиздерін әзірлеу және өндіру" ісі 15 млн теңгені талап етпек, оны қаржыландыру көзі ретінде "ҚХА қызметін қамтамасыз ету бойынша қызметтер" бюджеттік бағдарламасы көрсетілген.

Сонымен қатар Ассамблея туралы ең үздік өлең байқауына бірінші жартыжылдықта 5 млн теңге бағытталмақ.

Қазақстанда тұратын өзге этностар өкілдерінің кітаптарын серия түрінде шығаруды да той аясында бюджет көтерсін деп ұсынылған, оған анау-мынау емес, 69 млн теңгеден астам қаражат сұралуда. 

Бұған қоса, ҚХА-ға арналған әдебиеттерді жариялауға тағы 14 млн теңге қарастырылмақ.

Онсыз да мемлекет мойнында отырған республикалық театрлардың Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өңірлерге гастрольмен шығуына 107,9 млн теңге шығындау болжанып отыр. 

Ассамблея 25 жылдығына арналған деректі фильм өндірісі – 25 млн теңгені, ал ҚХА институтының дамуы туралы роликтер 15 млн теңгені қажет ететін көрінеді.

Сонымен бірге, 2020 жылғы шілдеде ҚХА 25 жылдығы құрметіне марафон ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 5 млн теңге керек екен.

Шығындар бұлармен де таусылмайды: қалғандарына тоқталсақ, арасында келесі жылғы тамызда Ассамблеяға арнап, "Медиация – азаматтық қоғам негізі. ТМД елдерінің медиация бойынша заңнамасын талдау" тақырыбында халықаралық конференция өткізу (25 млн теңге), қазақ еліндегі этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы шолу баяндамасын әзірлеу (50 млн теңге), 2020 жылғы ақпанда ҚХА мүшелері, меморгандар басшылары және басқалары үшін Ассамблеяның 25 жылдығын мерекелеудің ашылу салтанатын өткізу (15 млн теңге) бар.

Ал сәуір айында ҚХА 25 жылдығына арналған мерекелік концерт ұйымдастыруға 225 млн 301 мың теңге шығындау ұсынылып отыр.

Айта кету керек, бұл жоспар жобасын Үкімет қоғамдық талқылауға шығарды да, ізінше кері қайтарып алды. Яғни, ары қарай пысықталады. Оның нәтижесінде іс-шараларға арналған шығындар не кемуі, не ары қарай өсуі мүмкін. Бұл ретте пысықтау барысында қоғамдық сыни пікірлер де өз игі ықпалын тигізуі ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу