Қазақстанда жалған сертификаттармен күрес жүріп жатыр

1203

Елде кәсіпкерді қолдаудың бірыңғай тетігі жоқ.

Қазақстанда жалған сертификаттармен күрес жүріп жатыр Фото: canva.com

Билік отандық бизнесті қолдау және дамыту туралы ондаған жылдардан бері айтып келеді. Дегенмен, салаға мұқият талдау жүргізген Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің сарапшылары ащы шындықты анықтады. Үкімет тарапынан көп айтылған көбік сөздің астында бүркемеленген шынайы көрініс түңілтеді.

Біріншіден және ең бастысы – отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың бірыңғай әрі айқын құралы мен тетігі жоқ. Яғни, оларға мемқолдауды "бір терезе" қағидасымен көрсету сол бойы толыққанды жүзеге аспады.

Екіншіден, отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы бытыраңқы тетіктері мен құралдарының өзі тиімсіз.

Үшіншіден, бұл саланы ит тұмсығы батпас ну бюрократия жайлаған.

Қазақстандық өнім шығарушының өзінің шын мәнінде "отандық тауар өндіруші" екенін құжаттармен растауы аздық етеді. Ол әртүрлі артықшылық-преференциялар, салықтық жеңілдіктер және тендерге қатысуға рұқсат алу үшін қаптаған тізілім-реестрлерге тіркелуге міндетті. Оларға келесі реестрлер кіреді:

  • ішкі айналымда қолдану үшін тауардың шығу тегін анықтайтын "СТ-KZ" формасындағы сертификаттардың Тізілімі (atameken.kz қалыптастырады);
  • отандық тауар өндірушілердің Тізілімі (atameken.kz қалыптастырады);
  • "Қазақстандық мазмұн" қазақстандық тауар өндірушілердің интернет-порталының Тізімі (https://ks.gov.kz);
  • жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің және оларды өндірушілердің Тізілімі (reestr.nadloc.kz);
  • құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын шығаратын отандық тауар өндірушілердің Тізілімі (https://ks.gov.kz);
  • отандық жиһаз өнімдерін өндірушілердің Тізілімі;
  • "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры тауар өндірушілерінің Тізілімі (zakup.sk.kz) және басқасы.

Осы тізілімдерге ену үшін отандық өндірушіден "СТ-KZ" сертификатының немесе Индустриялық сертификатының болуы талап етіледі.

Үкіметтегі мамандардың өзі шет-шегі жоқ реестрлердің жұмыс істеуі нағыз бюрократиялық ауыртпалыққа айналып кеткенін мойындайды. Себебі, оның біріне кірген бизнесмен екіншісінде жоқ болып шығады. Соның кесірінен елде отандық өндірушілердің ортақ тізімі де жоқ. 

Сонымен бірге Сауда жəне интеграция министрлігі комитетінің сарапшылары қос сертификатқа қатысты мәселе барын, олар сертификатқа ие компанияның шынымен де отандық өнімді өндіретініне кепілдік бере алмайтынын алға тартты.

Оның үстіне индустриялық сертификат "өндірушілердің, бизнес қауымдастықтардың шектеулі санының мүддесі үшін" қызмет етуі ықтимал: соларға ыңғайлы "өндіріске қойылатын талаптарды қалыптастырған" болып шықты.

Осылайша, елде тауарлардың шетелде емес, дәл Қазақстанда өндірілгенін растайтын тиімді құралдар, құжаттар, сертификаттар жоқ.

"СТ-KZ сертификатына тоқталсақ. Өндірушінің өндірістік үй-жайының, зауытының, цехының, жабдықтарының, қызметкерлерінің және басқасының нақты болуын Өндірісті сараптау актісі және "СТ-KZ" тауарларының шығу тегі туралы сертификаты растайды. Демек, акті толтырып, сертификат рәсімдеу үшін мамандар өндіріс орнына сапарлауға, бәрін өз көзімен көріп, бағалауға тиіс. Алайда мемлекеттік мамандар мен сарапшылар оны жасай алмайды. Өйткені осы мақсатта жоспардан тыс тексерулер жүргізу туралы заңнамада нормалар жоқ. Бұл мемлекеттік бақылаудың тиімсіз болуына соқтырады. Себебі, өндірістің шынында барын не жоғын басқаша растау мүмкін емес", – деді комитет сарапшылары.

Олардың пікірінше, индустриялық сертификатқа қатысты талаптарды меморгандар қалыптастырмайды, сертификат берумен айналыспайды және бақылау жүргізбейді.  

Бұл істің жүгі толығымен "Атамекен" палатасына артылған. Ал ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттен қаржыландырмайды. Кәсіпкерлердің өздерінен жиналатын жарнаға тексерушілердің үлкен штатын ұстап тұра алмайды.

Бұдан бөлек, арам пиғылды кәсіпкерлер сертификатты заңсыз жолмен, сатып алудың жолын тапты. Соны пайдаланып, негізінен Қытайдан, Ресейден тасылған өнімдерді "отандық" деп ұсынады. Сол арқылы ел экономикасына нұқсан келтіруде.

Палата оған тосқауыл қою шараларын қабылдайды.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бас маманы Гүлжан Қондыбаеваның айтуынша, ведомство да "сұр" сертификаттармен қал-қадари күреседі, бұзушылықтардың алдын алуға тырысады.

Әйтпесе, заңсыз сертификаттар салдарынан бір жағынан, "отандық тауар" терісін жамылған шетелдік өнімдер тендерлерде жеңіп, қазақстандық бизнеске соққы береді. Екінші жағынан осы арқылы отандық нарық қауіпті өнімге толуы мүмкін.  

"Осы жұмыстың барысында өзгесі сыртында шамамен 20 интернет-ресурс бұғатталды. Өйткені олар тауарларының шығу тегі туралы "СТ-KZ" сертификаты құжаттарын бір күн ішінде беру қызметтерін ұсынды", – деді Г.Қондыбаева.

Индустриялық сертификат 2019 жылдан бастап беріледі. Осы уақытқа дейін ИС мыңдаған өндірушілерге берілді. Әрбір сертификаттың қолданылу мерзімі 36 айды құрайды.

Сондықтан ведомство мамандары ИС беру туралы қағиданы әзірлеп, бекітуге палата сыртында, мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысуы керек деп отыр.

Индустриялық сертификатты беру шарттары да қайта қаралуы мүмкін. Комитет мамандары бір мысал келтірді. Ел Үкіметі 2022 жылғы 2 ақпанда №49 қаулысын қабылдап, ұлттық рәміздерді дайындауды отандық кәсіпкерлер еншісіне берді.

Алайда жеңіл өнеркәсіп саласындағы ұлттық кәсіпорындар, мемлекеттік рәміздерді дайындаушылар өндірістік базаға қойылатын талаптарға байланысты тендерлерге қатыса алмай қалған.

Аталған қаулы енгізілгелі мәселен, Мемлекеттік туды дайындау бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысуға бар-жоғы 2 дайындаушы ғана рұқсат алды. Шынында, елімізде мемлекеттік рәміздердің 64 өндірушісінің лицензиясы бар.

Сертификаттарға қатысты осы және басқа мәселелерді Үкімет "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы аясында реттеуге күш салып көреді. Құжатты Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті пысықтап жатыр. Бұл ретте "Атамекен" палатасының да ұстанымы ескерілуге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу